Әжең доқтырға барып келеді...

Oinet.kz 02-08-2022 12130

…Əкем қайтыс болған соң анамның да денсаулығы сыр бере бастады.

Screenshot_21.jpg

– Бұл үйде не шешең тұрсын, не мен тұрайын! Шаршатты əбден! Өткіз анау қарттар үйіне! Сол шешең үшін мына үйде күнде ұрыс. Берекеміз кетті. Шалының артынан неге кетпеді екен… Өткізбесең бала шағаны жинаймын да кетемін. Қалыңдар шешең екеуің!!!

Арада бір ай өтті. Əйелімнің қабағы ашылмады. Балаларды əдейі жылатады. Анама əдейі суыған шəй, дəмсіз тамақ береді.

Жұмыста болатынмын. Үлкен ұлым телефон соқты. “Тез жетіңізші, өртеніп жатырмыз” деп. Алып ұшып үйге жеттім. Анам өзі тамақ істеймін деп ас бөлмеде өрт шығып кетіпті. Жер үй болған соң сыртқа шығып үлгеріпті. Əйелім де менің артымша келді.

– Болды жетер! Құрт шешеңді! Бір күні мына түрімен үйді өртейді. Жап жаңа мебелімді құртыпты!

Бір жағынан əйелімдікі де дұрыс шығар. Біз үйде жоқ кезде жалғыз қалады. Ертең үйді өртеп жіберсе ше. Оданда қарттар үйінде жағдайы дұрыс болады.

Мен осы шешімге тоқтадым. Араға бірер күн салып анаммен сөйлестім.

– Бір-екі айға сізге санаториге путевка алып келдім. Демалып, кішкене денсаулығыңызды түзеп қайтасыз…

– Маған осында да жақсы ғой балам. Ол жерде жағдайым бола қояр ма екен. Сендер жұмыстасыңдар, мына үйге де бас-көз болатын адам керек. Бəрін қойшы, ол жаққа кетсем кішкентай Баконтайымды сағынамын ғой…

Баконтай деп отырғаны ең кішкентай немересі. Əжесімен бірге ұйықтайды, онсыз тамақ ішпейді. Екеуі бір біріне сондай бауыр басып қалған.

Ары айтып, бері айтып ол кісіні ақыры көндірдім. Анамның екі сөмке заттарын машинаға салып жатқанда Баконтай əжесінің кетіп бара жатқанын көріп қолынан тартып “кетпеші, кетпеші” деп жылағаны əлі көз алдымда. Анам да оны қимай бет орамалымен көз жасын сүртумен болды. “Əжең доқтырға барып келсін қазыр. Сосын саған көөөп ертегі айтып беремін. Құлыным сол, күтіііп жүр, мен келемін….”

Бала жүрек əжесінің енді қайтып келмейтінін сезгендей… Машинаның артынан біраз жерге дейін жылап жүгірді. Иə, періште жүрек бəрін де сезді, бəрін…

Анамды атың өшкір қарттар үйіне əкелгенде ғана қайда келгенімізді айттым.

– Баконтайым сонша жібергісі келмеген еді… Жақын адамының келмеске кетіп бара жатқанын сезіпті ғой. Білемін балам, мен үшін келінмен көп ұрсатын болып кеттіңдер. Солай шешсеңдер көнемін… Қалдырып кет мені… Бірақ бір ғана өтінішім бар… Баконтайды əкеліп тұрыңдар. Көзімнің тірісінде маңдайынан иіскеп жүрейін. Ертең өлген соң….

Мен есіктен шығып жүре бердім. Көлігіме жеткенше жүрегім қатты қысылды.

Үйге келдім. Баконтай алдымнан жүгіріп шықты. Көзінен “Əжемді қайда апарып тастадың?” деген сұрақты байқадым. Əйеліме анамды қарттар үйіне өткізгенім ұнады. Жаны жəй тауып көңілді жүр. Соңғы бір айда жемеген тағамдардың түр түрін істеп тастады. Бірақ тəбетім жоқ. Күрсіне берем, күрсіне берем… Анамның орны қатты біліне бастады. Баконтай əжесін күнде сұрайды. Бір күні оны əжесіне алып бардым. Бізді көре сала Баконтайды құшақтай алды.

– Құлыным, жарығым сол. Тəтті балапаным. Үлкен жігіт боп кетіпті өзі. Қарашы əжең саған көөөп кəмпит жинап қойды. Мə, ала ғой ботам.

Анам жастығының астынан бір уыс кəмпиттерді алып Баконтайға берді. Жылап тұр, немересін көргеніне қуанғанынан…

Кетерде Баконтай əжесінің қасында қаламын деп жылады. Əжесі жатқан кереуеттен жібермей ұстап жылап тұр.

– Баконтай, құлыным, сен үйге қайта бер жарай ма? Мен ертең барамын… Ақылдым менің, үлкен жігіттер жыламайды. Қане папаңмен бара ғой…

Үйге келген соң бұлай болмауы керек деп ойладым. Анамды қарттар үйіне керексіз адамдай апарып тастадым. Не үшін? Əйелімнің сөзіне ердім, кетем дегенінен қорықтым. Мен қорқақпын! Жоқ, қандай жағдай болса да анамды қайта əкелуім керек! Осындай ойлармен үш айдан аса уақыт жүрдім. Анамды көруге де бара алмадым. Өзім басқаратын фирма банкротқа түсті, оның арасында жалға алып істеп отырған дүкенімді тонап кетті. Тек сəтсіздік, тек шығын. Баконтай есік алдындағы талдан құлап аяғын сындырды. Осының бəрі аз ғана уақыттың ішінде бірінен кейін бірі болып кетті.

Бір күні жұмыста қағаздармен басым қатып отырғанмын. Телефоныма белгісіз нөмірден қоңырау келді. Көтердім….

Өмірімдегі ең суыт қоңырау осы еді. Қарттар үйінен хабарласты. Анашым өмірден өтіпті… Бала күнімде мектепке қалай мұнтаздай етіп киіндіріп жібергені, мүғалімдерім балаңыздың сабақ үлгерімі өте жақсы деп мақтағанда “менің ақылдым ғой” деп маңдайымнан сипағаны, бір күні өзі көйлек аламын деп базарға кетіп, маған көп киімдер əкеліп əкеме: “мыналарды көріп баламызға алғым келіп кетті. Көйлекті басқа бір жолы алармын” дегені, мен оқуға түскенде мені құшақтап, қатты қуанғаны, үйлену тойымда қуаныштан толқып жылағаны, бəрі бəрі көз алдымнан лента болып өтіп жатты… Үйге келіп əскерде жүргенде амандығымды тілеп жазған ескі хаттарын, Анашымның қолтаңбасы қалған сағынышқа толы сарғайған хаттарды құшақтап өкіріп жыладым….

Өкініш тірідей өртеді. Енді кеш, мен тым кеш қалдым. Тіпті жүрегінің соңғы соғысын да есітіп үлгермедім.

Бақұл бол, анашым!

Әйелі бар екенін біле тұра, оған деген сезімім өртеп барады
Бір кездері үйден қуып шыққан енем, енді босағамды жағалап жүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу