Құда түсу деген не?
Құда түсу дәстүрі – ежелден келе жатқан дәстүрлердің бірі. Оның да өзіндік ережелері мен шарттары бар. Алайда оны біріміз білсек, біріміз білмей жатамыз. Сонымен оның қандай шарттары бар?
1. Құда түсіп келген адамдарды жақсы қарсы алу. Көңілдері қаламаған кісілер, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар құда түсіп келсе де, дөрекі сөздер айтпай, сыпайылық танытып, көңілдерін қалдырмау – мұсылмандық әдептердің бірі. Қызды бергісі келмеген жағдайда оны дөрекі сөзбен емес, «ақылдасып көрейік», «қызымыздан сұрайық», «қызымыз жас қой» деген сияқты сыпайы сөздермен жылы жауып шығарып салу – нағыз мұсылмандық сипатты білдіреді.
2. Құда түсушілерге көп күттірмей, тез жауап беру. Құда түсушілерге жауапты кешіктіріп, салғырттық таныту – кісі ақысына қол сұққандық болып табылады. Сондықтан көп күттірмей, жауабын тез арада ақылдасып айтқан дұрыс.
3. Айттырылған қызға құда түсіп бару дұрыс емес. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде: «Ешбірің мұсылман бауыры айттырған қызға сөз салмасын. Тек алғаш айттырған адам ұсынысынан бас тартқан жағдайда немесе өзі рұқсат еткен жағдайда ғана сөз салуға болады» - деген. Яғни қызға сырға таққан жақ бас тартпайынша немесе қыз жақ құдалықты бұзбайынша, құда түсіп баруға жол берілмейді. Егер бірінші құда түсушілердің ұсынысын қыз жақ қабыл алмаса, екінші жігіттің құда түсуіне болады.
4. Қызды айттыруды жасырын жасау. «Қыз айттыруды құпия сақтаңдар» - деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисі бар. Олай деуінің себебі – біріншіден, қыз жақ келісім бермеген жағдайда жігіттің абыройының төгілмеуі үшін, ауыл-аймаққа өсек-аяң таралмауы үшін болса, екіншіден, күндеушілер тарапынан арандатушылардың түрлі жала айтып, қыз жақты не жігіт жақты райынан қайтармау үшін.
5. Құда түсіп, сырға салу үшін қыздың келісімін алу. Қыздың ризалығынсыз некенің дұрыстық шарттары бойынша неке дұрыс деп есептелмейтіндігі себепті құда түсу үшін қыздың келісімін алу міндетті. Қыздың келісемін деген сөзінсіз ешбір жоралғы жасалмау керек. Алайда келісемін деген сөзді бойжеткен қыз айтуға ұялатындықтан, оның үнсіздігі немесе күлімсіреуі оның келісімінің айғағы есептеледі.