Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Менің Әйгерім атты қайын әпкем бар. Жаны жайсаң, мен білетін қой аузынан шөп алмас жалғыз жан. Жүрегі сондай кең, ешкімге ешқашан «жоқ» деп айта алмайды. Бұл жанындағылар үшін жақсы болғанымен, Әйгерім үшін қасірет еді. Өзінің қалауын ашып айта алмайды, біреуді ренжіткенше өзі іштей қайран қалып отыруды жөн көреді.
Қайын әпкем ажырасып, қазір бізбен бірге тұрады. Бір жаманға бір жақсы дейді, күйеуінің мінезі шыдатпады. Кейде сол кісінің кесірінен де Әйгерім тұйықталып, өз-өзіне сенімсіз болып қалған шығар деп ойлаймын. Бір күні онымен оңаша қалып, таңға дейін әңгіме-дүкен құрған едік. Ол маған жастық шақ, студенттік күндері туралы айтып берді. Әйгерім жасынан өте зерек, пысық қыз болған екен. Бес саусағынан бал тамған, сегіз қырлы бір сырлы десем артық етпес.
Әжесінен тігіншілікті үйреніп, өз бетінше дәл дүкен сөрелерінде тұрған, тіпті, одан асып түсетін киімдер тіккен. Құрбы-құрдастарынан осылайша әдемі бейнесімен ерекшеленіп жүреді екен. Бір күні Әйгерім құрбыларымен саябақта серуендеп жүріп, Берікті кездестірген. Нақтырақ айтқанда айдай сұлу Әйгерімге Беріктің көзі түсіп, ғашық болған. Ол күні қайын әпкем тіпті құлпыра түскен. Себебі оның денесін жібек матадан тігілген алқызыл көйлек жалмаған. Әйгерім бұл көйлекті бір түнде тігіп шыққан еді. Етегі соққан желмен бірге бұралаңдап, жас қызды біраз әуреге салған екен. Сонда да, ол көйлек Әйгерімнің нәзіктігі мен сымбатын одан әрі аша түскен. Осылайша, екеуі бір-біріне деген ғашықтық сезімін жасыра алмай, жасырын кездесіп жүріпті. Ауылдағылар екеуін Ромео мен Джульеттаға теңейді екен.Араға көп уақыт салмай Берік Әйгерімге сөз салған.Той күні белгіленіп, мерекенің қамымен жүрген кезде, Әйгерімнің құрбысы Ақмарал одан сол бір «сәттілік» көйлегін сыйлауды өтінеді.
«Сендегідей бақты бізге де берсін, бізге де жұғысты болсын. Мүмкін тұрмысқа шығып та кетерміз» деп қалжыңдаған. Әйгерімнің бұл өтінішке іші жылымаса да, құрбысына «жоқ» деуге аузы бармады.
«Ода тұрған не бар? Шүберек емес пе? Керек болса тағы тігіп аламын»-, деп ойлайды. Шіркін сол кезде қандай қателік жасағанын аңғарса-шы. Көп уақыт өтпестен Әйгерімнің өмірінің күл-талқаны шықты. Беріктің ата-анасы аяқ асты баласының басқа қызға үйленуі керек деп шешім қабылдап, қайын әпкемнен бас тартады. Сол жылы үйлері кәнфескеге алынып, отбасымен талай қиындықты көреді. Құрбысына хабарласса қоңырауына жауап бермейді. Ол енді елден жырақ, шетелге көшіп кеткен екен.
Ауылдағылардың айтуынша тұрмысқа шығыпты. Әйгерім болса, Беріктен кейін ұзақ жылдар бойы ешкімді кезіктіре алмаған екен. Арада бес жыл өткенде күйеуімен танысып, жасы келген соң, амалдың жоғынан тұрмысқа шығуға келісін берген. Күйеуі қаныпезердің өзі болып шықты, аузына келгенді оттап, алтындай қайып әпкемді балағаттап қалудан тайынбайтын. Шынымды айтсам, қайтып келгеніне қуанамын. Әрбір әйел бақытты болуға лайық емес пе? Оның үстіне бала сүйе алмады. Осының барлығы Әйгерімнің жүйкесіне қатты тиді.
Ең қызығы, сенсеңіз де, сенбесеңіз де өз еркіңіз, әлгі Ақмарал (Әйгерімнің құрбысы) елге қайтыпты. Осы уақытқа дейін Еуропада тұрып келген екен. Екі ұлы, күйеуі бар. Елдің айтуы бойынша көрген көз қызығарлық отбасы екен. Енді күйеуі кім дейсіз ғой? Менің моп-момақан қайын әпкемнің сүйгені – Берік болып шықты! Жаға ұстатарлық жайт бәрімізіді сан соқтырды. Бұл үш ұйықтаса да Әйгерімнің түсіне кірмеген шығар. Осының барлығын Әйгерімнің аузынан естігенде бір таңғажайып түс секілді көрінді.
Білмеймін, түрік сериалдарында да мұндайды көрмегенмін. Сол түннен кейін мен оны одан әрі қадірлей бастаған секілдімін. Әйгерім мен білетін әйелдердің ішіндегі мықтысы екен. Өмірдің түрлі тауқыметіне төзіп келген қайын әпкемнің бағы ашылса деймін. Отбасымызбен оны шет жақа, ұзақ демалысқа жібеу керек деп шештік. Ал ол болса, өмірді жаңа парақтан бастауға бел буды. Әйгерім дана адам, Ақамарал мен Беріктің «махаббат» оқиғасын сұрастыруды жөн көрген жоқ.
Жабулы қазанды жабық күйде қалдырды. Әйгерім де мен де бақ дегенге сенетінімізді түсіндік. Өзіңізге тиесілі затты, сізге сәттілік әкелетін бойтұмарды өзгеге сыйлау – қателік!