Мұқағали Мақатаев. «Сәлемдеме»

Oinet.kz 02-09-2019 1350

1450429369_3a4a2274e8d7a715dc31bd6a5e55551f.a1762bf7cb196e15ffcd4a1b4e9173c413989.jpg

Менен сәлем айтқайсың сұрағанға,

Сұрағайсың, үй-іші дін аман ба.

Өмір кешіп жатыр де ол да өзінше,

Тірлік керек, әрине, тірі адамға.

Дегейсің болмашыға қамығып жүр.

Болмаса, барлығы да табылып жүр.

Құлын-тайдай тең өскен құрбыларын,

Дегейсің сағынып жүр, сағынып жүр.

Айтқайсың жағдайымды өзің көрген,

Аман де әзірге тек көз ілгеннен.

Күйзеліп күндіз-түні тыным алмай,

Күресіп жатыр деген сезімдермен.

Сыртын беріп достары кеткеніне,

Өкінбейді дегейсің, өткеніне.

Табыс етіп бар сырын жіберді де,

Көзден ұшқан көңілдің кептеріне.

Армандайды дегейсің, қиялдайды,

Қайда барса, бір басы сыя алмайды.

Сендер оны ұмытып кетсеңдер де,

Дегейсің, сендерді ол қия алмайды.

Мұқағали Мақатаев. «Тоқта, ботам»
Мұқағали Мақатаев. «Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу