Күйеуім өзіме лайық емес

Oinet.kz 26-08-2021 4650

Күйеуіммен отасқанымызға алты жылдың жүзі болды. Шынымды айтсам, екінші жартыма шын сүйіп қосылмадым. Сүйген адамым университеттің екінші курсында оқып жүріп, группалас қызымызға үйленген еді. 

Screenshot_2.jpg

Одан кейін махаббаттан да, еркек атаулыдан да көңілім қалды. Содан бар уақытымды оқуға арнадым. Университетті үздік тәмамдап, мамандығым бойынша жақсы жұмыс орнына тұрған да едім. Солай уақыт өте беріпті. Тіпті, босағаның оң жағында отырып қалғанымды да байқамай қалдым. 

Отызға таяған шағымда анам құрбысының ұлымен таныстырып, соған көз салып көруімді өтінді. Құрбысы екеуі құдаласуға асық болды. Анамның сөзіне құлақ түріп көрейін деп мен де әлгі жігітпен кездесіп көруді жөн санадым. Содан үш кездесуден кейін-ақ анамның арманы орындалып, ақ келін атандым. Жарыма деген махаббатым уақыт өте ашылар деген үміт болды іштей. Бірақ олай болған жоқ. Күйеуім менің сезіміме лайық еместей көрінетін де тұратын. Оны өзіме тең көрмедім. Ол отбасының кенжесі еді. Ата-анасы бәрін аузына тосып отыратын. 

Өзі бір жұмыста ұзақ тұрақтамайды. Арамызда кикілжің шықса, ата-анасын ортаға салуға дайын тұрады. Ол әдеті әлі күнге дейін қалмаған. Қазіргі таңда екеуіміз бір қыз бір ұл асырап отырмыз. Ата-енеммен бірге тұрамыз. Сонда да ес кірмеген күйеуім енді “өз-өзіме қол жұмсаймын” деп қорқытатынды шығарыпты. Оның бопсалауының кесірінен енемнің де мені жек көре бастағанын байқадым. “Балама бірдеңе болса, ісім сенімен болсын” дегенді шығарды.

Расымен мұндай өмірден шаршадым. Күйеуім өзіме тең емес.

Сырласу журналы

Әйелімді ешқашан кешіре алмайтын шығармын
Келінім басымды жерге қаратты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу