Кәрі қыз болып қалдым. Енді не істерімді білмеймін

Oinet.kz 25-08-2021 6117

Менің жасым 33-те. Әлі тұрмысқа шыққан жоқпын. Былайынша айтқанда, кәрі қызбын. Қит етсе қоғамымызда мынша кәрі қыз бар деп статистикасын жасап, әлдекімдер осыдан мәселе тудырып жүр ғой. Ешкім де қоғамның «көзіне шыққан сүйелдей болып», өздігінен кәрі қыз атанғысы келмейді. Мен де кәрі қыз атанып, тұрмысқа шықпай қаламын-ау деп ойламаппын. Бірақ қалай жастық шағымның зыр ете қалғанын байқамай қалдым. Жұрт секілді асып бара жатқан карьера да жасадым деп ойламаймын. Телеарналардың бірінде журналистпін. Ел қатарлы жалақым бар. Соншалықты карьера жасауға ұмтылған кезім де болған емес. Әйтеуір бұйыртқан қызметті істеп, бұйырған жалақыны алып, үй мен жұмыстың ортасында уақыт өтіп жатыр.

Screenshot_3.jpg

Әлі де үмітім бар… Шынымды айтсам, тұрмысқа шығу жайлы 25-ке толып, айналамдағы құрбыларым тұрмысқа шығып кеткен соң ойлана бастадым. Қазір құрбыларымның кейбіреуі үшінші баласын босанып алып, енді бірі төртінші баласына аяғы ауыр. Жұмысты да үлгеріп, баланы да өмірге әкеліп, қайын жұрттың да көңілін тауып, бәріне уақыт тауып жүрген құрбыларымды көргенде қызығып кетемін. Тұрмысқа шыққым келеді. Құрбыларым «ел қызығатындай түрің бар, сымбатың да келісті. Мүмкін  өзіңе бір батылдық керек шығар» дейді. Бірақ соңғы 7-8 жылда шынымен “тұрмысқа шыға қой” деп ұсыныс жасаған да ешкім жоқ. Дәл қазір қай жерде танысуға болатынын да ұқпаймын. Соңғы кездері жақын құрбыларымның үйіне қонаққа да барудан тартыншақтайтын болдым. Өйткені отырыстарда кейбір келіншектердің күйеулерін қызғанып бастайтындары жанымды жейді.

Өткенде әріптесімнің жаңадан алған үйіне қоныс тойын тойлауға бардық. Әріптесімнің курстастары, сыныптастары бар дегендей адам көп жиналыпты. Артық қимыл, не әрекет те көрсеткенім жоқ. Жаңа ортаны жатырқап, елеусіздеу отырғам. Сөз берер алдында асаба жігіттің бойдақтығымды меңзегеніне келіншектер жағы сынай қарағанын байқадым. Артынша биге шақырған жігіттің келіншегі күйеуін өзінің қасына шақырып алды. Өзімді қатты ыңғайсыз сезініп, шыға сала жыладым. Үйге келгенше өксігімді баса алмадым. Ешкімнің күйеуін тартып алатын ойым жоқ. Бірақ қасында күйеуі жоқ қыздарға бәрі сынай қарайтындай көрінді. Содан бері жақын құбырларымның ортасы болмаса ондай кештерге барудың да қажеті жоқ екенін түсіндім.

Тұрмысқа шыққым-ақ келеді. Бірақ 25-тен асқан соң теңіңді табу да қиындай береді екен. Жұрт қызығатындай түрім де бар екенін білемін. Бірақ өзімнен 1-5 жас үлкен жігіттер әлдеқашан теңін тауып, шаңырақ құрып алған. Өзіне көңілдес қылғысы келіп, 50-ден асқандар мазалайды. Ал маған ондай өмір қажет емес. Бір үйдің түтінін түтетіп, күйеуімді жұмысқа шығарып салып, қарсы алып, өмірге бала әкеліп отыратын қарапайым ғана өмірді аңсаймын. Соңғы кездері өзімнен 3-6 жас кіші жігіттер де мазалайтын болып жүр. Бірақ бір байқағаным олар әзір шаңырақ құруға асықпайды екен. Ұнатқандарын айтып келеді, кездесіп біраз жүресің. Ұнатып бауыр да баса бастайсың. Бірақ тұрмыс құруға ұсыныс жасамайды. Олардың уақыттары көп болғанымен – менің жүре беретін уақытым жоқ. Біраз жүріп, тұрмыс құруға ұсыныс жасайтын түрі жоқ болған соң, кездесуден де қашқақтай бастаймын.

Жақында құрбыларым жабылып жүріп намазхан жігітпен таныстырды. Өзімнен бір жас үлкен екенін естіп қуанып-ақ қалдым. Бір-екі рет кездестік. Жаман әдеттерге әуестігі жоқ екенін естіп тіпті қуандым. Үй-жайы жоқ екен, «ее жарайды, ақша болса үй салу түк те емес, бірігіп жұмыс істеп салып аламыз» дедім. Келесі кездесуде той жасауға жағдайы жоқ екенін, айналып келгенде оның бәрі ысырап екенін жеткізді. Қанша жерден тойымда ақ көйлек киюді армандап жүрсем де тойдың болмайды дегеніне де келістім. Ойша өз туған-туыс, достарымды қыз ұзатуға шақырам, сонымен үйлену тойының болмағанын ешкім білмей де қалады деп жоспарлап қойдым. Келесі кездескенде намазхан жігітім, әзір үйленуге дайын емес екенін жеткізді. Тұрып жүре бердім.

Жасырып қайтем, «жолыңды ашып берем, 10 күнде бақытыңды жолықтырасың, бір айда тұрмысқа шығасың» деген балшы-көріпкелдерді де жағалап көрдім. Бәрі өтірік екен. Журналдардағы танысу бұрыштарына хат та жаздым. Біреу іздеп жауап хат жазды. Сөйтсем жігіттің өзі емес, араққа салынған інісіне әйел іздеп, хат жазып отырған әпкесі екен. «Бірігіп, арағын қойдырайық, бала туып берсең есі кірер» дейді. Бас тарттым. Арағын қойса жақсы, қоймаса осы күніме де зар болып қалармын деп ойладым.

Шынымды айтсам, «тұрмысқа шығуым керек» деген ойдан шаршап та кеттім. Жұмысқа да құлқым жоқ. Әр құрбым келесі баласын көтергенін естігенде «мен не бітірдім» деп жылап аламын. Қанша жерден түрің болса да, сымбатты болсаң да Алла бармақтай бақ бермеген соң қиын екен. Кәрі қыз атанғым келмейді. Бірақ қалай атанғанымды сезбей қалдым. Қыздар естерің болса, 25-ке келмей жатып, тұрмысқа шығудың қамын жасаңдар! 25-тен соң қанша тырыссаң да оған мүмкіндік бола бермейді екен.

Индира, Астана қаласы

Сырласу журналы

Жеңгем үйге сыйдырмады
Ажырасқан еркекке үйленсем опық жеп қалмаймын ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу