Абай Құнанбайұлы. Талай сөз бұдан бұрын көп айтқамын

Oinet.kz 29-08-2019 1361

Картинки по запросу абай өлеңдері

Талай сөз бұдан бұрын көп айтқамын

Түбін ойлап, уайым жеп айтқамын.

Ақылдылар арланып ұялған соң,

Ойланып түзеле ме деп айтқамын.

Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,

Бірінен бірі шапшаң ұқпас сөзін.

Көздің жасы, жүректің қаныменен

Ерітуге болмайды іште мұзын. 

Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,

Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.

Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,

Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.

Адасып алаңдама жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық қамалмай.

Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.

Абай Құнанбайұлы. Тайға міндік
Абай Құнанбайұлы. Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу