Исраил Сапарбай. «Менің мұңым тек қана менің қайғым емес қой»

Oinet.kz 30-09-2018 1236

63e685261b2333a37e4ee666af126660.jpg

Менiң мұңым тек қана менiң қайғым емес қой, 

Қалғып кеткен қаймана – қаңғып жүрген Елестей... 

Көштi қалай түзермiн, 

Естi қалай жиярмын, 

Оң жағымнан жел еспей, 

Сол жағымнан ел өспей? 


“Бетегеден биiкпiн, аласамын жусаннан”... 

Көрiне ме көкжиек көз сүзгенмен құр шаңнан? 

Аларманның сүлейi, 

Берерменнiң үрейi – 

Ақын қайда бусанған?! 

Батыр қайда құрсанған?! 


Жаңа туған жас бала... 

Кiрпияз ба, кiм өзi?

Кiмге ырыс, кiмге құт кiндiгiмнiң Кiнәзi? 

Ауыздығын шайнаған Арғымағым болмаса, 

Кiмге керек қазақтың қойдай қоңыр мiнезi? 


Заман мынау апшынған айдаһардай жаланып, 

Не болмақшы қаптаса Қараспанды қара бұлт?.. 

Қам-қаперсiз басыма қайта оралмас күн келсе, 

Қасқыр басым қаншыққа қалмаймын ба таланып?.. 


Ерке мiнез ез емес, 

Еркек тектi ел ем ғой?!. 

Екi көзiм телмiрдi-ау есiк жаққа елеңдей... 

Көкбөрiм-ау, 

Көп-көрiм қуарды ма бөктерiң, 

Бөрiктiрген кiм сенi? 

Түске жүрсiң неге енбей? 


...Менiң қайғым тек қана менiң мұңым емес қой?! 

Қалғып кеткен қаймана – қаңғып жүрген елестей... 

Көштi қалай түзермiн, 

Естi қалай жиярмын, 

Оң жағымнан жел еспей, 

Сол жағымнан ел өспей?!

Исраил Сапарбай. «Бойжеткеннің жүрісі»
Құнанбай Өскенбайұлы. Қанатты сөздері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу