Жұмыс істегісі келмейтін күйеу
Қысқасы, жазмыштың уақытша сынағы мен қиындықтарынан бөлек, өмір бойы бір кәсіпті түпкілікті меңгеріп, тұрақ таба алмайтын адамдар қазіргі қоғамға таңсық емес. Ол отбасына кесірі мол мұндай «созылмалы кеселден» құтылудың орнына, осы тіршілігіне үйреніп алғандардың дауасы қандай? Неге ол жұмыс істегісі келмейді?
Жұрттың күйеуінің табысы мен үйіне кіргізіп жатқан ырысына қызығумен күндері өтіп жатқан әйелдер қаншама?
Мына бір қызықты қараңыз. Жұмыс істемейтін күйеу туралы сөз қозғалса, осыдан жиырма жыл бұрын естіген әңгіме ұдайы еске түседі.
Менің марқұм досым Алтынайдың Ольга Алексеевна деген орыстан өкіл шешесі болды. Қазақтардың арасында өскен кісі өздерінің де, біздің де менталитетті өте жақсы білуші еді.
Сол кісі жатыпішер күйеуге қатысты үнемі өзінің бір танысын мысалға келтіріп отыратын. Қысқасы, Ольга Алексеевна бір азаматтың алғашқы әйелі өте еңбекқор, пысық, жоқтан бар жасайтын жан болғанын айтады. Ал жаңағы жігіт бухгалтер әйелі жақсы табыс тауып, үйдің де берекесін келтіріп жүргенде, бір түйір пайдасын тигізудің орнына, әр-жерде тиіп-қашып жұмыс істеп, бірде ішіп, бірде ұйықтап қалып, қайта-қайта жұмыстан шығып, ақыры ажырасып тынған. Ең қызығы жаңағы жігіттің екінші әйелі де епті, дастарқаны дәмді, жұмысы жақсы болып шыққан. Дегенмен, үнемі сылтауы бітпейтін, жатыпішер күйеу кімге керек, түбінде бұл келіншегімен де жолы екіге айрылады.
Осылайша ол жігіт салт басты, сабау қамшылы болып жүріп, үшінші рет үйленеді.
– Үшінші әйелінің бейқамдығы мен жалқаулығы біздің танысымыздан да асып түсті. Күйеуі жұмыстан келгенше дүкеннен нан да сатып алмай, екі қолын қусырып күтіп отырады. Қарны ашып келген ері дүкеннен қатырылған тұшпара сатып әкеліп берсе, соны қайнатып беріп тағы қарап отырады. Былайғыда аштан күйеуімен қосыла қатып қалса да қимылдамайды. Күніне екі-үш рет күйеуіне телефон шалып, үйде дым жоқ деп айтудан танбайды. Бұрынғы әйелдері сияқты жоқтан бар жасап, дастарқанды толтырып, үйді жайнатып қоятын қатын жоқ. Қазір ол жігіт жұмыс істейді, жұмыс істемек түгілі, кешкілік бірінші әйелінен мұраға қалған көлігімен адам тасып, қосымша тиын-тебен тауып келетін болды, – дейді Ольга шешей.
Бұл әңгімені естіп отырған қыз-келіншектер бір-біріне қарайды. Не істеу керек сонда? Әлгі әйел сияқты дүниені топан су алып жатса да, қарап отыра беру керек пе? Бұлай жасауға біреудің шыдамы жетеді, біреудікі жетпейді ғой. Тіпті, бар төзімін салып, сол әйел сияқты жатып алғандар да бар. Бірақ мұндай кезде жатыпішер басқа жерді тауып ала қоятын күйеулер де кездеседі.
Қысқасы, күйеудің жұмыссыз жүруінің жүз түрлі сылтауы мен себебі бар. Оның кейбіреуі көкейге қонады, кейбір себептер адам ақылына сыя бермейді. Бірақ соның барлығының ішінен ортақ бір өлшемдерді табуға болады.
Жолдасыңыз әділетті немесе әділетсіз жағдайда жұмыстан шығып қалды делік. Күтпеген жерден қызметтен айрылып қалған адамдардың бір бөлігі мұндай дағдарыстан шыға алмай қалатынын көз көріп жүр. Керісінше, жапан түзге жалаңаш апарып тастаса да, өмір сүрудің жүз түрлі әдісін білетін жігерлі жігіттер бар.
Немесе қазір өзектілігін жоғалтқан кәсіп түрлері пайда болды. Қазірдің өзінде замана бірқатар мамандық түрлерін қажет етпей қалды. Болашақта мүлде жойылады деген жұмыс түрлері жеткілікті. Осындайда ісі мандымай қалған адамның өмірінде тоқырау басталады. Мансап жолындағы мұндай үзіліс біреулер үшін айқара ашылған жаңа есік, жаңа мүмкіндіктер, әлсіздер үшін бақытсыздықтардың бастауы.Яки болмаса, болмысынан жалқау күйеу. Мұндай күйсіздердің көбі психолог келеді. Үйленгеннен кейін көп ұзамай әйелінің мойнына шешесінің мойнына мінгендей мініп алады. Тамақ бар, үй жылы, теледидар қосылып тұр. Жата тұруға болады ғой. Бірақ бұл демалыс қанша уақытқа созылмақ? Мәселе сонда...
Жігіт кезінде мұндай жатыпішер күйеуді жақсысынан қалай айырасың. Адамдардың барлығы басына түспей, бірден ақылды болып тумайды. Ал психологтар мұндай күйеуді «қыз кезінен» ажыратуға болатынын алға тартумен келеді. Сөзі сүйкімді, асты-үстіңе түсіп, үйленгенге дейін аспандағы айды, жанындағы жұлдыздарды жұлып беретін жігіттің сөзі мен ісі қабыса бермейді. Кәдімгі тұрақты жұмысы жоқ мұндай «тұлғаларды» қазір ешкім түсінбей жүр. Ал сүйіп қалған қыз оны аяйды, ақшасын аямайды, жанынан табылуға, мұндай кездерде қашан да көмектесуге дайын.
Сол сияқты әке-шешенің мойнынан әйелдің мойнына қарай көшетін еркектер бар. Өмірдің баспана, білім алу сияқты үлкен қиыншылықтарын ата-анасы еңсеріп берген. Дайын үй, дайын тамаққа тап болған адам енді өз отбасы үшін басын қатырғысы келмейді. Қара аспанды төндіріп жатып алу, ішкілікке салыну үшін оған кішкентай қиыншылықтардың өзі де жеткілікті.
Сіз таңдаған адамның мінезі жаман, одыраңдаған біреу болып шықса отбасына да, айналасындағы әріптестеріне де оңай емес. Мұндай адамдардың аузында әзілі емес, қолында қолшоқпары жүреді. Үйімен де ұжымымен де тіл табыса алмайды. Бір сөзбен айтқанда, жұғымсыз. Сондықтан да мұндай адамдарға жұмыс табу да, сол қызметте тұрақтап қалу да қиын. Ал өзінің мінез-құлқын жеңе алатындар некен-саяқ.
Дегенмен күйеу – деген ұнамаса лақтырып жіберетін көйлек емес. Талай әйел үшін жалқау, жұғымсыз, дөрекі күйеу – өміріңнің соңына дейін алып жүретін қателігі мен қасіреті.
Ал мұндай жағдайда психологтар күйеуге ана болу рөлі жарамайтынын алға тартады. Біздің жоғарыдағы мысалымыз да соның айғағы емес пе?!
Қысқасы, әйел өмірдің барлық қиыншылығын өз басына артып алуға міндетті емес. Отбасында әркім өзінің орны мен атқаратын міндетін білуі тиіс. Таңертеңнен қара кешке дейін бітпейтін бала тәрбиесі, үйдің тамағы, тазалығы мен берекесі адамның өмірін жеп қоятынын адамгершілігін жоғалтпаған азамат айтпаса да ұғады. Ал мұны өзі түйсіне білмейтін адамға түсіндіріп, білдіріп отыруға тура келеді. Демек, неше түрлі құбылған қыз-келіншектер секілді, ер-азаматтардың да түрлі-түрлі психотиптері бар.
Өзін өзі жақсы көретін, жанын қинамай қара басын күтіп-баптап жүретін адамға әрине, жайлы жұмыс керек.
Ал скептиктер өмірін өзгертуде үлкен тәуекелдерге баруға жүрегі дауалай қоймас. Он рет ойланып, қырық рет толғанып жүретін мұндай жандарға пысық, алдын болжай алатын әйелінің кеңесі мен көмегі, жігерлендіруі талай жерге жеткізеді.
Мәңгілік бала бейне, яғни инфантил-күйеулер ше? Мұндай азаматтардың есі кіремін дегенше, әйелдерінің де шашы ағарады. Осы жерде өз күйеуін таныған әйелге ұдайы оның отбасының иесі, панасы, қорғаны екенін қайталай беруден басқа амал жоқ...
Не десек те, осының бәрі өмірдің мектебі. Сүйген адам, болашағына сенген адам өзінің отбасын кез келген құрдымның құдығынан сүйреп шыға алады. Тек сыйластық жоғалмасын деңіз.
Айнаш ЕСАЛИ,