Қырындағыш шалдардан шаршадым

Oinet.kz 07-06-2022 2723

Менің жасым 33-те. Әлі тұрмысқа шыққан жоқпын. Былайынша айтқанда кәрі қызбын. Қит етсе қоғамымызда мынша кәрі қыз бар деп статистикасын жасап, әлдекімдер осыдан мәселе тудырып жүр ғой. Ешкім де қоғамның «көзіне шыққан сүйелдей болып» өздігінен кәрі қыз атанғысы келмейді ғой.

412a2be16ecd7fb2f8ded5e1f36743c0.jpg

Мен де кәрі қыз атанып, тұрмысқа шықпай қаламын-ау деп ойламаппын. Бірақ қалай жастық шағымның зыр ете қалғанын байқамай қалдым. Жұрт секілді асып бара жатқан карьера да жасадым деп ойламаймын. Телеарналардың бірінде журналистпін. Ел қатарлы жалақым бар. Соншалықты карьера жасауға ұмтылған кезім де болған емес. Әйтеуір бұйыртқан қызметті істеп, бұйырған жалақыны алып, үй мен жұмыстың ортасында уақыт өтіп жатыр.

Әлі де үмітім бар, тұрмысқа шығудан. Шынымды айтсам тұрмысқа шығу жайлы шындап 25-ке толған соң, айналамдағы құрбыларымның дені тұрмысқа шығып кеткен соң ойлана бастадым. Қазір құрбыларымның кейбіреуі үшінші баласын босанып алып, енді бірі төртінші баласына аяғы ауыр. Жұмысты да үлгеріп, баланы да өмірге әкеліп, қайын жұрттың да көңілін тауып, бәріне үлгеріп жүрген құбыларымды көргенде қызығып кетемін. Тұрмысқа шыққым келеді. Құрбыларым «ел қызығатындай түрің бар, сымбатың да келісті өзің тормазить ететін шығарсың» дейді. Бірақ соңғы 7-8 жылда шынымен тұрмысқа шыға қой деп ұсыныс жасаған да ешкім жоқ. Дәл қазір қай жерде танысуға болатынын да ұқпаймын. Соңғы кездері жақын құрбыларымның үйіне қонаққа да барудан тартыншақтайтын болдым. Өйткені отырыстарда кейбір келіншектердің күйеулерін қызғанып бастайтындары жанымды жейді.

Өткенде әріптесімнің жаңадан алған үйіне қоныс тойын тойлауға бардық. Әріптесімнің курстастары, группаластары, кластастары бар дегендей адам қарасы мол жиналыпты. Артық қимыл, не әрекет те көрсеткенім жоқ. Жаңа ортаны жатырқап, елеусіздеу отырғам. Сөз берер алдында асаба болып отырған жігіттің бойдақтығымды меңзеп, сөз бергені сол келіншектер жағы сынай қарағанын байқадым. Артынша биге шақырған жігіттің келіншегі күйеуін өзінің қасына шақырып алды. Өзімді қатты ыңғайсыз сезініп, шыға сала жыладым. Үйге келгенше өксігімді баса алмай жылап келдім. Ешкімнің күйеуін тартып алатын ойым жоқ. Бірақ қасында күйеуі жоқ қыздарға бәрі сынай қарайтындай көрінді. Содан бері екінші жақын құбырларыңның ортасы болмаса ондай кештерге барудың да қажеті жоқ екенін түсіндім.

Тұрмысқа шыққым-ақ келеді. Бірақ 25-тен асқан соң теңіңді табу да қиындай береді екен. Жұрт қызығатындай түрім де бар екенін білемін. Бірақ өзімнен 1-5 жас үлкендер әлдеқашан теңін тауып, шаңырақ құрып алған. Өзіне көңілдес қылғысы келіп, 50-ден асқандар мазалайды. Ал маған ондай өмір қажет емес. Шынымды айтсам соңғы кездері жасы 50-ден асқандар ғана мазалап жүр. Кейде солардан шаршап, намыстанып та кетемін. Бір үйдің түтінін түтетіп, күйеуімді жұмысқа шығарып салып, қарсы алып, өмірге бала әкеліп отыратын қарапайым ғана өмірді аңсаймын. Соңғы кездері өзімнен 3-6 жас кішкентайлар да мазалайтын болып жүр. Бірақ бір байқағаным олар әзір шаңырақ құруға асықпайды екен. Ұнатқандарын айтып келеді, кездесіп біраз жүресің. Ұнатып бауыр да баса бастайсың. Бірақ тұрмыс құруға ұсыныс жасамайды. Олардың бос уақыттары болғанымен менің жүре беретін уақытым жоқ. Біраз жүріп тұрмыс құруға ұсыныс жасайтын түрі жоқ болған соң, кездесуден де қашқақтай бастаймын. Бір жағынан бүгінгі күні жігіттер шаңырақ құруға да асықпайтын секілді.

Жақында құрбыларым жабылып жүріп намазхан жігітпен таныстырды. Өзімнен бір жас үлкен екенін естіп қуанып-ақ қалдым. Бір-екі рет кездестік. Жаман әдеттерге әуестігі жоқ екенін естіп тіпті қуандым. Үй-жайы жоқ екен, «ее жарайды, ақша болса үй салу түк те емес, бірігіп жұмыс істеп салып аламыз» дедім. Келесі кездесуде «той жасаға жағдайы жоқ екенін, айналып келгенде оның бәрі ысырап екенін» жеткізді. Қанша жерде тойымда ақ көйлек киюді армандап жүрсем де тойдың болмайды дегеніне де келістім. Ойша өз туған туыс, достарымды қыз ұзатуға шақырам сонымен үйлену тойының болмағанын ешкім білмей де қалады деп жоспарлап қойдым. Келесі кездескенде намазхан жігітім: «әзір үйленуге дайын емес екенін жеткізді». Тұрып жүре бердім. Мен шаңырақ құрып, отбасы болу үшін барлық нәрсеге көз жұма қарап отырғанымда оның болмайтын нәрсені сылтауратқаны жаныма батты. 34-ке келіп тұрып, ұнатып тұрып үйленуге дайын болмаса қашан дайын болады сонда? Әрқашан тағдырымның өмірлік жар ретінде беріп тұрғандай болып, алдаусыратып алып қоя беретініне налыдым. Әрқашан үміттенуден шаршадым. Әр жігіт кездесіп жүріп, соңы осылай жауапсыз қалған соң күйреп түсем. Бірақ уақытқа дейін есімді жия алмай жүрем. Жасырып қайтем, «жолыңды ашып берем, 10 күнде бақытыңды жолықтырасың, бір айда тұрмысқа шығасың» деген балшы-көріпкелдерді де жағалап көрдім. Бәрі өтірік екен. Журналдардағы танысу бұрыштарына хат та жаздым. Біреу іздеп жауап хат жазды. Сөйтсем жігіттің өзі емес, араққа салынған інісіне әйел іздеп, хат жазып отырған әпкесі екен. «Бірігіп, арағын қойдырайық, бала туып берсең есі кірер» дейді. Бас тарттым. Арағын қойса жақсы, қоймаса осы күніме зар болып қалармын деп ойладым.

Шынымды айтсам «тұрмысқа шығуым керек» деген ойдан шаршап та кеттім. Жұмысқа да құлқым жоқ. Әр құрбым келесі баласын көтергенін естігенде «өзім не бітірдім» деп жылап аламын. Қанша жерден түрің болса да, сымбатты болсаң да Алла бармақтай бақ бермеген соң қиын екен. Кәрі қыз атанғым келмейді. Бірақ қалай атанғанымды сезбей қалдым. Қыздар естерің болса, 25-ке келмей жатып, тұрмысқа шығудың қамын жасаңдар, 25-тен соң қанша тырыссаң да ол мүмкіндік болмайды екен.

Индира, Астана қаласы

alashainasy.kz

Күйеуден қайтқан қыз тағдыры
Жезөкшеге барды, оны кешірдім
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу