Жұматай Жақыпбаев. «Көк жорға»

Oinet.kz 27-09-2018 828

photo_125142.jpg

Сен үшін өкпеңді айтар сан, 

Жанымнан шашылған жыр-әндер. 

Көк жорғам, күлтілдеп тайпалсаң, 

Жарқылдап барады құранды ер. 


Ертеңгі қазақты біл бүгін, 

Біз жайлы сонау бір сырттағы ән. 

О, менің шәлкестеу дүлдүлім, 

Ұрттаса, мен құсап ұрттаған. 


Қамшылар жағыңа, жел жаққа, 

Қарайсың көзіңе толып мұң. 

Жем бермей қойды ма мен жоқта, 

Жоқ әлде орынсыз зорықтың? 


Жаныңа салып бір мол қайғы, 

Көрсеткен екен ғой сый маған. 

Айттым ғой, бұл түге, оңбайды, 

Ақырғы тұлпарды қинаған. 


Пырағым, ай тұяқ, ақ табан, 

Көрдің сен Жоңғарда сан жарыс. 

Сынасса жокейлер баптаған, 

Чемпион көп бие қалды алыс. 


Бостан бос кетер ме мол күшің, 

Соңыңнан жете алмай ерді жел. 

Әлемдік жарыс жоқ жорға үшін, 

…Бәйгеңді шаппай-ақ бергізем.

Жұматай Жақыпбаев. «Шығармай жүрдім бір де естен»
Жұмекен Нәжімеденов. «Қошалақ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу