Абай Құнанбайұлы. Қыз сөзі (Қиыстырып мақтайсыз)

Oinet.kz 29-08-2019 1842

Картинки по запросу абай өлеңдері

Қиыстырып мақтайсыз,  

Ойласаң не таппайсыз? 

Бізде ерік жоқ, өзің біл, 

Әлденеге бастайсыз.

Біз де әркімді байқаймыз, 

Тап бергеннен тайқаймыз. 

Сіздей асыл кез болса, 

Қайтіп басты шайқаймыз?

Ақылыңа сөзің сай,

Сіз — жалын шоқ, біз — бір май;

Ыстық сөзің кірді ішке,

Май тұра ма шыжымай.

Қабыл көрсең, көңлім жай, 

Тастап кетсең, япырмай, 

Ит қор адам бола ма 

Бұл жалғанда сорлыңдай?

Тілегімді бермесең,  

Амалым не жерлесең? 

Үйір қылма бойыңа, 

Шыны жақсы көрмесең.

Қайғың болар шермен тең, 

Қара көңлім жермен тең.

Сенсіз маған жат төсек 

Болар бейне көрмен тең.

Сіз — бір сұңқар шаћбаз*, 

Жер жүзінен алған баж.* 

Біздей ғарып есепсіз 

Есігіңде жүр мұхтаж.

Көңлің тұрса бізді алып, 

Шыныменен қозғалып, 

Біз — қырғауыл, сіз — тұйғын, 

Тояттай бер, кел де алып.

Тал жібектей оралып, 

Гүл шыбықтай бұралып, 

Салмағыңнан жаншылып, 

Қалсын құмар бір қанып.

Мұны жаздым ойланып, 

Ойда бардан толғанып. 

Кірсе ішіңе оқи бер, 

Бозбалалар, қолға алып.

Мұны оқыса кім танып,

 Жүрегіне от жанып. 

Сөзді ұғарлық жан тапса, 

Айтса жарар ән салып.

Өлең жиған тырбанып, 

Ән үйренген ырғалып, 

Сорлы Көкбай қор болды-ау, 

Осыншадан құр қалып.


Абай Құнанбайұлы. Қыздарға (Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бәкең)
Абай Құнанбайұлы. Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу