Қарғыс атқан тағдырыма налимын
Мен ішімдегіні сіздермен бөліссем деймін. Біз ауылды жерде тұрамыз. Екі әпкем және інім бар. Әкем ішімдікке құмар еді. Жағдайымыз нашар болды. Әкем ішіп келсе анамды ұратын. Бір күні ішіп келіп анамды ұрып, байлап тастап бізге тиісті. Мен бұл өмірде қарғыс атқан тағдырыма налимын.
Тіпті әкем солай істеді деп айтудың өзі қиын екен. Әпкелерімді және мені зорлады. Анам байлаулы болғандықтан ештеңе істей алмай, тек жылап әкемді қарғаумен болды. Біреуге айтсаңдар аналарыңды өлтіремін деді.
Осылай өміріміз жалғаса берді. Екі әпкем мұндай өмірге шыдай алмай, мектеп бітірісімен тұрмысқа шығып кетті. Екеуі де өздерінен үлкен адамға, жағдайы нашар жерге шықты.
Олар кеткен соң да әкем бұрынғы әдетін қоймады. Тіпті анамды қорқытып, арқасын пышақпен тілгілеп тастайтын. Осылай жүріп аяғым ауыр болып қалды.
Өзім арық болғандықтан, ішім де қатты шыға қоймады. Біреуге айтуға қорқып, жасырып жүрдім. Бірақ қашанғы жасырайын, мектепте мұғалімдер біліп қойды. Осылай мені жеке шақырып алып, жиналыс ашты. Мен жылап тұрып, қалай бәрін айтып бергенімді байқамай қалдым. Сосын әкеме айтпауларын өтіндім. Бірақ мұғалімдер сол күні барып анаммен сойлесіп, сол күні әкемді қамауға алды.
Содан сот болды, әкем он екі жылға сотталды. Ағамызды соттадыңдар деп әкемнің бауырлары бізден үйді тартып алып, далаға қуып шықты. Біздің баратын жеріміз болмай, үлкен әпкемнің үйіне барып тұрдық. Оның да жағдайы жоқ, күйеуі ішеді, жұмыс істемейді. Бұл кезде әпкемнің үш баласы бар, біріншісі егіз. Оған барып біз қосылдық.
Осылай менің босанатын уақытым жақындап, мен қыз тудым. Әкеммен қаным бір болғандықтан, балада кемістіктер болды. Мен баладан бас тартып, балалар үйіне өткіздім. Содан мектепті бітіріп, қалаға келіп таныстарымыз арқылы цехқа жұмысқа тұрдым. Біреудің времянкасын жалдап тұрып жаттым.
Осылай жүріп бір жігітпен танысып жүрдім. Ол жігіттен екіқабат болып қалдым. Оған ештеңе айтпай, босанатын уақытым жақындағанда ауылға кетіп қалдым. Анам мен бауырым бұл кезде әпкемнің үйінде тұрып жатқан. Мені көріп ұрысты, бірақ түсіністікпен қарады. Мен уақытым жетіп, ұл тудым.
Әпкемнің үйінде жүргенде, жездемнің туысқан інісі келіп тұратын. Бір күні сол мені ұнататынын айтты. Қанша қарсылық білдірсем де жақсы көретінін айтып келе беретін. Мен де оны ұнатып қалғанымды білдім. Солай екеуміз жүріп жүрдік.
Ол ауылда қой бағатын. Ауылда үй арзан. Ол ақша жинап, бізге үй сатып алып берді. Үй ескі болғандықтан, жөндеуге көмектесті. Осылай біз бір-бірімізге қатты бауыр басып кеттік. Мен қалаға барып, бұрыңғы жұмысыма шықтым. Бірақ ол маған келіп тұрады, ауылда анамның отынын түсіріп, көмектесіп тұрады екен.
Осылай жүргенімізге бес жыл болды. Екі рет жүкті болып, алдырттым. Үйленейік десек оның әке-шешесі мені алуына қарсы. Себебі олар біздің отбасымыздағы болған жағдайлардың бәрін біледі. Ал біз бір-бірімізді қимаймыз. Ол да менен басқа ешкімге үйленбеймін дейді. Не істерімізді білмейміз, бірақ бұлай жүруден де жалықтық. оның үстіне үлкен әпкем де жеті баласымен ажырасып үйге келіп отыр.
Інім түрмеге әкеме барып тұрады. Анам ішіп алып, күйеуімді соттатып жібердің деп сөйлейтінді де шығарды. Әкем түрмеде отырып, інімнен шұлықтар тоқып беріп жібереді екен. Түрмеден шыққан соң үйге келетінін де айтыпты. Сүйген жігітіме де қосыла алмаймын, баламды да ойлаймын.
Әкем түрмеден шығып, үйге келіп жатса біздің бетімізге қалай қарайды.
Бәрін тастап кетіп қалайын десем, тұрақты жұмысым да жоқ, оқыған жоғарғы оқу орным да жоқ. Болашағымды ойласам не істерімді білмей, ойым сан саққа жүгіреді. Кейде асылып өлсем бе деп ойлаймын......
Гүлжан, Талдықорған