Анам күйеуімді жек көреді

Oinet.kz 24-08-2022 3344

Менің анам – қатал, өктем адам. Ол кісінің қаталдығы көбіне отбасында қатты сезіледі. Жұмысында әріптестері сыйлайтынын білемін. Бірақ менің анаммен тіл табысуым қиындап барады…

Screenshot_9.jpg

Ол кісі күйеуімді жек көреді. Күйеуіммен кездесіп жүргенде анам оны ұнататын сияқты еді. Аслан үйге келіп-кетіп жүрді. Бірнеше айдан кейін үйлендік. Асланның ата-анасы тойда біртүрлі жүргендей. Енем біршама күйгелектеніп жүрді. Қайын атама ұрсып тастады. Не болғанын білмеймін, әйтеуір, тойдан кейін менің анам шатақ шығарып, міне, сол шатақ бір жарым жылға созылып келеді.

Анам “Асланның ата-анасы сені жаратпайды, той туралы менімен ақылдаспады, адам құрлы көрмеді, күйеуім (әкем бірнеше жыл бұрын қайтыс болған) болмағасын басынды”, – деп есептейді. Аслан да өз әке-шешесінің сол күнгі қылықтарына көңілі толмағанымен, кейіннен бәрі өз орнына келді.

Ал менің анам сол күні, одан кейін де Асланға оның анасы туралы жаман-жаман сөздер айтып тастады. Бірақ ол үндемей, тыңдап отыра берді. Содан бері екі күнде бір “не қылған отбасы олар, қызымды қандай жерге бердім” деп, телефонмен маған хабарласып жылап алады.

Біз Аслан екеуіміз бөлек тұрамыз. Анам Асланның ата-анасының үйіне баруға тыйым салған, баратын болсаң – сенің мені сатып кеткенің дейді. Анамды жалғызсыратқан емеспіз ешқашан, апта сайын күйеуім екеуміз демалыс күндері келіп, үйін жинап, өтініштерін орындап жүрдік.

Бірақ, не жасаса да, күйеуім ол кісіге бір жақпай-ақ қойды. Бірдеңені сәл дұрыс жасамаса, ол адам жаман деп шығады.

Жаңа жылда енем шақырды. Аслан екеуіміз менің анамды ертіп келуге барғанбыз. Бірақ мамам ескінің бәрін қайта қопарып, небір сөздер айтып, Асланға әке-шешесін жамандап шықты. Ол жолы да үндемей құтылған Аслан содан кейін, анамның үйіне бармайтын болды. Мейрамдарда ғана хабарласып құттықтайды. Енді маған хабарласып, “мен күйеу балам деп сыйладым, сыйлықтар жасадым, ал ол жек көреді мені, үлкен отбасы боламыз ба десем, енді міне, жалғыз қалдым, сен бәрін құрттың”, деп ұрысты.

Мен қатты шаршадым

Менің анам күйеуіммен ажырасқанымды қалайды. Себебі, мен дұрыс таңдау жасамадым деп есептейді.

Бүгінде мен анама өз отбасым жайлы, күйеуімнің тірліктері жайында ештеңе айтпайтын болдым. Себебі менің кез-келген әңгімемді кейін бетіме басады. Күн ара телефон шалып, күйеуіңді тыңдама, отбасын өзің басқар, төбеңе шығарма оны, деуден жалықпайды.

Не істесем болады? Әбден шатасып кеттім. Екі оттың ортасында күйіп барамын. Анамды да аяймын, Асланды да жақсы көремін. Ол – жақсы жар. Бірақ оның жақсылығын анам көрмейді, байқамайды.

Аяжан Төрехан

Жұмысқа кеткен күйеуім басқа әйелге үйленіпті
Ақша-ақша деп қайдағы бір сасық қытайдың ашынасы болдым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу