Даулы посттан кейін ақын Танагөз Толқынқызы полицияға шақырылды
Ақын Танагөз Толқынқызы әлеуметтік желідегі жазбасына байланысты полицияға шақырту алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Оinet.kz.

Оның айтуынша, 30 наурыз күні Астанадағы Сарайшық аудандық полиция бөлімінен хабарласып, Facebook парақшасында 7 наурызда жарияланған «Қазақстан тәуелсіздігін сақтап қала алмайды» деген жазбасына қатысты шағым түскенін жеткізген. Шағым eGov жүйесі арқылы берілген. Ақынды 31 наурыз күні таңертең полиция бөлімшесіне келуге шақырған.
Танагөз Толқынқызы құқық қорғау органдарына адвокатсыз бармайтынын айтып, заңгер жалдау мәселесі қаржыға тіреліп отырғанын жеткізді. Осыған байланысты ол өзінің кітаптарын сатылымға шығарып, жұрттан қолдау сұраған.
- Қазақстан ешкім өз ойын айта алмайтын үлкен түрмеге айналмауы керек. Егер сіздің жүрегіңіз мені қорғау керек деп шешсе, онда менің кітабымды сатып алып, маған қаржылай демеу беріңіз! Кітап бағасы 8000 теңге. Бірақ әркімнің жағдайы әр түрлі. Біреу 100 теңге, біреу 200 теңге бере алуы мүмкін. Өзіңіз бере алған ақшаға кітабымды қолтаңбамен беремін, – дейді Танагөз Толқынқызы.
Сондай-ақ ол қоғамда сөз бостандығының маңызын атап өтіп, Қазақстан «ешкім өз ойын айта алмайтын елге айналмауы тиіс» екенін айтты.
Еске салайық, бұған дейін ақынның қазақ қоғамы туралы сыни пікірі әлеуметтік желілерде қызу талқыланған еді. Жазбасында ол қоғамдағы кейбір құбылыстарды сынға алып, өткір пікір білдірген.


