Қай балаңызды жақсы көресіз?
Баяғыда біреу анадан: «Қай балаңызды жақсы көресіз?» - деп сұрапты. Сонда әлгі ана: «Жазылып кеткенше, ауруханадағы баламды, үйге жеткенше, жолдағы баламды жақсы көрем» депті. Сол секілді ата-ана үшін барлық бала тең және бұл сұраққа кез келген ата-ана «барлығын бірдей жақсы көремін» деп жауап қатар еді. Дегенмен, ең алғаш ата-ана атандырып, сол сезімді бастан кешірткен, қобалжу мен қуануды сездірткен тұла бойғы тұңғыштың алар орны бір бөлек. Біраз бала ата-анасының шексіз махаббаты мен ықыласына бөленіп жүріп өзінен кейінгі бауыры дүниеге келгенде психологиялық қиындыққа тап болады.
Себебі ата-ананың күнделікті іс-әрекетін көріп, "бірінші мені емес, бауырымды жақсы көреді" деген ойға келеді. Нәрестені алдандырып көтергеніңіз, оған көп көңіл бөлгеніңіз үлкен балаңызға мүлде ұнамайды. "Ол әлі кішкентай, сен үлкенсің" деп түсіндіргеніңізбен, балаңыз бауырына қызғанышпен қарап, мұның соңы кектенуге алып келуі мүмкін. Сол себепті балаңыздың көзіне әділетті көріну үшін барлық балаға бірдей қарауды әдетке айналдырған дұрыс. Мәселен: • Біреуін еркелетіп басынан сипасаңыз, екіншісін де ұмыт қалдырмаңыз; • Егер біріне ұрсатын болсаңыз, екіншісіне де ескерту жасаңыз. • Үлкен балаңызды қандай да бір шаруаға жұмсайтын болсаңыз, қалғандарына да шамасы келетін жұмыстар тапсырыңыз. • Егер де кішкентай балаңызды төсегіне көтеріп жатқызсаңыз, үлкенін де солай жатқызыңыз. • Үлкен балаңызды мақтайтын болсаңыз, қалғандарын да ескерусіз қалдырмаңыз. Анасының мұны да ұмытпағаны жөн. • Егер де кішкентай еркеңізді құшақтап, сүйе беретін болсаңыз, үлкеніне де солай жасаңыз немесе қалауын сұрап көріңіз.
Дереккөз: massaget.kz