Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Жезқазғанда тұрамын. 1995 жылы туғанмын. Жасым - жиырма жетіде. Тұрмысқа 2020 жылдың желтоқсанында шықтым. Күйеуім отасқаннан кейін, сегіз айдан соң жүрек талмасынан қайтты. Жолдасымды ұнаттым. Қыз-жігіт болып, үш жарым жыл жүрдік.
Күйеуім - Саламат, Азамат есімді екі ағайынды жігіт болған. Қайнымды келін болып түскелі көрмедім. Себебі, Азамат - Англияда білім тауысып жақында келді. Ағасын шығарып салуға да оқу деп келе алмаған-тын. Сол күйеуім былтырғы жылы маусымда қайтты. Аяғым ауыр болып қалдым. Қайным елге қыркүйек айында келді. Қазір, бөпем бар. Ата-енем қайныма əмеңгерлік жолмен қосыл дегенді айтып жүр. Қайным ылғи бұл тақырыптан қашады.
Мен қайныма ғашық болып қалған сияқтымын. Қайнымды көрсем, белгісіз себептен қобалжып кетемін. Жаныма жақын келсе, біртүрлі тәтті сезім бойымды балқытқандай болады. Телефонмен біреумен тілдессе кіммен сөйлеседі деп алаңдайтын болыппын. Бойымда қызғаныш бар сияқты. Бірақ сонау ел көріп келген адам, қазақтың ата салтына миығынан күліп қарайтын тәрізді. Мені тіпті көзіне де ілмейді. Үйде отырып қалған, балалы әйелді қайтсін? Тек қана, ағасынан өрбіген бауыры үшін ғана, бұл қадамға бармаса. Мені жиі бір сұрақ мазалайды. Ол өз жеңгесін өзіне жар ете ме? Жоқ, өз сүйген қызы бар ма? Сүймей қосылғанымен ертең даладан қызық іздейтіні анық қой. Біреулердің айтуынша Англияда қызы бар екен.
Мен қызыммен екінші рет өз бақытымды таба алам ба? Өз жұртынан қызымды алшақтатып, өгей жұртқа қыз етем бе? Екінші рет тұрмыс құрсам, оған екінші ерім өз қызындай қарай ма? Əйел табиғатымнан қанша уақыт алысамын?