Қайсар Қауымбек. «Сәлем хат»
Қасиетім де, киелім де сен,
Тұмар қып бойға түйерім де сен.
Сенесің бе, әлде, сенбейсің бе енді?
Әкемнен артық сүйемін десем.
Кешір, бұл сөзім асылық болар?!
Ақымақ ұлың тасынып толар.
Санамды мұжып, сансыз ойларым
Күн бата көкке шашылып қалар.
Мен үшін жайған құдайға қолды,
Көзіңнен көрдім шырайлы әлемді.
Дәл қазір шексіз мейіріңді айтсам,
Мыналар өксіп жылайды-ау енді.
Көз жасын қайтем?!
Айтпадым, мақұл.
Өткіздің бе аман ақпаныңды ақыр?
Әудем-ақ жерде басын бұлт басып,
Әкемдей болып ақ тауым жатыр.
Шаршата берме санаңды, күнім,
Аймалап жеткен самал – бұрымың.
Түсіме кеше әкем кіріпті,
Сағынып жүр-ау жаман құлынын.
Жалыны шығар сол берген оттың,
Қоздайды келіп кеудемде көп мұң.
Шіркін, сіздің шал – асыл ғой, асыл!
Мен ондай еркек көрген де жоқпын.
Не деймін, шеше, бәрі аман ба өзі,
Оң болсын хақтың қараған көзі.
Өзіңдей қамқор ауылды ойласам,
Кеткім келеді қаладан безіп.
Басы той жалған, баяны сұмдық,
Арманымды алдан жаяды ту қып.
Аманмын, шеше, несін айтайын,
Мендегі сол ғой.
Баяғы тірлік.
Түнеріп, төніп қара аспан өңі,
Тентегің талай адасқан еді.
Тіл тиді, ойбай!!!
Туған тауымның
Аршасыменен аласта мені.
Құшағына еніп, шабыт сайтанның,
Кешір, жан анам, бағыттан тайдым!..
Омырауыңды иіскеп емделемін ғой,
Аман бол алда барып қайтармын.