Сұлтанмахмұт Торайғыров. Шығамын тірі болсам адам болып
Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл дүниеде жаман болып,
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп надан болып.
Мен балаң, жарық күннен сәуле қуған,
Алуға, күнді барып, белді буған.
Жұлдыз болып көмеймін елдің бетін.
Болмасам толған айдай балқып туған.
Бұл сөзім асып айтқан асылық емес,
Ойында оты барлар асылық демес.
Тебем деп, тірі болсам надандықты,
Серт етіп, өз-өзіме еткем егес.