«Қыздарым мені жек көреді»: байғұс қария қателігін айтты

Oinet.kz 01-05-2022 4791

Арслан есімді қария әкелерге ой салатын оқиғасын ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді: 

Screenshot_4.jpg

«Бәрі кеш, айтқан сөздерімді қайтара алмаймын. Менің сөздерімнен қыздарымның өздерін өзгеден кем санап өскендеріне де менің кешірім сұрағаным көмектеспейді енді. Бірақ мен басқа әкелердің қателік жасауына тосқауыл бола аламын. Қателігім басқаларға сабақ болса екен. 

Алты қызым бар. Ұл жоқ. Бір кем дүние ғой, біреуде қыз жоқ, біреуде ұл жоқ. Ал біреуде мүлде перзент жоқ. Баласыз адамдардың қасында мен әлдеқайда бақытты екенмін. Алайда бұны да кеш түсіндім. Өмірімді ұрыс-керіспен, мұңаюмен, өзімді өзгемен салыстырумен өткізіп алғаныма өкінем. 

Өмір бойы ұл баланы аңсадым. Құдайдың бермегенін тартып ала алмайтынымды білсем де, қапаландым. Әйелімнің жанын жараладым, шаңырағымның шырқын бұздым. Әйелімді кінәлап, қыздарымды да ұл боп тумағаны үшін тұқырта беретінмін. Одан не ұттым десеңізші. Ештеңе! 

Сыныптастарымның менің көзімше әдейі айтқан «Еркектен еркек туады» деген сөзіне ашуым келетін. Ашуымды әйелімнен, қыздарымнан алам. Қыздарым еркелеп қасыма кеп отырса, «Көзіме көрінбеші», «Әкетші қызыңды» деп айқайлайтынмын. Иә, «қызың» дейтінмін, ешқашан «қызым» демеппін. Қазір олар да мені «әкем» демейді. 

Ал ішімде қызуым болса «Бір ұл туып бере алмадың, тоқал алам» деп әйелімнің жүйкесін жұқартатынмын. Қыздарым «Тоқал» дегенді естігенді анасын тастап кететіндей еңіреп жылайтын еді. 

Несін айтайын, мен қыздарыма мейірімімді төге алмадым. Оларға тым қатал болдым. Ата-анасынан толық мейір-махаббат алып өспеген бала жалтақ, ынжық болады деуші еді. Рас екен, қыздарым өзіне сенімсіз, томаға-тұйық боп өсті. Жұртпен араласып кете алмайды. Өздерін қатарластарынан кем санап тұратынын көп байқаймын. Бұның бәрі де бала кезден адамның өзін төмен санап өскенімен байланысты екен. Әйтеуір «кәрі қыз» боп қалып кетпей, теңдерін тапқанына қуанам. 

Әйелімнің қайтпас сапарға аттанғанына екі жыл уақыт болды. Екі жылдың ішінде жалғыздықтан жынды боп кете жаздадым. Ал қыздарым анасының жылдық асынан соң ат іздерін салмады. Қоңырау да соқпайды. 

Екінші ініме қарап қызығам. Қашан көрсем де ол қыдырып жүреді. «Үлкен қызым шипажайға жолдама алып берді», Екінші қызым жайнамаз бен Құран кітап сыйлады, енді намаз оқып үйренуім керек», «Қыздарымның үйінен келдім. Мынау кенже қызымның баласы» деп отырғаны. Кейде үйге келгенде телефонына смс келеді, сонда інім «Қызым ғой, телефоныма бірлік салып жіберді» деп мақтанады. Әрине, мақтанатынындай-ақ бар. 

Інімнің екі ұлы да бар. Әрине олардың да жақсылығын көріп отыр ғой. Бірақ ол қыздарын көбірек мақтайды. Өйткені қыз бала жанашыр келеді. Әйтсе де, ата-ана олар кішкентай кезде неғұрлым мейірімін төксе, қартайғанда перзент те соғұрлым мейірімді, жанашыр болатын көрінеді. Бұлай дейтінім, менің қыздарым тіпті туған күніммен де құттықтамайды. Мейлі, құттықтамай-ақ қойсын, тек «Әке, қалай жағдайыңыз?» деген бір ауыз сөзді айтып қоңырау шалса жетеді...» Сөзін соңын айта алмай қария кемсеңдеп жылап қалды. 

«Ата-енем ақша сұрай береді»
Меруерт Түсіпбаева: Енем Шымкентте үйден қуып шықса да бетіне қарсы келген жоқпын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу