Қандай жағдайда неке дұрыс деп есептелмейді?
Бірін-бірі сүйген екі жүрек үшін ең абзал амал - неке. Алайда неке қию кезінде де кейбір олқылықтар кетіп жатады. Ондай жағдайда неке дұрыс болып есептелмейді. Ал шаңырақ көтеруге немқурайлы қарауға болмайды. Ендеше некенің дұрыстық шарттары қандай?
Некенің дұрыстығының ең маңызды алғышарты - екі жақтың да, яғни қыздың да, жігіттің де ризашылығы. Мәжбүрлеу арқылы некелесу қабыл болмайды. Еріксіз ұзатылған әйел некеден бас тарта алады.
Қиылған неке көпшілік жұртқа жария етілуі тиіс. Сонымен қатар неке қию рәсіміне екі куәгер қатысуы керек. Бұл туралы Құранда: «Екі ер адамды куәгер етіңдер. Егер екі ер адам болмаса, өздерің куә ретінде құп көретін бір ер кісі мен екі әйел жеткілікті», - делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде де: «Неке тек қана куәгерлердің қатысуымен іске асады» - дейді. Куәгерлер міндетті түрде ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен болуы шарт. Сөз түсінбейтін масаң немесе керең кісілер, өзге діндегілер куәлік те алмайды. Бірақ мұсылман жігіті өзге діндегі қызбен некелескен жағдайда, сол дін өкілдерінен куәгерлер қатысуына рұқсат. Екі жұптың некеге ризашылығын куәгерлер естуі тиіс.
Екі жұпқа да «Сен оны жұбайлыққа қабыл еттің бе?» деген сұрақ қойылып, «қабыл еттім» деген жауап алынуы керек. «Қабыл етемін» деп келер шақта немесе осы шақта айтылса, неке дұрыс саналмайды.
Некелесетін екі жұптың бір-біріне харам болмауы керек, яғни мәңгілік харам етілген туыстар, қан жолымен харам болғандар немесе сүт ему жолымен харам болғандар арасында некеге рұқсат жоқ. Сонымен қатар уақытша неке қиылмайды және Ханафи мазһабы бойынша некелесу қыздың ата-анасының рұқсатын қажет етпейді. Алайда қыз өзінің теңіне бармаған жағдайда ата-анасы оның некесін бұздыра алады. Әйтсе де екі жақтың да ата-анасының рұқсатын алып, үлкендердің батасын алып, адал, ақ жолмен некелескен екі жасты Алла өзі шарапатына бөлейді.