Мұқағали Мақатаев. «Төлегенге»

Oinet.kz 29-08-2019 1295

1450429369_3a4a2274e8d7a715dc31bd6a5e55551f.a1762bf7cb196e15ffcd4a1b4e9173c413989.jpg

I

Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның,

Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.

Торғай-өлең шырылдап бара жатты

Аузында ажал дейтін сұрапылдың.

Торғай-өлең өлмеді, аман қалды

Әкетті ажал...

Жыр емес, адамды алды.

Бір өмірдің дастаны басталды да,

Шорт үзілді,

Шоп-шолақ тамамдалды.

Қаралы лек.

Бозғыл шаң шұбатылды.

Бара жатыр жерлеуге шын ақынды.

Маржан - жырдың мөп-мөлдір бір түйірі

Құмға түсіп кетті де, уатылды.

Тұңғыш көрдім қайтқанын шын ақынның,

Қаталы-ай жыл дейтін сұрапылдың!

Сұңқар - төсі томпиып қарсы қарап,

Қаршығадай қылшылдап тұратын кім?!

Енді жоқ азаматым, аймаңдайым,

Жоқ болды құмға сіңген айрандайын.

Асығыс, ылғи жортып жүруші еді,

Бетпақтан су іздеген жайрандайын...

II

Бармаңдар ақынды жұрт жерлегенде,

Көрмеңдер көрдің аузы жабылғанын.

Көтеріп сендер оны келмегенде,

Көмусіз қалмайды ғой бауырларым!

Көмбеңдер!

Топырақты тастамаңдар!

Жабыла толтырыңдар кұмды ұдаиы.

Ақынды көмсін білмес басқа жандар,

Басына бармаңдар да, құрбылары!

Ет жүректің езілмес кезі ме бұл...

Жылай білсең, шын жыла!

Жасыма тек,

Кезек күтіп тұрғандай сезіне біл,

Алдыңдағы апанның басына кеп.

Мұқағали Мақатаев. «Өкпелеттім...»
Мұқағали Мақатаев. «Аулыңа бір келгенде...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу