​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Күнделік дәптерінен

Oinet.kz 02-09-2019 970

Картинки по запросу Сұлтанмахмұт Торайғыров

1914 жылы 7 жолдаспен Шорман ауылына өзімді қазақшылық айнасында көру үшін бардым. Жолдағы елде менің көлеңкемді сыртымнан естіп, бадырайтып көрсетпеген ел жоқ. Іздеп барған Садуақас барған жерден мені түссіз буа сөйледі.

Мен ауыл оныкі һәм үміт болған соң таза жауап қайырмай, ұтқызыңқырап отырдым. Жанаспайтын ауыл екен деп елдегі жайшылық қалпымды бұзбадым. Бәлкім, онан көрі ілтипатсыз отырдым. Білдім: ол ішінен менің бұл мінездерімнің жалғызын жақтырған жоқ. Бояма қалыпта жылтырады. Жүрерде осы бойымша аттансам қалпе деп ойлар һәм боямаға алданбағанымызды білдірейін деп:

Шоң, Шорман едік,

Бір-бірімІзге қорған едік.

Шоңның, Торайғырдың көк жапырақтары

Бұтағыңа келіп қонған едік.

Онымызға қарай сіз де:

«Кім келіп, кім кетпеген ауыл едік»

Деп. бауырлығыңды білдірмей,

Арқаңның жауырлығын білдірдің.

Шоң. Шорманға бастамасаң да,

Ілтипатыңнан тастамағаныңа рахмет —

«хош»,— деп, қолын ұстап амандасып жүре бердім.

        Былай шыққан соң жолдастарым: «Құрметтеді» деп мақтасып сөйлескенде, менің жаным ауру, жайым жайсыз еді. Мұнан былай:

Малға басым имеске,

Рия тонын кимеске.

Кісі құрметін сүймеске,

Өз ісіме тимеске,

Кісі тіліне ермеске,

«Қазақшылыққа» енбеске,

Аштан өлсем аламға,

Намысымды бермеске,

Май тамызса тілінен

Еш адамға сенбеске.

Өз акылымнан баскара

... көнбеске.

Кәміл уағда етілді! — дедім.

1914

Мұхтар Шаханов. Шыңғыс Айтматовқа
​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Күншіл ақ кірпік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу