«Көшеге шығарып аямай сабайды»: Қызғаншақ күйеуім шаршатты

Oinet.kz 20-04-2022 8779

«Менің жағдайымнан хабардар туыстарым, таныстарым сыртымнан мүсіркей қарайтын сияқты. Ішімдегі шерімді тарқатып айтар құрбым да, жанашырым да жоқ. Сондықтан ERNUR.KZ сайтына хабарласып, басымнан өтіп жатқан жағдайды баяндап, жеңілдегім келді», - дейді түркістандық Айбала есімді келіншек.

Screenshot_1.jpg

«Күйеуіммен өмір сүріп жатқаныма 12 жыл болыпты. Екі баламыз бар. Сырт көзге артық әңгімесі жоқ, әп-әдемі отбасы болып көрінгенімізбен, менің өмірімнің кісі қызығарлық ештеңесі жоқ. Себебі сыртқы әлеммен байланысым үзілген, күйеуімнің рұқсатынсыз бір қадам аттап баса алмаймын. 

Күйеуімнің мінезін білетіндер менен ат тонын ала қашады, өйткені дау-дамайға ілігіп кетуден қорқады. Ал жолдасым жанжал туғызудың хас шебері. Негізі оның қызғаншақтығы біз үйленбей тұрып білінетін. Ақымақ басым «қызғанғаны мені сүйгендігі» деп ойлаппын. Бұрын оның қызғанышы майдай жағатын. 

Әлі есімнен кетпейді, бір күні екеуміз тауға саяхаттап шықтық. Жолай бір қыз бен жігіт қол көтеріп тұр екен, отырғызып алдық. Көрші ауылға шыққан екен, тез түсіп қалды. Ойымда ештеңе жоқ, «жанындағы әйелі ме екен, күйеуі жас көрінетін сияқты» деп едім, бәлеге қалдым. «Демек мен кәрі көрінемін бе? Саған осындай жігіттер ұнай ма?» деп дүрсе қоя берді. Жай ғана пікірім екенін айтып, әбден ақталдым. Ол ашуға булығып, көліктің жылдамдығын асыра айдап, ақыры екеуміз апатқа ұшырадық. 

Күйеуіммен төртінші курста оқып жүргенде танысқанмын. Университетке өзі апарып, өзі алып қайтатын. Сабақ бітер уақыттан бес минутқа кешіксем, сол күні құлаққа тыныштық жоқ еді. 

Тағы бір ретте университет ұйымдастырған кештен сүйреп алып шығып, үстімдегі барлық киімді жыртып, тоқпақтың астына алып, тағы да талып қалғанмын. Мен ол кезде «үйленген соң басылар, қызғанышын қояр» деген ой болған. Сөйтсем менікі жай арман екен. Күйеуімнің қызғанышы күн өткен сайын өрши түсті. 

«Сен енді менің заңды әйелімсің, не айтсам сол болады. Үйде мен еркекпін, айтқанымды бұлжытпай орындауың керек» деп шықты. «Жұмыс істемейсің, оқудың не керегі бар?» деп бітіретін жылы дипломымды алуыма қарсы шықты. Абырой болғанда курстас қыздарым көмектесіп, ата-анам деканмен келісіп жүріп, оқуымды аяқтап алдым. Дипломдық жұмысты қорғауға күйеуім бірге барып, аудиторияның сыртында күтіп тұрды. Онда да үстіме етек-жеңі ұзын, кең көйлек кигізіп, басыма орамал таққызып апарды. 

Жөн-жозықсыз қызғаныш адамды әбден қор етіп, зықысын шығарып, өмірден түңілдіреді екен. Рас, кейде өз-өзіме қол жұмсау туралы ойлар да болды. Бірақ кішкентай балапандарым есіме түссе, бұл ойдан қатты шошып кетемін. 

Енем өте жақсы адам. Мүмкіндік болса тәттілер әкеліп, көңілімді аулауға тырысады. «Анда-санда кино көріп отырасың» деп соңғы үлгідегі телефонды да енем сатып әперген. Оны күйеуім білмейді. Ол бар кезде дыбысын өшіріп, тығып қоямын. Ал күйеуімнің көзінше ескісін қолданамын. Жұмыста отырып күніне бірнеше мәрте телефон соғып, балалармен сөйлесіп, тексеріп отырады. 

Бірақ күнделікті ұрыс-керістен әбден шаршадым. Жүйкем жұқарып кеткендей, әлім құрып, денсаулығым нашарлап бара жатыр. Екі баламнан басқа ештеңе қызықтырмайтын сияқты. Ешқандай айыбым болмаса да «күйеуім қызғанып қалмаса екен» деген үреймен өмір сүруден жалыққан болсам керек. Кейде оның осы бір ит мінезіне қарап «өзі көшеде әбден жүргіш қыздарды көріп келіп, мені солармен салыстырады-ау» деп те ойлаймын. Бірақ қолымда нақты дәлелім болмаған соң ештеңе айта алмаймын.»

Әйеліме жасағаным қарындасымның алдына келді
«Анам ауырып жатқанда бір тиын көмектеспеді»: Туған ағама өкпелімін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу