Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Нәзира Кегеннің, Салтанат Қызылорда жақтың қызы болатын. Екеуінің де жасы жиырмаға толмаған кезі. Алматыға Нәзира технологиялық техникумға, Салтанат ЖенПиге түсуге келген. Бірақ, екеуінің де оқудан жолы болмай, ауылға барғылары келмей, қалған еді үлкен қалада.
Розыбакиев көшесіндегі бір кафеде даяшы болып жұмыс істеді. Бір-бірімен де сол жерде танысқан. Осылай достасып, бірге пәтер жалдап тұрды.
Әкетіп бара жатқан сұлулығы жоқ Салтанат өзіне тұштық жігітпен қол ұстасқысы келетін. Бірақ, әзірге сөз салған жігіт болмады. Ал Нәзира керісінше, қасы-көзі қиылған, пісте мұрын, сүп-сүйкімді қыз болатын. Ол Шымкенттің Айдын есімді жігітімен кездесіп жүрді. Бір–біріне тартқан асау сезім, көзсіз құштарлық Нәзира мен Айдынды тар төсекте қауыштырды: Салтанат қала шетіндегі туысына кеткенде Айдын Нәзираға қонаққа келген еді. Екеуі үйде шәй ішіп, біраз құшақтасып, теледидар көрген болды. Айдын “шабуылға” көше бастады. Жас қыздың мойнынан, ернінен, иығынан сүйіп, төсін уқалап, аш белінен аймалап, әбден есеңгіретті. Бар жалынымен, бар күшімен келіп қыздың үстіне бірақ шықты. Етегін ешкім ашпаған қыздың бойын діріл билеп, бір жағынан тәтті сезім еліктіріп әкетті.
– Ах! Айдын! Не істедің?
Нәзираның дауысы зілсіз шықты. Ол Айдынның өзін сүйетініне кәміл сенді.
Сол түннен соң оңтүстіктің жылпос жігітін Нәзира көрген емес. Салтанат екеуі жұмыс істейтін кафеге тамаққа келетін жігіттермен, “стоянщик” жігіттермен танысып, арагідік түнгі клуб, кафелерді босатпайтын болды. Ондай күндері ішімдікті де сіміріп, темекіні де бұрқыратып, беттері бал-бұл жанғанша, шаштары жалбырап, селкілдеп билеуден шаршамайтын. Құрбысы Салтанат та одан қалыспай, екеуі бірге қыдыратын. Кездескен әр жігітке, сөз айтқан әр жігітке сенетін, умаждап, төсекке жатқызу үшін махаббат туралы жырлаған әр жігітті Нәзира болашақ күйеуім болар деп ойлап, үміттенетін. Үш төрт айдың ішінде пәтерлеріне қанша жігіт келіп, қанша жігіт кеткені белгісіз.
Сөйтіп жүріп Нәзира жүкті екенін білді, жүктілігінің мерзімі төрт ай екен. Ең сорақысы — баланың кімнен екенін білмей дал болды.Жүрегі айнымаған, етеккірінің жоқтығына көңіл аудармапты ғой. Ауылға бұл бетімен барса да, кейін баласымен барса да масқара.
Тығырыққа тіреліп, одан шығардың амалын таба алмай аласұрған жас қыз көзді жұмып, тәуекел етті.
Салтанат екеуі Талғардағы облыстық емханаға барып, жасанды түсік тастатты. Дәрігер оған енді ешқашан бала көтере алмайтынын айтты. Себебі, жүктілігінің мерзімі үлкен, бұл мезімде түсік жасату қауіпті.
Осындай “махаббаттың”, оңды-солды жүрістің арты неге апарып соғатынын Нәзира енді білді. Ауылдан ата-анасынан жырақтаған соң, өзгенің сөзіне ергіш, өзін калай ұстауды білмей, еркіндікті асыра пайдаланды.
Енді міне, үйге қайтуға бет жоқ! Ар-ұятты жиып қойып, талай жігітке қолжаулық болған қыздың болашағы бұлыңғыр.
Аяжан Төрехан
el24