Қалқаман Сарин. «Дала»

Oinet.kz 04-10-2018 1353

Керме иық далам, келем көсіліп,

Аяғым асты көк шалғын.

Төсіңнен текті өлең көшіріп,

Батыр бабамды еске алдым.


Көгімде менің қалықтап ұшқан,

Кереге қанат – қыран құс.

Шетінен – Шешен, Алып, Данышпан,

Бабаларыма мың алғыс!


Бозарып атқан бозала таңнан,

Бозторғай үнін естимін.

Ұлдары – ұлт боп ҚАЗАҚ атанған,

Еңісте тұрған ескі үйдің.


Керілген керім кербез даламда,

Көлім де есен, тау аман.

Жусанын желпіп жел қозғағанда,

Жұпар аңқиды ауадан.


Домбыра далам, тоғыз пернелім!

Шанағы шерлі мұң сіңген.

Қоңыр төбелі қобыз кеуделім,

Момын молалар күрсінген...


Далиған мынау далада жүрміз,

Дара нұр төгіп қыр таңы.

Соры бес елі Бабалардың – Біз

Бағы батпандай ұрпағы!

Қалқаман Сарин. «Арқаттағы біздің үй...»
Қалқаман Сарин. «Арқат»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу