Сұлтанмахмұт Торайғыров. Ендігі бет алыс
«Кірді ғой түстен кейін тентек ақылы,
Сертімнің бұл өмірлік ең ақыры,
Адам құл өзін жеңіп ұстамаған!»
Деген бір Сократтың бар нақылы.
Тұрмысты үмітім көп жеңем деген,
Жеңуге жігеріме сенем деген.
Ырқыма менің жүрер қай дүние,
Көнбесе өз ырқыма өзім денем.
Әрине, шыдар-ақпын өлуге мен,
Баспаспын жаман жолға көнуге мен
Ақтармын оқып-жетіп адам атын,
Басқаға жоқ ықылас бөлуге мен.
Менде жоқ қажу деген, ашу деген,
Тарығып, болымсызға жасу деген.
Ісіне құрт-құмырысқа ілтипатсыз,
Ойымда тек сол белден асу деген.
Шындықтың аулын іздеп түстім жолға,
Разымын,
не көрсем де осы жолда.
Шаршармын,
адасармын,
шалдығармын,
Бірақ бір табармын деп, көңілім сонда.