Баубек Бұлқышев. Қорқынышты түс

Oinet.kz 06-02-2020 782

Баубек Бұлқышев — Уикипедия

Майдың 12-күні түнде біздің Ақан дос өте кеш жатты. Төсекке жатқаннан кейін де көп уақыт дөңбекшіп ұйықтай алмады. Қалай. ұйықтасын! Енді 7 күннен кейін сын басталады. Және анау-мынау емес, географиядан басталатынын қайтерсің.

Ақан кереуетінің бас жағынан география кітабын алып оқи бастады: «СССР - дың солтүстігіндегі өзендер: Обь, Енисей. Лена!»

Гүрс етіп кітап жерге түсті. Ақан ұйқыға кетті.

Біздің Ақан сонан соң,

Бір керемет түс көрді.

Түс емес-ау, ғажайып —

Таңқаларлық іс көрді...

Түсінде: Майдың дәл жиырмасы екен дейді. Сын басталыпты. Ақан картаның қасында тұр екен. Қолында сын билеті. Билетте: «СССР - дың солтүстігіндегі өзендерді көрсет» деген сұрақ тұр (3-сұрақ). Ақанның қолындағы таяқ та солтүстікті қармайды. «Лена, Обь, Енисей...» дейді ол ақырын ғана.

- Сонан соң?

Сонан соң Ақанның ойына ештеме түспей қалды. Ойланып тұр, алақай. Есіне түсті.

- Сонан соң... СССР - дың солтүстігіндегі өзен Дон... — деді ол.

Мұнан ары не болғанын Ақанның өзі де білмейді. Білгені сол, ашуланған Тынық Дон картадағы географиялық масштабтан асып-тасып кеткен екен де, Ақанды тасқынымен алып кеткен екен.

Дон тасқынымен Ақанды не қилы аралдарға, тауларға, ойпаттарға апарып соқты. Дон бұлардың бәрі туралы Ақаннан сұрады. Қорыққандықтан ба, әлде білмеді ме, Донның сұрағының бірде-біреуіне жауап бере алмады ол.

Ақан Донды Каспийге құяды деп жүретін ғой. Міне, рас екен, Дон тұп-тура Каспийге келді. Сол арада Дон Ақаннан «мынау қай теңіз?» деп сұрады. Ақан көзін ашып көк теңізге көз жіберді. Керемет! Оның алдында күнде өзі көріп жүретін алақандай теңіз емес, көлемі көз жеткісіз жалпақ су тұрды.

- Жоқ, — деп ойлады Ақан. Каспий емес екен. Және Донға «Бұл Тынық мұхит» деген жауап берді.

Ашуланды, долданды Дон,

Ақан досты қолға алды ол.

Көтеріп aп теңізге атты,

Қайран Ақан суға батты!

- Тұр, қалқам! Сағат сегіз болды, — деген анасының даусымен оянып кеткен Ақан «уһ» деп демін бір - ақ алды. Календарьға қарады: майдың он үші. Расписаниеге қарады: бүгін географиядан консультация екен. Ол енді осыған баруға асықты.

Ақан мектепке бара жатқанда да: «СССР - дың солтүстігіндегі өзендер — Обь, Енисей, Лена...» деп күбірлеумен болды...

1939 ж.

Баубек Бұлқышев. Лагерьден қайтқанда
Нұрхалық Абдырақын. Ақ бұлт (әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу