Қадыр Мырза Әли. «Қазына»
Америка ашқандай
Аштық талай өңірді.
Кедергісіз ешқандай
Қаздық қанша көмірді!
Қара жерді қопардық
Астары - алтын,
Тысы - шым.
Кенді судай қотардық
Мырышы үшін,
Мыс үшін!
Тұнып тұрған бір құнар
Түзім менің керең бе?
Жермай үшін бұрғылар
Жетті қанша тереңге!
Қашты жұрттың күлкісі,
Қашқаны да орынды:
Көне заман мүлкі үшін
Қаздық қанша қорымды!
Көзіңізбен көрдіңіз:
Таумыз,
Түзбіз,
Тақырмыз.
Қазып-қазып,
Жерді біз
Жегідей жеп жатырмыз!
Бүгіп қалма!
Бұлдама!
Болса елдің керегі.
Басқа түгіл,
Бұл дала
Бізге уран да береді!
Келешекке базына
Көп сыр жатыр жазылмай.
Тарих деген қазына
Қала ма тек қазылмай?!
Өткен күн де - өнеге,
Тонна тұрар грамнан!
Тарих сонша -
Немене? -
Қауіпті ме ураннан?!