Тым ерте үйленгеніңіздің 4 белгісі
Әркім әртүрлі жаста үйленеді. Біреуге бақ ерте келеді, біреуге кеш келеді. Кейбір жігіттер 18ге тола салысымен отау құрып жатса, кейбір ер азаматтар жастары 40-қа жетіп жатса да үйленуге асықпайды. Жақсылықтың ерте кеші жоқ, әрине. Әйтсе де ерте үйленіп, соңы ажырасуға ұласатын жағдайлар да кездесіп жатады. Ерте үйленгеніңізді білудің 4 белгісін ұсынамыз.
1. Тұрмыстық жағдайды қамтамасыз етуге қаражатыңыздың жетпеуі.
Үйлену оңай, үй болу қиын деп дана халқымыз бекер айтпаған. Себебі бір басын алып жүрген адамға үйленген соң екі есе, балалы болған соң одан да көбірек міндет жүктеледі. Отбасын қамтамасыз ету ер азаматқа жүктелетіндіктен, үйленерде сіз өзіңізбен қоса отбасыңызды да қамтамасыз етуге дайын болуыңыз қажет.
2. Үйге асықпауыңыз.
Үйленген ер азамат үшін әйелі – ең жақын адам әрі ең жақын досы іспеттес болуы керек. Ер азаматтың үйіндегі сүйіктісіне асықпауы шаңырақтың шайқалуына әкелуі мүмкін.
3. Бала сүюді қаламау.
Некелесіп, отау құрудың мәні де ұрпақ сүю екені белгілі. Ал ұрпақ сүюге ұмтылмау – балалы болуға дайын еместігіңіздің дәлелі. Ұрпақ өрбіту үшін құрылмаған неке мақсатсыз болғандықтан, оның құлдырауы да оңай болмақ.э
4. Еркіндіктің жоқтығының ұнамауы
«Қабырғаңмен кеңес» деген сөз бекер айтылмағаны секілді, қисық қабырғаңызбен кеңесіп, үйден шығарда әйеліңізге ескерту ұнамауы да ерте үйленгендігіңіздің белгісі.
Алайда бұл ажырасуға сылтау емес. Неке ойыншық емес екенін біліңіз де, отбасын нығайту үшін барыңызды салыңыз. Себебі сізге ұнамаған нәрсенің сіз үшін қайыры мол болуы мүмкін.