Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Отбасымызда үш қыз едік. Мен үйдің үлкенімін. Артымнан тіз қатар ерген сіңлілерім болғандықтан ата-анама еркелеп үлгермедім. Ес білгелі “сіңлілеріңе үлгі болуың керек”, “сен үлкенсің ғой” дегенді естіп келемін. Ата-анам кішкентай кезімнен сіңлілеріммен ойыншықтарымды, киімімді бөлісуімді сұрайтын. Отбасымызда әр баланың өз заты болмайтын. Барлығы үш қызға ортақ еді. Енді араға отыз жыл салып мен сіңліммен күйеуімді бөліскелі отырмын...
Бекзат екеуіміз магистратураның бірінші курсында танысқан едік. Өзі өте ақылды, тапқыр, қарасаң қарай бергің келетін өте сымбатты жігіт болатын. Талай қыздың арманына айналған ер азаматтың көзі маған түскенде қуанышымда шек болмады. Себебі оны бір көргеннен ұнатқан едім. Оған қоса көп қыздың арманына айналған серінің мені таңдағанына іштей мақтанатынмын.
Араға бір жыл салып, Бекзат екеуіміз отбасын құрдық, ұлды болдық. Әр шаңырақтағыдай біздің де үйімізде ыдыс-аяқ сылдырлады. Десе де ашуға ерік бермей, бір-бірімізге түсіністікпен қарап, үш жыл бойы бақытты күн кешкен едік. Алайда бұлай ойлаған тек мен болып шықтым…
Жуырда сүйікті жарымның туған сіңлімде көңілі бар екенін білдім. Сіңлім де одан кет әрі емес сияқты. Екеуі бірнеше рет сыртта кездескен екен. Тіпті, үйімізге келгенде де екеуінің әзілдесіп, құшақтасқанын көріп секем алмағанмын ғой. Керісінше, Бекзат туыстарымды туғанындай көреді деп мәз болып жүре беріппін.
Бір күні Бекзат үйге көңілсіз келді. Одан не жағдай болғанын сұрап едім, бар шындықты жайып салды. Белгілі болғандай, оның туған сіңлімде көңілі бар екен. Оған қоса оны екінші жар етіп алғысы келетін сыңайлы. Мұны естіп, төбемнен жай түскендей болды. Не өңім не түсім екенін түсіне алмай, біраз есеңгіреп тұрып қалдым. Айтуынша, ол сіңлімді бұрыннан бері ұнатып жүріпті. Мен жүкті болған кезде екеуі сырлас болып алған екен. Уақыт өте сіңлім де оған ғашық болып қалыпты. Тек одан менімен ажыраспауын өтінген екен. Сол себепті Бекзат мені де баламызды да тастамайтынын айтты. Десе де мұндай шындықтан кейін мен онымен бірге бір минут та бола алмадым. Киімдерім мен ұлымды алып, ата-анама кеттім. Сол оқиғадан кейін сіңлімнің бет жүзін де көргім келмеді, отбасым да одан теріс айналды. Естуімше, екеуі біздің жалдамалы пәтерімізде тұрып келеді екен. Некелерін де қиып алыпты. Қанша қиналсам да енді ештеңе бұрынғыай бола қоймас. Өткенімді өшіріп, баламмен бірге болашағымды құруды мақсат еттім...