Сүйіктімнің қорлығына шыдай алмадым

Oinet.kz 26-08-2021 2806

Кадрлар бөліміне енді жұмысқа орналасқан кезім. Құжаттарын рәсімдетуге келіп, әр нәрсені айтып, әзілдей жөнелген жігіттен әдбен қысылдым. Есіктен шыға бере пысық жігіт дәмханаға шақырып та үлгерді. Жүзі жарқын көрінген соң, мен де келісе кеткенмін... Әттең, сол кезде теперішімнің барлығы осы адамнан келетінін білсемші...

Screenshot_1.jpg

Сол күннен түрлі сыйлық, құшақ толы гүл, үздік мей­рамханалар – бәрі маған арналды. Ақылды, зиялы, ұятты, жомарт – одан басқа не керек? Нағыз бақытым екеніне жүз пайыз сендім. Жақындарыма Беріктің бергендерін көрсетіп, әбден мақтанатынмын.

Ол кезде тұрмысым өте жұпыны еді. Азғантай жалақым өзімнен артылмайтын. Әкем денсаулығының на­шар­лығына байланысты жұмыссыз, ал өгей шешемнің ешқашан маған жа­ны ашыған емес. Реті келсе, мені үй­ден қуып шығудан тайынбайтын.

Әңгіме арасында мұны Берікке айт­қа­нымда ол бірден «Менімен бірге тұр» деп ұсыныс жасады. «Үйленбей жатып, қалай?» дегеніме қарамастан, «Бастысы бір-бірімізді жақсы көреміз ғой» деді. Өзі менің бар жағ­да­йымды жасап, айлығымды өз қызығыма жұмсай алатыныма сен­дірді. Содан әкемнің алдынан өтіп, Беріктің үйіне көшіп бардым. Ал­ғаш­қы екі айда бәрі жақсы болды. Тіп­ті, ертегідей күн кештім.

Уа­қыт өте келе Берігім аяқ астынан әр нәрсеге наразы болатын бол­ды. Тазалыққа тиісті, пісірген та­ма­ғымды жақтырмады. Оның ша­ғым­дары күн сайын арта берген соң, өзімді «нашар әйел» санай бас­тадым.

Бірде жұмыстағы маған уәде етілген ла­уа­зым­ға бастығымның туысы сайланды. Мен бұл әділетсіздік­ке күйініп, оны Берікке айтып едім, басым бәлеге қалды. Ол «Жақсы жұ­мыс­­шы болсаң, еш аға­йын-ту­ыс ор­ның­ды баса алмас еді. Бәріне өзің кінәлісің» де­ген сөз­де­рі­мен тө­бем­нен жай тү­сір­ді. «Айтатын уа­қытты тапқан екен­сің. Шаршап тұр­ған­да мазаны алып» деп, да­уыс көтергенде ерік­сіз жылап жі­­бердім. Ол болса, «өтірік ыз­ың­да­­рың­нан шарша­дым» деп есікті тарс жауып, үйден шы­ғып кете бар­ды. Оңаша қа­лып, өз-өзіме кел­ген соң, «Оны сү­йіс­пеншілікке бө­лей­мін деп едің, қажып жүргенде ма­за­сын алғаның не, ақымақ?» деп, өзімді жазғырдым. Берік үйге кел­ген­де «мен кінәлімін» деп ке­ші­рім сұрадым. Ол болса дым бол­ма­ған­дай кешіре қойды. Бірақ әр нәрседен ілік іздеуін тоқтатпады. «Тыныштық болсыншы» деп, жұмыстан жүгіріп келіп, ол келген­ше үйді мұнтаздай етіп тазалап, кешкі асты да бір мунутқа ке­шік­тір­меуге жанымды салдым. Берікке сонда да ештеңе жақпады. Үйді қойып, түріме, киіміме тиісе бастады.

Жарты жылдан кейін бұл әрекеті күн сайын үдей түсті. «Не істесем бо­ла­ды?» деп басым қатып, со­ңы­ра «уақытша алыстай тұруға» ше­шім қабылдадым. Шынымды айт­сам, оны мәңгі жоғалтудан қо­рық­тым. Сол үшін құрбымның үй­ін­де бір ай тұра тұруға сұранып, ақыл­ға қонымды себеп ойлап тап­тым. Әңгімені бастай бергенім сол еді құлақ тұсым шың ете түсті. Ащы шапалақпен бетімнен осып-осып жіберген күйеуімнің ащы сөздері өлтіріп барады. Бұған шыдай алмай, өксіген күйі жерге сұлқ құладым. Әлден кейін «Сені жоғалтып алудан қорыққаным сон­ша, өзімді ұстай алмай қалдым. Менікі дұрыс емес, кешірші. Әзілдеп айтқан ескертулерімді шын көріп қалатының не?» деп ақталып, кетпеуімді өтінді. Мен сорлы бұған да сенген едім…

Осымен болған шығар десем, кейін одан да сорақысы басталды. Бі­реуге амандассам, күлімдесем бол­ды-ақ тепкінің астына алатын. «Бұдан артық шыдай алмай­мын» деп, бірнеше рет әкеме ха­бар­лас­пақ болдым. Бірақ ауыр тие­тінін ойлап, өзімді тоқтаттым. Достарыма да айта алмадым. Се­бебі оларға күйеуім «ақ боз атты хан­зададан кем емес» дейтінмін. Енді келіп одан күнде таяқ жей­ті­німді, таң атпай бетімнің кө­гер­ге­нін бояумен жасырып әлек бола­ты­нымды қалай жеткізейін?

Сөй­тіп жүргенде қыс соңында жүк­ті екенімді біліп, қатты қуандым. Берік те естігенде бақытты кө­рін­ген. Алайда қызғаныш пен жан­жал­ды ысырып қоя алмады. Бір күні бастығымның айтуымен жұ­мыс­та біраз кідіріп қалдым. Жүк­ті­лігіме 6 ай толғандықтан, де­ма­лысқа дейін біршама жұмысты аяқтап кетуім керек болды. Үй­дің табалдырығын аттамастан көзімнің оты жарқ ете қалды. Есім­ді жисам, ауруханада жатыр­мын. Жан-жағымда дәрігерлер қау­малап жүр. Есімді жидырып, ба­ла­ны туғызып алмақшы бол­ған­дықтан, олар да, мен де бар кү­ші­мізді салдық. Амал қанша, балам өлі туылды. Қайғы құшып ауруханада екі аптадай жаттым. Ешкімге ештеңе айта алмадым.

Ауруханадан шығарда Берікке ха­бар­ласып, «заттарымды алып ке­те­йін» деп едім, сөзге келместен боқ­тай жөнелді. Оның үйде жоқ ке­зін пайдаланып, заттарымды жи­нап, құрбымның үйіне тайып тұр­дым. Құрбым жағдайымды сол кезде ғана естіп, осынша уақыт үндемей келгенім үшін әбден жаз­ғыр­ды. Ал менің ішім босап, өзімнің әлі де тірі екенімді, әрі қарай өмір сүруге мүмкіндігім барын се­зіндім.

Берік хабарласып, бопса­ла­уын тоқтатпады. Телефон нө­мі­рімді өзгертіп, әлеуметтік желілерді бұғаттап тастадым. Бұрынғы ортаға қайта бара ал­май­тын­дықтан, бастығым жаңа жұ­мыс тауып берді. Алланың қа­ла­уы­мен бір жылдан кейін болашақ күйеуіме кезіктім. Ол бәрін білді және ер адамға деген сенімімді қай­та ояту үшін қолынан келгенін жасады. Біздің үйленгенімізге бес жыл болды, қазір 4 жасар ұлы­мыз бар.

Әйелдерге айтарым – ешқашан, еш­кім­нің қорлап, азаптауына шы­дау­ға тиіс емессіздер! Әрбір әйелдің өзі қалағандай өмір сүруіне құқығы бар. Мұндай азаптан қаншалықты тез құтылсаңыз, қорқынышты күндерді соншалықты тез ұмытасыз.

Сырласу журналы

Келінім басымды жерге қаратты
«Көйлекпен кеткен бақыт. Бағымды білместікпен өзгеге сыйлап қойдым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу