Әйелім бар, бірақ басқа қызды сүйемін

Oinet.kz 12-05-2021 4888

Соңғы кезде менің өмірімде шытырман оқиғалар тым жиілеп кетті. Бір себептерге байланысты жұмыстан шығып кетіп, әйелімнің туыстарының арқасында тағы бір жұмысқа орналастым. Онда жүргізуші болып қызмет етіп жүріп, ойламаған жерден сонда жұмыс істейтін бір қызға ессіз ғашық болдым. Сезім шіркінді тежеп тастау өте қиын екен, не істерімді білмей басым қатып кетті. Мұндай жағдайдан қалай шығу керек, қандай ақыл-кеңес айтасыздар? 

image.png

Мен Қарағанды облысының шағын қалаларының бірінде тұрамын. Үйленгенмін, бір ұл, бір қызым бар. Әйеліміз екеуміз сүйіп қосылдық, жеке отау құрып, үйлі болдық. Басшылықпен түсінісе алмай жап-жақсы істеп жүрген жұмысымнан бір күнде айрылып қалдым. Осылай бер-екі ай жұмыссыз жүргенімде әйелімнің әпкесі "бізді жас семья ғой" деп түсініп, өзі басшылық жасайтын мекемеге мені жүргізуші етіп алды. Онда бухгалтер болып қызмет ететін жас қызды жұмыс бабымен әрі-бері тасып жүріп, әңгімеміз жарасып кетті. Осылайша оны бірте-бірте ұната бастадым. Тіпті уақыт өте келе оған деген сезімім күшейіп, ессіз ғашық болдым. Оған жіпсіз байланып, жатсам да, тұрсам да, соны ойлайтын болдым. Отбасым бар екенін ойлап қанша оны ұмытуға тырыссам да, бірақ оған деген сезімім суынар емес. Бір күні достармен бас қосып ішімдік ішкеннен кейін, оған телефон шалып, оңаша отырып сөйлесуді өтіндім. Ол келісім берді. Кафеде отырып қызумен оған деген сезімімді жайып салдым. Ал ол маған ештеңе деген жоқ, мас қой деді ме, әйтеуір, көзін төмен түсіріп алып, күлімсіреп отырды да қойды. Ертесіне сол қылығым үшін қатты ұялдым. Оған қарауға бет жоқ, не істерімді білмей далада жүрсем, өзі келіп: "Сіз кеше маған ішіп алып сөз айттыңыз ғой" деп бәрін ойынға айналдырып жіберді.

Осылайша арада біраз уақыт өткенде, өзі маған смс жазды. "Сіздің өткендегі әңгімеңізді әлі ұмыта алмай жүрмін, есіме түссе жүрегім дүрсілдеп кетеді. Сіздің әйеліңіз бар екенін түсінемін, бірақ сізді күнде көріп жүргендігімнің өзі мені үшін үлкен бақыт" деді. Осыдан кейін бізде роман басталды. Жасырын кездесіп жүрдік. Мен онымен бірге өзімді өте бақытты сезіндім. Тіпті онымен бірге өткізген әрбір сәтім мен үшін үлкен мереке болды. Бірақ уақыт өте келе осының бәрін әйелімнің әпкесі біліп қойып, ол қызды жұмыстан шығарып жіберді. Тіпті бұл туралы әйеліме де айтып, үйде ұрыс-керіс басталды. Мен ештеңені мойындағаным жоқ, "бәрі жалған" дедім. Алайда тамақ ішіп болғаннан кейін төсекке жата бергенде, шыдай алмай, барлық шынымды айттым. Ол түнімен жылап, ертесіне менімен бірге жұмысқа барып, "әлгі қыздың шашын жұламын" деді. Бірақ жұмыста айқай шықпасын деп, мен ертесіне жұмысқа бармай қалдым. Оны да ешқайда жіберген жоқпын.

Ертесіне жұмысқа барсам, сүйіктім жоқ, телефоны сөндірулі. Әйелімнің әпкесі кабинетіне шақырып алып, әбден ұрысты. Ол қыздың жұмыстан шығып кеткенін кейін әріптестерімнен білдім. Осыдан кейін әйелім менің әр қадамымды аңдитын болды. Бірақ оған деген сезімім артпаса, кеміген жоқ. Арада бір-екі ай өткен соң, кешкісін үйде отырғанда шыдай алмай, далаға шығып, сүйіктіме телефон шалдым. Көліктің ішінде отырып, онымен телефон арқылы сөйлесіп отырсам, әйелім жетіп келіп қолымнан телефонды жұлып алды. Тағы да айқай-шу, ұрыс-керіс, жылау басталды. Қатты ашуға булығып, әйеліме "мен кетемін, сонымен бірге тұрамын" деп үйден кетіп қалдым. Түнімен ішімдік ішіп, досымның үйіне қондым. Досым: "Ғашық болсаң, ғашық шығарсың. Бірақ не де болса, отбасыңды сақта. Мұны да Алланың сынағы деп біл. Бақытты болғың келсе, жақындарыңа бақыт сыйла, ал сенің ең жақының - бауыр етің балаларың" деді. Осы айтқандарды ойлап, ертесіне қайта үйге келдім. Тағы да ұрыс басталды. Әйеліме деген көңілім қатты суып кетіпті. Сосын оған "мен саған мына үйде аударып беремін, екі баламен осында тұр, ал мен кетемін" деп айттым. Осы кезде әйелімнің де, менің де жүрегім қатты ауырды. Түнімен ұйықтай алмадық. Ақырында ол: "сен оған біржола кетпе, бірге тұра берейік, бірақ оған да барып тұр" деді. Бірақ үйден бес минутқа шығып кетсем болды, дереу телефон шалады, қайда жүргенімді сұрайды. Қызғанады. Ешқайда жібергісі келмейді. Әрине, оны да түсінемін. Бірақ әлгі қызды да ұмыта алар емеспін, ойымнан кетпейді. Менің өмірім ол қызсыз өмір емес секілді. Басым қатып кетті. Күннен күнге махаббатқа құса болып, ол қыздан басқа ешкімді ойламайтын болып қалдым. Менің басымдағы жағдай басқа біреулерде кездесе ме екен? Мұндай жағдайда не істеуге болады? Бәлкім, мені түсінетін, өз ойын, ақыл-кеңесін білдіргісі келетін жандар табылып қалатын шығар...

Автор: Сәбит, 

Алаш айнасы

Енемнің қылығы қажытты
Мен босанған соң күйеуім жас қыздарға көз сала бастады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу