Оңтүстіктің Омарбайы туралы толғаныс

Oinet.kz 21-09-2023 320

Омарбай Малқаров жиырмасыншы ғасырдың құрдасы болған, көп жасаған  жан. Ол өзінің саналы ғұмырын қалың қазақтың ортасында, еңбек адамдарының арасында өткізді. Оның халықпен тығыз байланыста болуының басты себебі, өзі де сол қалың халықтың арасынан шыққан қарапайым жан болатын.

Screenshot_30.jpg

Омарбай ақынның өлеңдерінің тақырыбы да қайнаған еңбек, кейіпкерлері де қайнаған еңбектің ортасындағы үлкен жүректі азаматтар еді. Ыстық-суыққа төзіп, қой соңында жүрген шопан, қалың қар, аязды боранда қайыруы қиын сәйгүліктермен бірге тыныстайтын жылқышы, бейнетқор механизатор, маңдай тері шып-шып төгілген егінші – Омарбай өлеңдерінің алтын арқауына айналған еді.

Оның ашуы тез, қайтуы одан да жылдам еді. Ойындағысын бүкпей айтып, адамның бетіңе тура қарап отыратын. Дей тұрғанмен, көңілі келген кезде жайраңдай күліп, айдынынан асып-төгілген көлге ұқсай қалатын. Сөйтсек, мұның бәрі де мінез байлығы, жан тазалығы екен. Көзі тірісінде өз абыройына, арыңа дақ түсірмей өткен ақынның тағы бір ерекшілігі – көпшілдігі еді. Ел десе шығарда жаны бөлек-тін. «Қызыл таң» колхозының, Шымкент қаласының құрметті азаматы атанғаны да елге, жерге деген үлкен махаббатының өтеуі шығар, бәлкім?! 

Ақынның адами қасиеті мен ақындық табиғаты жайлы талантты ақын Әбдікәрім Ахметов бір жылдары былай жырлаған еді:

Дүниенің дөңгеленген арбасында,

Көп менің сырласым да, жырласым да.

Ұнатам ағаларды алдымдағы,

Тұратын бәйтеректей жар басында.

Омекең бәйтерегім қасымдағы,

Ақ пейіл ақ шашымдай басымдағы.

Қайнары қиялының аспанға атып,

Қаратау шақпағындай асыл жаны.

Ал, хан қызындай Ханбибі ақын Есенқарақызы былайша жазыпты:

«Ырқына тағдыр көнбегем,

 жалынын жанның сөндірмей!»

деген екен, ХХ-ғасырда өмір сүрген Омарбай Малқаров.

Жыр алыбы Жамбылға ғана жарасар ғасырлық өмір,

атақ пен даңқ, абырой біздің Омекеңе де бұйырыпты.

Тағдыр атты жазмыштың сілікпесіне мойымай қараған,

Сері де сірі ақын жаны бүгінде де ту-у биіктен, аспаннан асқақтап қарайтын сияқты.

Қайран, Омекең! Қанаттасып, қатарласып бізбен бірге жер басып жүргенінде ақынның 90 жылдығын атап өту үшін, қапы кіріп, күпі шығып жатқан болар ма едік!

Тауратта мынадай бір сөз бар екен: «Уақыт өтіп бара жатқан жоқ, өмірден біз бара жатырмыз». Бұл шындық. Өтіп кетпесе күні кеше ғана Омекеңді алдына салып айбарымыз, ақылгөйміз деп жүрген Әбжаппар Жылқышиев пен Нәмет Сүлейменов ағаларымыз қайда кетті?!

Осыдан төрт жыл бұрын ғана бақилық болған ақын, өмірінің соңғы күндеріне дейін қолынан қаламын тастаған жоқ. Жергілікті баспасөздерде жарияланып тұрған өлеңдерінен бір байқағанымыз – жас ұлғая келе адам бар мүмкіндігін соңына қалдыруға асығатындай еді. Ақын өзі жасаған 86 жасында оннан астам кітап жазды. «Мен ат үстіндемін», «Өмір өткелдері», «Оңтүстік аспаны» тағы басқа кітаптарын ақтара отырып, өмір жәйлі, туған жер, еңбекшіл бұқара өмірі көз алдымыздан әдемі суреттер арқылы тағы да бір көрініс беріп өтті.

...Оты бар жүрегінде айтар батыл,

Ақынның жаны – шүлен, сөзі – нақыл. Диқандай жомарт болу тіпті қиын,

Екпелі өлең саған емес дақыл, - деген өлең жолдарындағы соңғы екі қатарына тереңірек бойласаң, көп нәрседен хабардай еткендей. Шын мәнінде ақын мен диқан ұқсас ұғымдар. Диқан – елдің, халықтың, жалпы адам байлығын молайту мақсатымен жерге тұқым салады, баптап күтеді. Ал ақын адамдардың санасына, жанына рухани байлық салады. Ақынның «Екпелі өлең саған емес дақыл» дегеніне келсек, шаруашылық тілімен айтқанда «үстемелеи суару» немесе «тыңайтқышты тиімді пайдалану» нәтижесінде өнім сапасын бірнеше есе артыруға болады екен. Ал барша жабылып, тіптер техниканың соңғы жаңалықтарын сарқа пайдаланғанның өзінде, әдемі, сұлу. Сезімге бай поэзия тудыру мүмкін емес. Демек ақынның айтпақ ойында терең философиялық ұғым жатыр.

1980 жыл болатын. Облыстық мәдениет басқармасына қарасты бір кішкене мекемеде кішкентай қызмет атқарып жүрген уақытым. Бір күні 1959 жылы жарық көрген «Айтыс» деген кңітапшаны тауып алдым. Оның құрастырушысы облысымызға белгілі журналист, кезінде айтыс ақыны болған Қалмақан анарбеков екен. Осы айтыс өнерін жалғастырсақ қайтеді. Деген ой келді. Сонымен сол кездегі көзі тірі айтыс ақындарының тізімін алып, айтысқа бейімі бар жастарды іздестіру мақсатымен ауыл-ауылды араладым. Бірде Қызылқұм аудынында болдым. Ауылды жерде сөз телефоннан да жылдам жүреді, «осындай да осындай, халықтан шыққан таланттарды іздестіріп жүр екен» деген сөзді есітіп, Әселхен деген қыз менімен байланысты. Танысып, біліскен соң, ақын қыздың талантына тәнті қалдым.

Шымкентке келген соң жылдамдатып айтыстың бағдарламасын жасап, өткізетін күнін белгіледік. Ол кезде мәдениетті марқұм Қинаш Тұяқаев басқаратын. Орысшалау еді. Менің бір қуанатыным, ол кезде «өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын», бір бетін орысқа бұрып тұратын басшылардың кезі еді, ал қинаш аға маған қиянат жасамады. Омекең бастаған қазылар алқасы да сақадай сай. Айнабек, Көпбай, Қалдыбек, Камал, Тұрар, Мұхтар сынды айтыс ақындарымен қатар Әселхан мен жетісайлық Оразгүл сынды қыздарымыз қатысқан ақындар айтысы дүрілдеп өтіп жатты. Халықтың айтыс өнерін сағынып-ақ қалған кезі екен, көрермендер өте көп болды. Айтайын дегенім айтыстан кейінгі «айтыс» еді. Беделді кісілерден тұратын қазылар алқасы сараптауға көшкен кез болатын, жасыратыны жоқ, маған Әселханның айтысы өте қатты ұнады. Көкейімде Әселханға бірінші орын беру жөніндегі ой кетпей тұрып алды. Қазылар алқасы да осы тоқтамаға келіп тұрақтады. Осы кезде айтыс өтіп жатқан драма театрының бас режиссері киліксін келпі, «киімі нашар, әртістігі жоқ, сахнада тартымды емес» - деп. Ол кезде сондай шенеуніктер өнер тағдырын шешіп кете беретін. Мен да қарап қалмай «Сіздің айтап отырғаныңыздың бәрі жөнделетін нәрсе, орын – нағыз талантқа берілуі керек» - дедім. Солтүстік облыстан келген орысшалау жігіт екен, ешкімді менсінетін түрі жоқ, маған қарап: «Сен кімсің өзі!» - деп бажырайды. Тіптен көкайылданып, маған қарай тарпа бассалмақ ойы бар.

- Ақын саған әртіс емес, баға – тұнба талантқа берілуі керек! – деп мен де қарсы жүрдім. Екеуміздің төбелесетін түріміз бар. Жұрт кино көргендей тамашалай қалыпты. Осы кез:

- Әй, найсап! – деген Омекеңнің дауысы көтерілді. Ашуға булыққан аға, әлгіге қарап: «білмесең біліп ал, бұл біздің бетіне қарап отырған жалғыз ақын қызымыз! Қыз сыйлап көрмеген, надан! Осы бала не айтса сол балады! Ал бердік, Әселханға бірінші орынды!» - деп, өрбіген дау-дамайды бір-ақ ауыз сөзімен пышақпен кескендей тиып тастап еді.

Ұзақ әрі мағыналы өмір сүруді армандамайтын адам кемде-кем шығар. Бірақ ондай өмірді құдай сүйген құлына ғана сыйлар.

Сексен жасында қолына таяқ ұстамаған, сөйте тұра өзін жұрттан саяқ ұстамаған, жанын жырдан аяп ұстамаған – қадірлі Омекең туралы кезінде сырлас, пейілдес інісі – Нәсіреддин Сералиев – «Алдымда жүрсе – айқайшым, артымда жүрсе - қамқоршым» деп, дәл айтқан екен. Осы сөз Оңтүстік қаламгерлерінің баршасының атынан айтылғандай болады да тұрады.

Омекең шыншыл да сыршыл, ақкөкірек болумен қатар, шамшыл да еді. Жел жағынан келіп шағып тастайтын. Бірақ, артында зілі жоқ, қайтымы тез болатын.

 Мына бір оқиға есіме түсіп отырғаны. 1986 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының ІХ съезі болды. Съезге Омекең Зейнеп апамызбен, мен төрт айлық қызым Ақмаралмен барып едім. Қайтарда бір купеде келгенбіз. Ол кісінің кеңдігінен болар, көбіміз купеге сыйғанша Омекеңнің жанына отыруға асығатынбыз. Кең жүректі ақын да соған риза болғандай көңілді отырды. Әншейінде қақпайлап тастайтын Қаныбек ақынның да арқасынан қағып, көңілін қалдырмап еді.

- Омеке! – арқалы ақын купенің есігінен сығалап, - үлкеннен дәметпеген, құдайдан дәметпейді деген, басымның ауырып тұрғаны...

Әншейінде мәселенің бүге-шегесіне көзі жетпей, шұғыл шешім қабылдамайтын ақын бірден апамызға бұрылып:

- Әй, Зейне, бірдеңең бар ма, берсейші, мына Қаныбекке! – деп еді-ау жарықтық.

Зейнеп апамыздың әмиянын ашықызған аға, әрі қарай әңгіме желісін келістіріп жалғап отырды...

- Өздерің білесіңдер, мен тағдырдың тәлкегін көп көрген адаммын. Жеті жасымнан жетім қалып, жетім қозы бағып, одан бергіде он саусағымды үсік шалып, түсіп қалғанын да көріп отырсыңдар. Бірақ мен өзімді ешқашан бақытсыз санамағанмын. Әйелден де аузымның салымы бар екен. Мына Зейне жеңгелеріңді... біраз мүдіріп қалып, - ол кезде бір ауданның білдей қызметкері – аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болатын...қолға құс қондыру оңай дейсің бе, көңілімді таза ниетімді, өлеңмен жолдап жүріп...араға бір жыл салғанда – дей бергенде...

- Екі жыл десейші! – деп, әңгімеге Зейнеп апай араласты.

Ағамыз алдында абдырыңқырап қалды да, ер – тұрманын бауырына алып туласын келіп:

- Ей, сен неге сөзді бөлесің? Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма? Ал ендеше мен айтайын саған, ешқандай екі жыл түгілі бір жыл емес, саған екі айдың ішінде үйленгенмін!..

Зейнеп жеңгеміз білімді, көпті көрген парасатты жан екен, кейде ағаны қайрап отырғанды ұнататын болуы керек, бірақ қатты ашуланғанда «мейлі, сенікі дұрыс» деп күлкімен жеңетін көрінеді. Бұл жолы да:

- Ал, жарайды, мен қойдым, - деп жылдам шегініс жасап еді.

Әлі есімде. Сексен жылдығы қарсаңында ақын ел-елде болып, оқырмандармен кездесу кештерін өткізіп жүрді. Шаруашылықтың құрметті мүшесі, аудандардың Құрметті азаматы атанған жерлерде де болды. Қазығұрт ауданының «Қызылтаң» совхозына барған сапарында Әмірсейіт Әлиев ағамен бірге атқосшы ретінде мен де барып ем. Қос бәйтеректің көшелі әңгімелерін тыңдаумен «Қызылтаңға» де жетіп бардық. Қонақ күту үшін жаралған қазақтың мейманжай ауылы құшағын айқара ашып қарсы алған. Оқырмандармен кездесу өткіздік. Жол бойында да, кездесу барысында да, шәй үстінде де кірпияз қалпынан, тектілігінен айнымаған ағаға қарап іштей қуанып ем. «Әдемі қартая білудің өзі де өнер екен-ау» деп едім сол жолы.

Тамақ желініп болған соң, шаруашылық басшылары ағаға қонақкәде жоралғысын жасағысы келетіндігін байқатты. Тысқа шықтық. «Ескі алды белес пе, белес жақын емес пе?» деп халық әнінде айтылатындай есік алды дөңес екен. Әрі қарай биік-биік қыраттар басталды.

Неге екенін қайдам, жігіттер әдемі көрініс болсын деді ме, ақынға атаған қарагерді әлігі биіктің үстінде тапсырсын келіп. Туяғымен жер тарпып, екі көзі от шашып тұрған асау атқа Омекеңді отырғызғаны сол екен, жануар осқырынып, аспанға шапшыды. Мұндай боларын кім ойлаған, ақын аяғы үзеңгіге де ілініп үлгірмеген екен, асау үстіндегі ақын түгіл жерде тұрған біздің зәре-құтымыз қалмады. Бұл жерде бізді масқара болудан Омекеңнің өзі құтқарды.

- Я, әруақ! – деп, асау аттың басжібін асқан жылдамдықпен білегіне орап үлгерді де, аяғын көзі іліспес шапшаңдықпен таралғыға салды. Үзеңгіге аяқ бір ілінгенсін, қайнақ та ықшам жан, ар жағы бір алладан дегендей, асаумен бірге құйылған ескерткіштей қатты да қалды.

Асау аспанға шапшуын қояр емес. Мінуін мінді-ау, енді қалай түсіріп аламыз деген үрейлі ой миымызды мендеп алған. Ішімнен «ақсарбас» айтып, көзімнің жасын тия алмай мен тұрмын. Әмірсейіт ағада да түс жоқ, боп-боз боп қуарып, тап сол жерде қартайып кеткендей көрінді көзіме...

Иә, өмірдің жылына бергісіз минуттар болатынын мойындадым сол жолы. Ақын емеспен бе, қалтырап қорқып тұрғаныммен, санама Петербордағы «Мыс салт атты» ескерткіші орала берді.

Қазір ойласам, Омекең асау ат үстінде, «Қызылтаң» ауылының биік белесінен асқақ қарап тұрған сияқты. Ия, шындығында да, Омекең бүгінде бізге сонау биіктен, алыстан, асқақ қарап тұр!

Иә, Ханбибі Есенқарақызы Оңтүстіктің Омарбайы туралы естеліктерін сұрай қалсаң, әлі күнге дейін ақтарыла айтып береді. Ақынның артында қалған асыл мұрасы рны еске сала берері сөзсіз.

Қырық бесінде қыран боп ұшқан Қазиев
Қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстаған азамат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу