Қырық бесінде қыран боп ұшқан Қазиев

Oinet.kz 21-09-2023 386

Қарауылбек Қазиев небәрі қырық бес жасында дүниеден өтті. Аз ғұмырында өзінің сара жолын салып кетті. Ол әдеби қауымға биязы үнімен, нәзік лиризміменерекше ұнаған еді. Туындыларында есейген жазу мәнерін, осы заманғы көркем ойлау машығын терең игергенін байқатады.

Screenshot_29.jpg

Сөзден фомалистік трюк жасау, әдейі оригиналдық үшін стилистиканың заңдарын орынды-орынсыз бұзу оған атымен жат. Оның қолынан шыққан дүниелер де қарапайым, бірақ ықыласпен жасалынған жақсы прозаның нышандары бар. Ол «Қашқын» повесін былай бастайды: «Осы сандар бірі мен бірі қол ұстатып, бірінің иығына бірі шыққалы Қалмаш түсінуден қалды. Кәдімгі кітап оқып хат жазатын көнбіс әріптер қайсы бір цифрларға ілесіп алып, әл бермей, алшаңдайтын болды». Мұндағы бала ойы, өзіне тән астасуы, қызық логикасы бірден назар аударады. Әрі бірден бүкіл повестің атмосферасына енгізіп жібереді. «Ә дегенде үйренген «а» әрпінің өзі бұлдырықтың баласындай бір жақшаның ішіне жасырынып ап: «Мен неге теңмін?» дейтінді шығарды. Иксті қойшы, оған әйтеуір көз қаныға бастады ғой. Ал күнделікті жазу дәптерінен шықпайтын «а» мен «в-ға» жол болсын. Құжынаған цифр жетпегендей өңшең сандардың ішіне кірісті де кетті». Осы кішкентай үзіндіден баланың болмысына есік ашылады. Математика сабағында отырған Қалмаштың ой-өрісі сезіледі. Сөз жоқ, бала «дәптерден» шықпайтын «а» мен «в»,, «бұлдырықтың баласындай «а» арқылы предметті ойлайды. Әлі математика есебін шешетін абстрактылы ойлауға жете қойған жоқ. Осы қалыпты лирикалық-романтикалық стиль дұрыс аңдаған. Автор айту мәнері арқылы образды, оның сабақ арқылы дүниеге қарым-қатынасын «субьективтендіреді». Өмір шындығы бала жанының түкпірінде қорытылып, қайтадан жаңғыра «жасалып» шығады. «Иксті қойшы, оған әйтеуір көз қаныға бастады ғой» деген фраза Қалмаштың сабақта лажсыз отырғанын, еркіне салса шыға қашатынын аңғарады. Неге? Бүкіл повестің кілті осы арада жатыр.

Шығарманың «Қашқын» аталуы да тегін емес. Қалмаштың өз романтикасы, өз аңсары бар. Робинзон Крузо, бейтаныс теңіз, асау толқыны дөңбекшіген мұхит, ит тұмсығы батпайтын тоғайы бар арал жатса-тұрса оның есінен кетпейді. Сол «аралға» жүзіп бару үшін талай рет кішкене кеме де жатады. Талай рет түс те көрді. Жаңа құрылықтар, беймәлім елдер үнемі қызықтырады. Бірақ оны ата-анасы, мұғалімдер жете түсіне қоймайды. Балаң қиялға дөрекі қолмен өзгеріс енгізбек болады. Оған шыдамаған Қалмаштың таудағы атасына қашуы әбден заңды. Ұлы Отан соғысы жылдары Әуе – Теңіз Флотында теңізші боп шайқасқан Бүрлібек бала жанына осы теңіз романтикасын алғаш рет егіпті. Автор кішкене баланы осы сәл-пәл ерсілеу, бірақ нанымды іс-әрекет арқылы үлкендер дүниесіне орынды ескерту жасайды. Дегенмен Қалмаш реалді өмірден қол үзіп, детективті шығармадағыдай теңіз асып кете алмады. Ол шынайы өмірмен бетпе-бет кездесті. Бүкіл балаң қиялына қанат берген сырқат атасының таусылуға жақын тірлігінің үстінен шықты. Бұл арадаҚалмаштың мектептен қашуына бірден бір себеп математика мұғалімі Қатираның бала жанының пернесін аңдамайтын доғалдығында жатыр. Ол «Әкеңді ертіп келмейінше, мен сені ешбір сабаққа жібермеймін», - деді. Ал, әкесі барып тұрған тоғышар. Оған айтса соққы үстіне соққы тиеді. Оның үстіне жаңа оқу программасының практикаға сай, сәйкес еместігінің салдары және бар. Міне, осы қоршау баланың тосын әрекетінің түпкі себептері.

Қарымды қаламгер Мархабат Байғұт Қарауылбек Қазиев туралы тірі күнінде мынадай естелік қалдырған екен.

«Қареке! Қырық бесіңізде қайтып едіңіз ғой, бізге көрінбей-білінбей келіп-кетіп жүрген боларсыз, кім білер. Бүгін, мінеки, алпысыңызда да арамызда отырған шығарсыз. Бәлкім, бір шетте тұрсыз ба, таңырқай қарап әлде әуелеңкірей ұшып жүрсіз бе, Үлпіл-Лүпіл періште секілденіп?

Алпыс жылдығыңызды өткізу жөніндегі кәмесия маған баяндама жасамақты сапсырып еді, Қареке. Шынымды айтсам, баяндама жасағым жоқ. Өзіңіз де баяндаманы жақтырмайтынсыз. Түнгі сағат бірлер шамасында баспаханада кезекшілікте отырсақ, радиокомитеттен бе басқа жақтан ба, телефон шалып, Байжанбаевтан бір де кем түспейтін дауысыңызбен: «Әй, Мәскеуден баяндама күтіп отырсыңдар ма?» - дейтінсіз. «Иә, күтіп отырмыз баяндаманы» - «Қонысбеков те күтіп отыр ма?» - «Күтіп отыр, кеп қалатын шығар, Қареке» - «Әлиев те күтіп отыр ма?» - «Ол кісі беттен оқымай қайтпайды ғой,» - «Сендерге сенбей ме, немене?» - «Қайдам, Қареке.» - «Күтіңдер-күтіңдер баяндаманы», - деп мазақтап күлетінсіз Сіз. Сәлден соң тағы да қоңырау шалып: «Сен сол газетті қойып, радиоға ауыссаңшы, бізде баяндама күту деген пәле жоқ», - дейтінсіз. Есіңізде ме, Нәсіреддин көкемнің елу жылдығында да, бір күн қалғанда баяндамадан бас тартып, маған аударып тастап, зорықтыра жаздағаныңыз, Қареке.

Енді Сіздің алпыс жылдығыңызда мына мен де баяндама жасаудан бас тартып тұрмын.

Әлбетте, Қареке, Сіз Асқар Сүлейменов емессіз, мен Дулат Исабеков емеспін. Сонда да болса, дәл осы жолы Дүкеңшелеп, өзіңізбен аз-кем ғана «тілдеспек» ниеттемін. Мұным үшін әуелі Алладан, сосын Сізден және осында отырған қауымнан кешірім өтінемін.

Қареке, өз басым адамның тәні өлгенмен, жаны, рухы өлмейді дегенге имандай иланатындардың қатарындамын. Жаныңыз, рухыңыз осы күндері де осы маңайларды кезіп жүргені - ақиқат. Тек тіл қата алмайсыз, әйтпесе бәрін-бәрін көріп-біліп, сезіп. Сағынып, кәдуілгі күлкіңізбен көмкеріп отырсыз-ау бір тұста. Кейде бүгінгі мына уы басым уақытқа, ұсақтап кеткен біздерге бұлқан-талқан ашуланып, сыңар қолыңызды сілтеп-сілтеп қоясыз ба, қайдам. Қареке, тірі кезіңіздің өзінде көп адам Сіздің бір қолыңыздың жоқ екендігін көріп тұрып, сенбеуші еді ғой. Сылқым да сері, көркем де көрікті, аса бір жарасымды жаратылыс екендігіңіз соншалықты; бір қолыңыздың жоқ екендігіне иланбай, көндіге алмай, қайта-қайта қарай беретін едік-ау. Айтпақшы, ол жақта қолыңыздың сыңарын тауып, жалғап алған шығарсыз, Қареке. Олай болмауы мүмкін емес.

Қареке, Сіздің ғажаптығыңыз шығар, кешегі де, бүгінгі де, ертеңгі де оқырмандарыңыз «Ақ бантигіңізді» сағынады, өрік ағашын көре қалса, оның түбінде Қарекеңнің Табиғасының ақ бантигі жоқ па екен деп, қарайлап қоятыны бар. Қыз сезіміне анау айтқандай тереңдей алмай, аузын аңқайтып жүре беретін Ерболдарға езу тартары тағы рас.

«Қашқын» деген повесіңіздің сюжеті қай оқырманға да таныс-бейтаныс; бірақ Сіз таптаурындау көрінер тақырыптың өзінен талай-талай жаңа қырлар ашасыз. Әлем жүзіндей әр ұлттың бар баласына ортақ қасиеттермен қатар тек қазақтың қарадомалағына ғана тән қылықтар мен мінез-құлықтарды қалай ғана дәл тауып ала қоясыз, Қареке. Өйтпесеңіз, Қаруылбек боласыз ба, Қазиев болып қаласыз ба?! Деп таңданамыз-ау. Қалмаш деген қазақ баласы - өзге еш кейіпкеріқайталамайтын «қашқын». Қалмаштың апайы Катира Хамитовна да, көкесі Дәлетияр да есте ерекше қалады. Кербұлақ маңындағы мейірбан шал Бүрлібекті де, Кербұлақтай танып тұрған тазалықтың табиғатын да, қайырымдылық дейтін қасиетті де қалайынша қалықтата қанат қақтырасыз; кісінің жақсылығын, жетістігін көра алмайтын күншілікті қалай-қалай кеулей қазып көрсетесіз, Қареке?!

«Үркердегі» Әскер, Нәзікен, Зелім – қазақ оқырмандарының сүйікті кейіпкерлеріне ғана емес, өздеріне де әлдеқашан айналып кеткен жастар; әдебиетшілеп айтсақ, характерлер. Сол сияқты «Біз абитуриент едік» Қаржау, Әлдихан, Мақпал; «Олар екеу, мен жалғыз» повесіндегі Гүлзат, Қайрош, Тұнық, «мазасыз аңсаулар», «пәк әлемнің әсері», «ақ шуақ», «түсініксіз тәттілік», «бозбалаға ғана тән жан тебіренісі», тағы да Кербұлақ кереметтері, «сорғалаған бозторғай шырылы», «жылы жаңбырдай себелеген нұр», «жалғыз демі», тағысын-тағылар арқылы рухани мөлдірліктің бастауларына талпындыра түсесіз.

Қареке, осы «Біз абитуриент едік» атт повесіңіздегі оқиғаларды өз басыңыздан кешкенсіз-ау деп, кейбір оқырманшалап қызықсақ, айып етпегейсіз. Ақшасын «ышқырына тіктірген» Әлдихан екеуіңіздің Мақпалға ғашық болғандарыңыз-ай! Дүниеде абитуриент махаббатына махаббат жетпейді ғой, Қареке, солай емес пе? Мақпал қыздың купедегі бейнесі екеуіңізді де өзгертті де жіберді... Жанның тазаруы, ғажайып шапағатқа бөлену, жүректегі бұлқыныстар, бүкіл болмыстан жаңару, ғашық жан үшін бәріне де, тіпті адалға да даярлық – бәрі-бәрі Қареке, қаламыңыздан қалай құйылады, ә?!

Сонымен, Қаржау – Қарауылбек те, басқа абитуриенттер де әділетсіздікке тап болды. Енді ышқырға ақша тігіп, Алматыға бара жатқан жоқсыздар, оқудан құлап, өздеріңіз де, сезімдеріңіз де санаулы ғана күнде есейіп, өзгеріп, қайтып келе жатырсыздар. Пойыз жүткіп келеді. Сіз Мақпалдың көзінен, маңдайынан сүйдіңіз. Мақпал ешқандай қарсылық білдірген жоқ. (Сіз қандай қызды сүйсеңіз дағы қарсылық білдірмеуші еді ғой, Қареке); Мақпал қолыңызды алды да, тартпаның тартпаның үстіндегі жастығына қойып, бетіне басып жатты. «Әбден талықсыды білем, аздан кейін көзі де ілінді».

«Жазушы мен журналист көбіне жүректен кетеді. Өз басының қасіреті ғана болса, шыдар еді-ау, әділетсіздік әлі де әкіреңдеп тұрса, шындық салтанат құра алмай шырылдап жүрсе, осының бәрін басқалардан бұрын сезінетін қалам қайраткерлерінің жүрегіне зіл-батпан жүк арылады», - дейді Шерхан Мұртаза. Сіз де, Қареке, сол зіл баспан, зілмауыр, зарарлы зарат зәліттес бәлелерден безіп, запыланып, зираттан бірақ шықтыңыз ғой. Жұмбақ өлімізден әлдеқайда бұрын жандарын жауыздық жайлап алғандар жүрегіңізге жуалдыз сұғып, зәндемдейін зәрледі-ау, қайран Қареке...

Қиналмаңыз, Қареке. Қарауытып, қабармаңыз; кәдуілгі күлкіңізбен көмкеріліп жүре беріңіз. Сіз өз парызыңызды адал өтеген, әдебиетті ар-ұят ісі деп біліп, көркемдікті көздің қарашығындай күзетіп өткен көргендінің бірі едіңіз. Сіздің лиризмге толы, сарказмға да суарылған дүниелеріңіздің дабысы, интонациясы ұрпақтар құлағында, Қареке. «Жеткіншектерден ұрпақтар құралады» дегенді Достоевский бекер айтпаған шығар. Сіздің жеткіншек кейіпкерлеріңіз бен оқырмандарыңыздан құралған ұрпақтар ұят-аятты апатқа апармас. Неғыпты сонша?! Ұрпақтардың бірлігі мен сабақтастығын сақтап қалатын да Сіздер және Сіздер жаратқан көркем туындылар шығар.

Қареке, Сіздің «Ақ бантигіңіз», «Үркеріңіз», «Иманжапырағыңыз», «Ақ шуағыңыз» ұрпақтармен бірге жаңа жүзжылдыққа, екінші мыңжылдыққа аяқ басқалы тұр.

Алпысыңыз құтты болсын, ақ шуақты нұрдан жаратылған қасиетті қалам иесі!»

Қарауылбек Қазиевтің алпысқа толар тұсында Мархабат Байғұт осылай толғаныпты. Бұдан бөлек, жазушы Серік Жанабіл де өзінің Қарауылбек туралы пікірін, сағынышын былайша жеткізіпті: 

- Қарауылбек қазақ әдебиетінің қарауылы сияқты болады да тұрады! – деді Жұмамұрат Тұяқбаев. Бұл 1999 жылдың мамыр айының 21-жұлдызы болатын. Жұмамұрат ағаның жеке басын қатты құрметтейтін едім.

- Сен Қарауылбек туралы эссе жазып, алып келші! – деді Жұмекең. «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы Жұмамұрат Тұяқбаев өз ортасында беделді адам еді. Шұға барып Қарауылбек Қазиевтің 60 жылдық мерейтойын өткізіп келген бетіміз еді.

- Бес алты ақын-жазушы бірге барды. Солардың бірі неге жазбайды! – дедім мен. Ұялып кеттім.

- Әй, інім-ай. Жаны ашитын жан ғана жаза алады. Адам деген пәндә. Өздерін «жоғары» ұстайды. Бар...Бар...эссе жазып әкел. Не көрдің соны жаз! – деді Жұмамұрат Тұяқбаев.

Түнде отырып Шуға барған сараптаманы тізіп жаза бастадым. Күйші Әбдімомын Желдібаев Қарауылбекке арнап «Бозжігіт» деген күйін шертті. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиев, Шешенстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты ақын Рафаэль Ниязбеков, Қоғабай Сәрсекеев, Аян Нысаналин, Сұлтан Қалиев сияқты Алматыдан ақын-жазушылар, ғалымдар келіпті.

- Жазушы Қарауылбек Қазиев қазақ әдебиетіне алпйсыншы жылдары келіп қосылған ұрпақтың ең жасы еді. Ол – туа біткен дарын иесі. Бойына ана сүтімен дарыған. «Ақ бантик» деген әңгімесін есімнен шығара алмадым. Көз алдымнан кітаптағы бейтаныс қыз кетпей-ақ қойды. Сол қыз осы Шуда өскен бе екен деп ойлаймын. Жүзін бір көргім келеді де тұрады. Қарауылбектен сұрайын десем, ол бұдан он бес жыл бұрын өмірден өтіп кетті. Сері жігіт болатын, - деді Рымғали Нұрғалиев.

- Қарауылбек адам жанын өте әсем көркемдейді. Табиғат сұлулығын адам бойынан іздейді. Өте сезімтал жазушы. «Кемпірқосақты» қалай жазған десеңші. Бір сөйлемін ауыстыруға болмайды! – деді профессор Керімбек Сыздықов. Түрлі әңгімелер. Сағынышпен Қарауылбекті еске түсіреді. Ал жазушының өзі жоқ. Бұл жүректі сыздатады екен...

- «Шудан шыққан шұғыла!» деген эссе жазып газет редакторы Тұяқбаевтың алдына кірдім. Жазғанымды оқып шықты. Көңілденді.

- Қарауылбек сері еді. Әрі сұлу жігіт болатын. Жазған әңгімелері де өзі сияқты! – деп Жұмамұрат ағай күлді. Түсі суық адам. Күлгенде нұрланып кетеді.

- Жалпы Қарауылбек туралы естеліктерді бұдан бұлай арнайы бет арқылы жариялатып тұрғым келеді. Орны бөлек жазушы ғой! – деді редактор. Жауапты хатшы Нұрлан Кенжеғұловты шақырды.

- Мына мақала осы санға барады. Өзің оқып шық! –деді Нұрлан шығып кетті. Жұмекең маған қарады.

- Қарауылбек кітаптарын тегіс оқып шықтың ба? – деді ол.

- Иә, «Үркер», «Ақ бантик», «иманжапырақ» атты кітаптарын оқыдым! – дедім мен.

 - Мен «Иманжапырақ» атты кітабын оқыдым. Басқаларын оқуға уақыт болмады. Осы газет деген адамды жеп қояды. Жазушы болу үшін қол бостау болғаны керек сияқты. Әңгіме көңілден барып туады. Қарауылбек еркіндікті аңсаған жезкиік сияқты! – деді Жұмамұрат ағай...

Қарауылбек Қазиев ірі жазушы болатын. Әбжапар Жылқышиев, Омарбай Малқаров, Нәмет Сүлейменов сияқты ағаларды қатты құрмет тұтты. Бір ерекшелігі, өзгенің жазғанына қатты қуанушы еді. Төрехан Рәмбердиевтің ж.Шанин атындағы драма театрының әртісі Өтеулі Тастанбеков туралы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жарық көрген «Қарагердің қанаты» атты очеркін бізге көрсетіп, оның әсерлі жазғанына қуанғаны есімнен кетпейді.

- Өзіңді мақтама. Өзгеге қуан! – деген оның сөздері ойымда қалыпты.

Әуез Бейсебаев, Төрегелді Байтасов үшеуміз Қарауылбек ағаны іздеп бардық. Шуылдап қолын алып сәлемдестік.

- Маған келдіңдер ме? – деді ол. Күлімсіреп қарап отырды.

- Сізге! – деді Әуез Бейсебаев.

- Маған келсеңдер қаламақы жоқ! – деді ол.

Біз үндемедік. Ұнжырғамыз түсіп кетті.

- Қаламақыға келдік! – деді Төрегелді.

- Онда ақша бар! – деді Қалекең.

- Екеумізге де келдік! – дедім мен.

Қарауылбек ағай жан қалтасынан ақша алып әр қайсымызға отыз сомнан берді.

- Мен бүгін Алматыға жолға шығамын. Кейін келе жатарсыңдар! – деді ол.

Қарауылбек ағаның бір ерекшелігі ол жақсы өлең жазатын, әсерлі әңгімелері жарық көрген ақын-жазушы жастарды маңайына жақын тартып, қолынан келгенше көмегін аямайтын еді. Облыстық радиодан әуездің, Төрегелдінің,Қасымханның жазған әсерлі шығармаларын жариялатып тұрды.

- Қолдан келгенше жаза беріңдер. Талант деген сөз еңбектен шығады. Марат Қабанбаев сияқты мықты жазушы боласыңдар! – деп ол кісі бізге рух беруші еді.

- Әуез, сен Алматыға бар. «лениншіл жас» газетінде жұмыс жасадың енді. «Қазақ әдебиеті» газетіне орналасқаның дұрыс! – деп Қарауылбек аға журналист Әуез Бейсебаевқа жол сілтеді. Әуез сол кездері жұмыста жолы болмай, Шымкент қаласында тұрып жатқан еді. Әуез ақын болатын. Қарауылбек аға оның топтама өлеңдерін облыстық радиодан бергізді. Қаламақысын мол етіп қойғызды. Әуезді Алматыға өзі поезға билеп алып, шығарып салған болатын. Төрегелді екеуміз соның куәсі едік. Әуез көңілі босап, көзіне жас алды.

- Көз жасыңды көрсетпе! Сен жігітсің! – деп Қарауылбек аға оған ұрсып тастады...

Біз білетін Қарауылбек 45 жастағы жас жігіт болатын. Көз алдымызда жазушының сол бейнесі ғана қалыпты. Ол тірі сияқты. «Ақ бантик» әңгімесіндегі әдемі қызды іздеп, ауылына қарай сапарға аттанып кеткен тәрізді. Болмаса, Жайсаң тауына шығып кетті ме?

Ой, жігіттер! Төрлетіңдер. Сендер маған сәлем бере келдіңдер ме? Әлде қаламақы ма? – деген даусы саңқылдап шығып, естіліп тұрғандай болады».

Иә, «Ақ бантигі» арқылы күллі қазаққа танылған Қарауылбек туралы толғанатындар, айтып жүретіндер аз емес. Шығармалары арқылы шыңға шыққан Қарауылбекті, қырық бесінде қыран құстай ұшып кеткен Қазиевті қазақ ешқашан да ұмытпақ емес.

Жақсының аты өлмейді
Оңтүстіктің Омарбайы туралы толғаныс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу