Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Жасырып қайтеміз, күнделікті өмірде еркектердің бәрі болмаса да, үштен екісі әйелдерінің көзіне шөп салады. Тіпті болмағанда сыртқа көз сүзіп, әйелінің көзіне шөп салу жайлы ойлайды. Өзім еркек болғаннан кейін, айналамдағы еркек кіндіктілердің не істеп, не қойып жүргеніне көзім жеткен соң айтып отырғаным бұл.
Менің де үйленгеніме он шақты жыл болды. Алла берген екі баламыз бар. Отбасылық өміріміз әйтеуір өз ырғағымен өрбіп жатыр. Үйді кеңейттік, көлікті жаңарттық, қызмет ауыстырып жатырмыз дегендей. Шын мәнінде мұның барлығы уақыт ырғағымен бола беретін нәрсе. Жұбайлық өмірде жұбайлардың арасында сыйластықпен қоса, екеуара құпиясы, жыныстық қатынас түсіністігі де болмаса отбасылық өмірдің қызығы қалмайды екен. Осыған көзім жетті. Біліп отырмын осы хатым ертеңгі күні шығып жатса «ойбай еріккен еркек», «өзін өзі ақтап отыр», «қазақтың жігіттері сол байыса қатын алады» деп шыға келесіздер. Алайда ақиқаттың бетіне тура қарап үйренейікші. Қазақтың әйелдерінің көбісі өз өзіне деген сыйластығы жоқ. Басына ормал салған күннен бастап, тіршіліктің қамытын қоса киіп алғандай өмір кешеді. Қыз күніндегі қылығын, сұлулығын, өзін өзі күтуін таппай қаласың. Мен әйелімді жамандап отырғаным жоқ. Бұл қазір барша әйелге ортақ нәрсе. Менің де жұбайым келін болып түскен соң бір жыл өтер өтпесте толып алды.
Жұқалап, кішкене өз формасын сақтауын ескерттім. «Бала туу оңай дейсің бе, маған баламның денсаулығы керек, сен-ақ еріге берші, менің уақытым жоқ» деген сөз есіттім. Бала онсыз да өсіп жатқан бала ғой. Арасында апама тастап, жаттығу залдарына барып келуге, шашын сәндеп қысқартуына болады ғой ең болмаса. Бір күні «ормалдың астына жасыра бермей ең болмаса шашыңа қарасаңшы» дедім. Аяғы ауыр кезде шашын қимай, бір жылдан астам уақыт ішінде шынымен шашы өсіп кеткен болатын. Шындықты мойындаудың орнына тағы бетіме шаптықты. Кейде ешқандай себепсіз гүл әкеліп сыйлайтынмын. «Ақшаны құртпа босқа» деген сөз есіттім. Сосын гүл сыйлаудан да тыйылдым. Мен емес керсінше оның жаны нәзік болып, сондай іздеуі керек еді ғой. Жоқ, қаламайды.
Содан кейін-ақ қолымды бір сілтедім. Көп ұзамай өмірімде көңілдес те пайда болды. Әйелім солай жүргенін сылтауратып тауып алдым деп өзімді ақтағалы отырғаным жоқ, ол онсыз да пайда болар ма еді. Тек әйелім мен екеуіміздің арамыз оның қылықтарынан кейін суып кеткені жаныма батты. Адам бір затқа сүйсініп қарау үшін де, кішкене көз тартарлық нәрсе болуы керек қой. Бірге тұрып жатқан адамыңмен кешке ыстық шәйді бірге ішіп, кешке төсекте асыға көрісетіндей болғанының несі жаман?! Үйленбей тұрғанда осындай нәрселерді талай рет ойлап қиялдайтынмын. Қазір сол сәтті еске алып күлемін де қоямын. Қазір еркектік міндетімді әзер орындаймын. Сырттан іздегенімді тапқан соң кейде айлап жақындамай қоямын. Он жылда мынандаймыз, енді 20-30 жыл қалай өмір сүреміз деп ойлап қиналамын. Мен балаларымды тастап кетпеймін, ұрпағымды қаңғыртып қоятын еркек емеспін. Тек жұбайлық өмірдің қадірін әйелімнің кетіргеніне ішім удай ашиды. Қымбатты ханымдар ерім неге көзіме шөп салып жүр деп ойламастан бұрын, өз өздеріңізге бір сәт қарап қойыңыздаршы. Аты-жөнімді өзгертіп жіберіп отырмын. Бұл ойыммен талай ер-азамат келісер деген ойдамын.
Айдос ӘБІҚАН, Алматы облысы