Жаман қатын - жаныңды тоздырады, жақсы қатын - атыңды оздырады

Oinet.kz 09-09-2022 2019

...Бір көкбет әйел бар еді, ауылда. Жылда: «Мен кетем.Жай кетпей, үйіңді өртеп кетем! Көзіңе көк шыбын үймелетем! Неге сен, мен кеткенде дайын үйде шалжайып жату керек екенсің?! Ойнапсың менімен!»,- деп долданатын... 

Screenshot_2.jpg

Тыныштығын қашырған қатынның бітпейтін дауы ақыры сындырып түседі ерін. Жан сауғалап жүріп, араққа қалай әуес болғанын байқап та үлгермейді. Бірте-бірте біржола салынып тынды. Топан су тобығынан келмей, сылқия тойып алып, тас керең күйде теріс қарап, бүк түсіп жататынды шығарады. 

«Жуас жүндегенге жақсы» деген, жүні жығылып, түгі қауғадай, маскүнем болған күйеуін үйге кіргізбей, далада қондыратын әдет тапты, қатыны. 

Татулық, берекесі жоқ үйді, ит те менсінбейді. Ақыры, ауылдың жұмыссыз еркектері келгіштеп жүріп, қора-қопсыны мекен тұтқан сорлыны иектеп алады. Тіпті жақсы!  Ырымдыққа да тұяқ жоқ, қаңсып тұрған жылы  қора, күндегі отырысқа ыңғайлы... 

Күзде, қораны өртеп тынды ішкіштер. Түнгі өрт, алапат жалыны жалаңдап, құрғақ ағаштар мен шөптерді қызыл тілімен орай жұтып, іргелес үйдің шатырына ауыз салады. Ел-жұрт жиналып, қанша траштанса да отты ауыздықтай алмай, үйдегілерді шығарып үлгеруден аса алмайды. Қожайынды күйік шалып, бір жақ аяқ-қолы тырысып, кемтар болып қалды. 

Ауруханада үш ай жатқан сорлы әкені, сылдыр сорпа тасып, шырылдаған бойжетіп қалған қызынан өңге тірі пенде іздемеді. 

Сап-сау еркек-кембағал болды. Үй де жоқ, күй де жоқ, далада қаңғып қалған отбасының күні анық қараң болды. 

«Жаман қатын - жаныңды тоздырады, жақсы қатын - атыңды оздырады»,- деуші еді, атам. Баяғыда отбасына ие болып, жарын құрметтеп, сүйеу болса осы күйге түспес еді. Қаңғыған ішкіштерді ауласынан аттатпай, шекарасын мықтап ұстаса, дүние де өртенбес еді, күйеуі де міскінге айналмас еді. 

... «Тілінен тапты...» — деп табалаған ел, қасиетсіз қатынды жақтамағанымен, жанып жатқан үйіне ұмтылып, қып-қызыл отқа жүгіріп, зар илеген балаларының қасыретін ұзақ жыл айтып тауыса алмай жүрді.  «Екі ортада, кінәсіз періште-балалар азап көрді-ау!»,- деп кемсеңдейтін ақ жаулықты аналар, көмбеген нан жапқан сайын  отын абайлап тұтатып жатып... 

Самал Зікірияқызы Шаймерденова

Күйеуім толықтығымды бетіме басады
Досым досыма опасыздық жасап жүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу