Ерболат Баятұлы. «Қоңыр!..»

Oinet.kz 20-09-2018 945

Ащылау өміріңе көңіл қатық,

Сұм заман тереңіңе сорың батып.

Қолына қоңыр шанақ домбыра алып,

Әбікен* жатқан еді қоңырлатып.


Заман тұр тарс айырлып талағынан,

Ой іріп ойсыраған сана тұман.

Екіішекті зарлатып ұзақ жатты,

Қоңыр сазды төгілтіп шанағынан.


Дүние екі айналаркезек дейді,

Заманға ақыл түгіл сөз өтпейді.

Ширығып шыққан мұңды қоңыр әуен,

Шырылдап пернелерде безектейді.


Апырмай, өткен күндер арман бүгін,

Сезеді жаны жүдеп қалғандығын.

Күй айтып зарланады терең толғап,

Өмірдің өкінішті жалғандығын.


Долы қол екі ішекті қамшылады,

Күй бөлек домбырада ән сыңары.

Қоңыр үн шектегі мұң- шер болып,

Шанақтан ақжауын боп тамшылады.


Баяғы Тәттімбеттің күйі сынды,

Бозжорға, сала алмаймын жүрісіңді.

Сәкеннің** қамалғаны рас болды- ау,

Тар заман тарылттың ғой тынысымды.


Жанымды енді немен жылытармын,

Бейнеңді қалай, қайтып ұмытармын.

Сарыарқа – сары сағым сағынышым,

Ұлы еді кұйық мекен Ұлытаудың.


Жарқ етіп сұм жалғанның жанары атты,

Мінушіек мұз бетінде тағалы атты.

Қоңырлап қоңыр әуен зарлағанда,

Үзіліп қоңыр кеш те бара жатты.


Қалмаған күйден басқа өзге амалы,

Сорлы күй қай мұңыңды қозғамады.

Сәкеннің елестеді сұлумұрты,

Қап- қара тостағандай көз жанары.


Запыран өксік тұрып тамағында,

Бәрі сіңді зымзия сары ағынға.

Мөлт еткен көз жасындай жылап жатты,

Қоңыр күй домбыраның шанағында!..


* ӘбікенҚасенов - күйші

** Сәкен Сейфуллин

Ерболат Баятұлы. «...Жақсыдан ғана аласа!..»
Ерболат Баятұлы. «Шопен. Нәзіктік (Нежность)»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу