Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты туралы айтқан заңгер қамалды
Алматыда жол апаты туралы пікір білдірген заңгер Молдахан Әділетхан қамауға алынды деп хабарланды. Бұл туралы заңгердің көмекшілері әлеуметтік желіде мәлімдеді. Бұлу туралы Оinet.kz порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Көмекшілердің айтуынша, Әділетханды Алматы қаласының полиция департаменті уақытша ұстау изоляторына алып кеткен. Алайда олар оның нақты не себеппен ұсталғанын білмейтіндерін жеткізді. Заңгер соңғы кездері Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты туралы пікір білдіріп, бірнеше адамның атын атаған болатын. Көмекшілер бұл ұсталу осы оқиғамен байланысты болуы мүмкін деп болжайды.
Алматы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлағандай, Молдахан Әділетханға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Тергеп-тексеру амалдары әлі жалғасып жатыр.
Еске салсақ, 21 наурызда түнде Алматыда Zeekr маркалы автокөлік қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes-тегі үш адам қаза тауып, оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған. Осы апатқа байланысты құқық қорғау органдарының әрекетіне Молдахан Әділетхан пікір білдірген еді.
Қазіргі уақытта заңгердің ісі бойынша тергеу амалдары жалғасуда, ал қоғамда жол апаты мен қаза болғандар мәселесі әлі күнге дейін қызу талқыланып отыр.


