Мұқағали Мақатаев. «Дұшпаның бар ма?»

Oinet.kz 28-08-2019 1141

1450429369_3a4a2274e8d7a715dc31bd6a5e55551f.a1762bf7cb196e15ffcd4a1b4e9173c413989.jpg

-Дұшпаның бар ма? -дейсің,

Қайдан білем...

Әйтеуір, жүрген жерім - сайран кілең.

Қазақтың қайсы үйіне барсам-дағы,

Алдымда - ақ дастарқан, жайған кілем.

Дұшпаным жоқ-ау деймін, түрі жаман...

(Сірә, мен бұл майданда тірі қалам.)

Қазақтың қайсысымен кездессем де

Қайрылмай кеткені жоқ бірі маған.

Достастым кішісімен, үлкенімен,

Өзімшіл өжетімен, үркегімен.

Ата-қазақ алыста той жасаса,

Алдымен тізіміне тіркері - мен.

Қайғырмаймын соңымнан сөз бөскенге

Білемін бұғатынын кездескенде,

Әйтеуір, жүздерінде жылылық бар,

Қазақтың қайсысымен кездессем де.

-Дұшпаның бар ма? - дейсің,

Қайдан білем...

Асыр caп ортасында ойнап жүрем.

Сірә, мен бақыттымын дұшпаны жоқ,

Үйден шықсам - сауық пен сайран кілең.

Мұқағали Мақатаев. «Бозқараған»
Мұқағали Мақатаев. «Басқа жыл»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу