Ерболат Баятұлы. «...Жақсыдан ғана аласа!..»

Oinet.kz 20-09-2018 864

Бәйгеге қоссаң күлікпін,

Кекілімді тұрған сүйіп күн.

Жусаннан кейде аласа,

Бетегеден мысқал биікпін!


Ізгілікке дәйім құмармын,

Жақсыға жақын сыңармын.

Біреуге тапал тарлаумын,

Біреуге биік шынармын!


Серттен таймас серімін,

Кейде жынмын, перімін.

Иттігім жоқ ешкімге,

Жалғызжортқан бөрімін!


Кешегілердің артымын,

Жаныма келші, жарқыным.

Көңілімменен көп екем,

Жалғыз емеспін, жалқымын!


Керегі қанша егестің,

Сабырмен салқын кеңестім.

Бәріңе доспын, бауырмын,

Ешкімге дұшпан емеспін!


Ағарған таңдай ой-санам,

Құдайдан жалғыз тайсалам.

Кек қуып әсте көрмеппін,

"Жә, қойшы соны"- дей салам!


Шығандармын, шырқармын,

Тұяғы едім тұлпардың.

Сүйіскен жанға ынтықпын,

Сұлулыққа әмсе іңкәрмін!


Қулыққа салсаң шорқақпын,

Түн қатып жүріп жолтаптым.

Жұбанышыңа да ортақпын,

Қуанышыңа да ортақпын!


Жапанда жортқан киікпін,

Жарық күн, сені сүйіппін.

Жақсыдан ғана аласа,

Жаманнан бірақ биікпін!

Ерболат Баятұлы. «... Алтайда едік!»
Ерболат Баятұлы. «Қоңыр!..»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу