Мұқағали Мақатаев. «Басқа жыл»

Oinet.kz 28-08-2019 974

1450429369_3a4a2274e8d7a715dc31bd6a5e55551f.a1762bf7cb196e15ffcd4a1b4e9173c413989.jpg

Ертең жұрт басқа жылды қарсы алады.

Тамашалап, күй тартып, ән салады.

Би билейді жастар да, кәрілер де,

Ұмыт болып жыл бойы шаршағаны.

Жайылған ақ дастарқан - ақ көңілдер.

Әжелер, балалар шат, шат келіндер.

Бәріңе айтатыным - бір-ақ тілек,

Бәрің де бақ көріңдер!

Бақ көріңдер!

Ертең жұрт қарсы алады басқа жылды.

(Тұрса екен тұман баспай аспанымды.)

Ертең мен түні бойы ұйықтамаймын,

Ұмытамын сырқатты, баста мұңды.

Басқа жыл келгенінше жер бетімен,

Құшақтап Дүниені тербетілем.

Ертең мен барлығынан айығамын,

Бір сүйіп Жаңа күннің келбетінен.

Бүрсігүні басқа жыл басталады.

Шал тұрар,

Қырау-қырау қас-қабағы.

Пенсияға шығуға таяды қарт,

Тағына отырғызып жас баланы.

Мұқағали Мақатаев. «Дұшпаның бар ма?»
Абай Құнанбайұлы. Жүрек - теңіз, қызықтың бәрі - асыл тас
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу