Егер бала тым ерке болса не істеу керек?
Әрбір ата-ана өз перзентін қамқорға алып, аялайды. Бірақ баланың алдына барлығын үйіп-төгіп, айтқанын жасай бергеннің соңы ата-ананың өзіне таяқ болып тиіп жатады. Тым еркелеп кеткен бала басқаны былай қойғанда әке-шешесінің сөзін тыңдамайтын болады. Бала-бақшада кейде осындай шолжаңбай, әрдайым өзінің дегенін істеткісі келетін бүлдіршіндер топтағы өзге балаларға кері әсерін тигізіп жатады. Бақшаға келгенде анасының қолынан түспей, ананы кимеймін, ананы жемеймін деп қиғылық салып жатады. Тәрбиешілерді де таңнан кешке дейін әуреге салып, төзімін таусытады.
Тәрбиеге көнбейтін бала болмайды. Тым ерке баланы да жас кезінде жөнге келтіріп, артық қылықтарынан арылтудың амалдары бар. Балаға «болады» және «болмайды» деген сөзді түсіну қиын. Сол себепті оның мағынасын түсіндіріп беруіңіз қажет. Дамуының әр кезеңіндегі бала психикасының ерекшелігін ұмытпаңыз. Баласын қатты жақсы көретіндіктен, ата-аналар оған ойыншықтарды өте көп алып беріп жатады. Бірақ шамалы уақыттан соң бала одан да жалығады. Сөйтіп оның жаңа нәрсеге аңсары ауады, көбінесе ата-анасы тыйым салған дүниелерге. Мұндай болмас үшін оған барлық ойыншықты бірден үйіп-төгіп бермеңіз, тек арасында ауыстырып беріп тұрыңыз.
Бала есейе келе үлкендердің әлеміне енгісі келіп, олардың барлық әрекетін қайталауға тырысады. Мұндайда оған шектеу қоймаңыз. Үй шаруасында сізге көмекші болсын. Бірақ барлығын ойын түрінде орындатыңыз. Кір жуып жатсаңыз, оған да кішкентай леген беріп, өзінің шұлығын жуғызыңыз. Ас үйде тамақ даярлап жатсаңыз, ол да соны істеп, өзінің ойыншықтарын тамақтандырсын. Үй шаруасын бірігіп орындаудың бірнеше оң нәтижелері бар: біріншіден, бала үнемі сіздің жаныңызда, көз алдыңызда жүреді, екіншіден, кейбір заттардың не үшін қажет, қайсысы қауіпті, пайдалы екенін балаға түсіндіріп беруге мүмкіндігіңіз бар.
Нағыз қиындықтарға баланы балабақшаға беретін кезде тап боласыз. Егер сіз оны алдын ала дайындықтан өткізіп алсаңыз, ол «болады-болмайды» дегенді ұғатын болса қиналмайсыз. Бір дегеннен барлығын сатып алуға болмайды дегенді жақсылап түсіндіріп беріңіз. Біреуінде машина, екіншісінде ұшақ, үшіншісінде паровоз бар. Әрине, бала бәріне қызығады, өзінде ғана болғанын қалайды. Балаға бірігіп ойнау керектігін, бір-бірімен бөлісу керектігін түсіндіріп беріңіз. Егер бұл көмектеспесе, «Дүкен» деп аталатын ойын ойнап көріңіз. Оған ойыншық ақша беріп, қажет нәрселерін сатып алуын өтініңіз. Ақшасы жылдам бітіп, бала барлық нәрсенің мәңгілік емес, қалаған нәрсеге үнемі қол жеткізу мүмкін емес екенін түсінеді. Баланы қолыңыздан тастамай, назарыңызды тек соған бөле бермеңіз, балаңызды өз қатарластарымен көбірек ойнатыңыз. Сонда перзентіңіз сізге еркелеуін бір сәтке болса да ұмытып, көңілі басқаға ауады.
Мархабат Керімова,
тәрбиеші