Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Күйеуіммен отасқанымызға үш жылдың жүзі болса да, анасы мені қабыл алған жоқ. Қайраттың менен бұрын отбасы болған. Менің алдымда бір рет бағын сынап, отау құрып көрген екен. Араға бала бітпеген соң, бұрыңғы әйелімен мәмілеге келе алмай, ажырасқан.
Содан екі жыл өткеннен кейін мені кезіктіріп, ұнатып, бірден тұрмысқа шығуға сөз салған. Мен де отызға таяған шығымда өз махаббатымды кезіктірдім деп бақыттан балбұл жайнап жүрдім. Қайрат мені бірден анасымен таныстыруды құп көріп, үйіне апарды. Анасы мені ұната қоймағанын бірден аңғартты. Кеш бойы құдды бір тергеуде отырғандай, түрлі сұрақтарына жауап беруге мәжбүр болдым. Сол күні мені барынша сынағандай болды. Дегенмен барлық сынақ әлі алда екенін мен сезбеген екенмін. Қайраттың анасы той жасамай, тек құжат бойынша некемізді қидыртқанымыз дұрыс деді. «Баламның бірінші некесі емес, сен де үлкен той жасап, көйлек киіп шығатындай жас емессің. Отызға келген жасыңда қыздармен жарысып нең бар, ақ көйлек кимесең де өлмессің», – деп ел қатарлы той жасауға келісімін берген жоқ. «Қайраттың ақшасын шашпа, балама артық сөз айтпа, аузыңды жап», – деп үнемі тиып отырады.
Осы кезге дейін ол кісінің айтқан сөзін екі етпей, дауыс көтермек тұрмақ, қарсы сөйлеуге дәтім бармайтын. Қайраттың анасынан, не болмаса, отызда байсыз қалудан қорыққан жоқпын. Тек Қайраттың көңіліне қараған екенмін. Оның маған деген сезімі адал. Оны барынша іс-әрекетімен дәлелдейді. Десе де, анасының көңілін қалдыруға жүрегі дауаламайды. Қайрат анасының жалғыз ұлы, одан басқа қызы да жоқ. Ол – анасының қамқоршысы, үміті. Ал маған баласының келіп-кетер келіншектерінің бірі деп қарайды. Енді тіпті, «Қайрат бірінші әйелін сүйеді. Ол саған айта алмай жүр. Сені аяйды, бірақ жүрекке әмір жүрмейді. Оны жібер, екеуіне кедергі болма», – деді. Мұны естіп, төбе шашым тік тұрды. Қайрат жұмыстан орала сала анасының айтқандарын жеткіздім. Ол болса, анасының сөзіне мән бермеуімді өтінді. Айтуы бойынша Қайраттың ол әйелмен ажырасуын анасы өзі қалаған екен. Оған қоса анасымен шығыса алмағаннан кейін, әйелі өзі Қайраттан бас тартқан екен. Айта кетсем, екеуіміздің екі жасар ұлымыз бар, екіншісіне аяғым ауыр. Енем немересін жан-тәнімен жақсы көреді. Одан ештеңені аяған емес. Дегенмен неге мені соншалық жек көретінін түсінбеймін. Анасы баласын келінінен қызғанады дегенді естуші едім. Десе де, ұлының әйел ауыстырып, отбасының берекесін кетіргені қай анаға ұнауы мүмкін? Ұлым кейін келін әкелсе, мұндай зұлым ене болмаспын деп өзіме уәде беремін. Ал қазір отбасымның шырқын бұзбау үшін не істеуім керек? Күйеуімді тыңдап, енемнің сөзіне мән бермеу – менің жағдайымда қиын екен. Тіпті, қазір осы хатты жазып отырып көз жасымды тия алмай тұрмын. Өзім эмоцияға оңайлықпен берілмейтін жандардың бірімін, бірақ, екіқабат кезде көп сөзді көтере алмаймын. Енді күйзеліске түсіп, балама қиянат жасап қоямын деп тағы уайымдаймын…