Мұқағали Мақатаев. «Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды»

Oinet.kz 02-09-2019 1016

Біздер жүрміз дер кезінде туылып,

Суға түсіп, отқа өртеніп, жылынып,

Жетімдердің ұясына тығылып,

Жесірлердің көз жасына жуынып,

Әйтсе дағы, дер кезінде туылып!

Біздер мына дәуірменен бірге өстік,

Қарап соның қабағына, күн кештік.

Уақыттың үніменен тілдестік,

Уақыттың көшіменен бір көштік.

Адамзатты қорғай жүріп, қаң бастық,

Адамзаттың азғынымен арбастық.

Аласаиран арпалыстан аман қап,

Адамзаттың өмірімен жалғастық.

Бұл дәуірдің бетін біздер ашқанбыз,

Болашаққа солай қадам басқанбыз.

...Біздер - әлі жан баспаған асқармыз,

Біздер - әлі жазылмаған дастанбыз.

Біз жараттық мынау ғажап ғасырды,

Тарихы оның біздерменен ашылды.

Біздің мына қолтаңбамыз басулы.

Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды

Мұқағали Мақатаев. «Сәлемдеме»
Мұқағали Мақатаев. «Сынық қанат шағалам»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу