Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Әр адамның жанын жегідей жеген уайымы, өкініші болады екен. Қарап отырсам уайымсыз пенде де аз екен. Менің ең үлкен өкінішім әкем мен шешемнің ажырасып кетуі болды. Менің сол кездегі тілегіммен ешкім санаспады да. Одан кейін екеуі бір біріне ерегісіп өмір сүре бастағандай болды маған. Әкем үйленіп алды. Артынша анам да өзіне серік тапты. Одан бері де төрт жылдай уақыт өтті.
Әкем мүлдем хабарласпайды. Анам тұрмысқа шығып алған соң, төрт құбыласы түгел деп санайтын болуы керек, материалдық тұрғыдан көмектеспейді де. Ал үйде қазір бар ақшаны өгей әкем ұстайды. Анам да тапқан таянғанын соған ұстатады. Өгей әкем маған келгенде ештеңеге шығын шығарғысы келмей тұрады. Жұрттың қыздары «қазір өтпелі кезеңдеміз» деп нешетүрлі мінезін көрсетіп жатады. Мен мінез көрсетіп, өзімнің қалауымды да жасай алмаймын.
Екі жыл бұрын сіңілім туылған. Періште ғой, кішкентай әлі. Бірақ әкем маған бірдеңе керек бола қалса, бөлектеп, қабағын шытып, анам керек жарағыма ақша тастап кет десе де, өтірік ұмытып кеткен болып, тастамай кетеді. Анамды уайымдатпайын деп үндей алмаймын. Сөйтіп мектептегі түрлі жинауларға да ақша тауып бере алмай, «әкел» деген күні әкеле алмай жүремін.
Ал үйдегі сіңілімнен өгей әкем ештеңені аямайды. Күнде бір жаңа нәрсе әкеліп беріп отырады. Былтыр 9-сыныпты бітіріп дизайн колледжіне оқуға түскім келген, анам да қолдады. Бірақ өгей әкем «қажет емес ақшаны құртып» деп бастырмады. Енді биыл мектепте 10-сыныпты оқып жүрмін.
Тіпті кеше жаңа оқу жылында жаңадан мектеп формасын, сөмкесін алайын десем де өгей әкем алғызбады. Ескі юбкама, тек жаңадан кофта алып, ескі сөмкеммен мектепке келдім. Қатарластарымнан қатты ұялдым. Анам бәрін көріп біле-тұра үндемейді. Арама да түспейді, не тығып алып бермейді. Қайрансыздығын көзімен ұқтырады.
Өз әкем хабарласпайды да. Оңашада тығылып жылап аламын. Жалпы киім ғана емес кез келген нәрседе өгей әкем өгейлігін көрсетіп тұрады. Оңашада бір қабағы ашылмайды, жақтырмағанын көзімен ұқтырып, ала көзімен қарайды да отырады.
Не істерімді білмеймін. Тезірек мектеп бітіріп кеткім келеді осы үйден.
Өмірдегі ең бақытсыз адам мен шығармын деп ойлаймын.
Шара, Алматы қаласы