Герман Гессе. Ізгіліктің жаршысы

Oinet.kz 06-11-2019 705

image.png

Құрметті, Жас Ақын!

Әр сөзге көлеңкедей ілескен сыйластық пен балаң аңғалдықтың нұры аңқыған хатыңыз бен қосымша сәлемдемеңіз үшін алғыс айтамын! Поэзия мен прозадағы қадамдарыңызға ынта-ықыласыммен көз салдым. Олар менің жазуды алғаш бастаған сәтімді Һәм жадымнан мүлде жоғалып кеткен дүниелерді қайта есіме түсірді. Аппақ пейіліңізден туған хат пен оған қосымша ғып жіберген көркем туындыларыңыз Мен ақтап ала алмайтын сенімнің иісін шығарады. Айыпқа бұйырмассыз, амалсыз көңіліңізді қалдырмақпын!

Осы күнге дейін түн ұйқыңызды бөлген шығармашылығыңыздың дені қолымда. Тұрпаттары бөлек. Жанрлары да әртүрлі. Танысуға ұсынған екенсіз, бір шолып шыққаннан соң әдеби талантыңызға баға беруімді сұрайсыз! Қарапайым, зілсіз сауалыңызбен мақтауды емес, ащы шындықтың айтылғанын көксеп отырсыз. Егер дәтім барса, тура қойылған сұраққа тұспалдамай жауап бергенім жөн еді. Ақиқатты дәл жеткізу оңай ма?! Ол аз десеңіз, жақын танымаймын. Өлеңдеріңізден жазу-сызуды кеше ғана бастағаныңыз сезіледі. Осыдан кейін дарыныңыздың деңгейін айқындап беру мүмкін болмайтыны айдан анық. Жан-жаққа шашырап жатқан сөздеріңіз бен сөйлемдеріңізді көргеннен соң көкейімнен мына бір сұрақтар кетпей қойды: Сіз Ницше мен Бодлерден басқа ақындарды оқығансыз ба? Сүйікті авторларыңыздың қатарында Лилиенкрон мен Гофмансталь бар ма? Саналы түрде өнер мен табиғаттың тылсым сырларын тану турасында талғамыңыз қалыптасты ма?

Бірақ, бұлардың ешбіреуінің әдеби дарынмен байланысы жоқ. Қуанышыңыз болар, мен сауалға айналдырған нәрселер өлеңнің еншісінде. Зерттей де аламын: көлеңкелерден бастау алған белгілердің жымдасуы күрсініске сәуле төгеді немесе жан дүниеңіздің, болмысыңыздың айнасы секілді жарқырайды. Бұдан зорын жасауға күш қажет. Газетке жолданған хаттан-ақ адамның мінез-құлқын жете түсінетін штаттағы графолог секілді алғашқы қолжазбаңызға жалған мақтауды жаудыртқан жан болса, ол - әр нәрсеге атүсті қарайтын суайт. Адам жай ғана жәдігөй болмаса, көңілді марқайта алады.

«Вильгельм Мейстер» мен «Фаустты» тауысып тастап, Гётені аса көрнекті жазушыға балау қиын емес. Бірақ шығармашылықтың алғашқы баспалдақтарындағы автордың бір топ өлеңдерінен Геллерт және өзге де қаламгерлерге деген еліктеушіліктің ізін табатынымыз анық. Аталмыш авторды жігерлене оқуы және өзінің ауыр ойларын дәл үйлестіре алуы сезімдеріне қозғау салды. Бұдан кейін де Гетенің «Вертер» мен «Гёцінен» Ленцтың бірқатар өлеңдерінің үнін байқаймыз. Әлде, керісінше... Яғни, тіпті, ең ұлы жазушылардың да жеке қолтаңбасы бірден қалыптаспайды. Шиллердің бозбала шағындағы өлеңдерінен таңғаларлық нәрсіздік пен татымсыздық байқалады. Алғашқы туындыларынан-ақ мінез ерекшелігінің көзге ұруы мен талассыз табиғилығы сезілуі сирек кездесетін жайт.

image.png

Жастардың қабілеті туралы пайым реңінің қарабайырлануы - білімсіздік белгісі. Ал, сіз туралы жақсы білмегендіктен, маған өз-өзіңізге қандай баға беретініңіз беймәлім. Өлеңдеріңізден жарты-ақ жылдың ішінде бойыңыздан мүлде жоқ болып кететін алаңғасарлық белгілері аңғарылып қалады. Бірақ, жаңағыдай ағаттықты он жылдан кейін тағы бір қайталауыңыз мүмкін. Жиырма жасында керемет, ғажап өлеңдер жазғанмен, отызға келгенде бұрын жазғанына, жырдың оты кеудесінде лапылдағанына өзге түгілі өзі нанбай отыратын жас ақындар бар. Отыз, қырыққа таяп, қалам ұстайтын дарындар да көп.           

Қорыта айтқанда, болашақтағы жазушылық атақ-даңқтың түрлері туралы сіздерден сұрау – ақ жаулықты анадан «бес жастағы балаңыз келешекте өсе ме, сымбаты келісе ме, әлде, осы қалпында қала бере ме» деп сұрағанмен бірдей. Он төрт, он бес жастағы жеткіншек кішкентай болуы мүмкін. Алайда, олардың бойлары тез өседі. Қалай өскенін аңғармай да қаласың...

Басқалардан бөлек... өріп жүрген қатарластарыңыздың алдында әдебиеттегі болашағыңыз үшін жауапкершілік артпайтыныңызға қуаныштымын. Ондайлар аз емес қой. Тәжірибелі жазушымен араласып, сіз секілді сұрақ қояды. Жауаптың немесе пікірдің еркіндігіне шалқыған шабытты, адамды желіктіретін сөздерді жалғауды талап ететіндей көрінеді. Ондайлардың өлең жазуды жалғастырғаны дұрыс па? Қоюы керек пе?! Бейнет көр, сонда өмір толғанысқа толады. Аздаған қателік жасау арқылы, неміс әдебиеті тарихындағы Нибелунг пен Фауст әнін өшіруіңіз ықтимал.

Осымен хатыңызға толық жауап қаттым деп ойлаймын. Әлдебір қызмет жайында сөз өрбітіпсіз. Оны сізге түсіндіруге қимаймын. Қимау себебім: менің мүмкіндіктерімді арттырады. Бәрібір ойларымды айта беруді тоқтатқым келмейді. Алайда, ақыр соңында жаныңызды қанағаттандырмайтын пайымдарымды тоқтатуым айламен бүркелген қарсылық екеніне көзіңіз жетер. Сол себепті, тағы бір достық сөзіме көңіл бөліңіз!

Бес алты жылдан кейін нағыз ақынға айнала аласыз ба? Бұны дәл қазір кесіп-пішіп айта алмаймын... Ал, егер заманыңыздың біртуар шайыры атанар болсаңыз, оның бүгінгі жазып жүрген жырларыңызға түк те қатысы жоқ.

Сізге ақын болу керек пе осы?! Ақын болу – қабілетті көп жастың арманы, мұраты. Нағыз ақынның бойында табиғи пәктігі, жүрек тазалығы, зеректігі, сезім нәзіктігі, тез әсерленушілігі сақталуы тиіс. Бірақ, бұл ізгі қасиеттерге кім болса сол иемдене бермек. Ақын атанбаса да... Бар болғаны күмәнді әдеби таланты ғана барлармен бірге киелі атты арқалағанша, оларға небір ғажап күйдің, сезімдердің тұнығын таптатқанша, әдебиеттегі ғұмырларын осы тұстан шорт үзу керек! Поэтикалық сәттердің ұшар басында не жатқанына даңққа жету үшін қызыққандар актерлермен әңгімелессін!

image.png

Сіздің өлең жазуға деген қазіргі құмарлығыңыз мақтауға лайық емес, ұятты да емес! Машықты санамен айқындау және тығыздалған қалыпта бастан кешкеніңді баяндау жетілуің мен нағыз адам атануыңа септігін тигізеді. Ал, бәрін ойдан шығарудың, құраудың зияны мол. Ол көп нәрсені бүлдіреді. Өйткені, Ұлы тақырып көрген-білгеніңде жатыр. Алапат сезімдердің жарқын қалпынан ләззат алу үшін керексіз дүниелерден тезірек құтылған жөн. Кейбір жас ақындар тұрмыс-тіршілігіне қарап, ақындық қарым-қабілеттеріне баға беруге әдеттенген және сезімтал безендірушіге айналған. Бұл ақын болу жолында керексіз, бір жақты, қадірсіз қасиет.

Жастар бойларында сезімнің оты барда жазсын! Бүгінгі жиған-тергендері өсіп-жетілулеріне зор септігін тигізеді, қоршаған әлемнің құпияларын түсінуге көмектеседі, әсерленушілігінің қарқындылығын күшейтеді, ар-намысын, жігерін қайрауды үйретеді. Олардың ақын, я ақын еместігі маңызды емес! Олардың мақтауға тұрарлық, жігерлі, көреген адам боп қалыптасқаны маңызды! Егер, сіз ғаламат әлемнің есігін айқара ашқыңыз келсе, мақсатыңыз айқын болса: өзіңіз оқығанда, жазғанда поэтикалық әдебиеттің сәл ғана болсын қателігіне назар аударыңыз, кішкентай олқылық әділетсіз, астыртын жолдарға түсіреді; сөну білмес кішіпейіл әлемнің жарқыл-жұрқылына құмартсаңыз, атаққа, мансапқа жету үшін ғана әдебиетке келген болсаңыз, өзіңіздің Һәм біздің әдебиетімізден кетіңіз!

Ізгі ниетпен, Гессе Герман.

Неміс тілінен орысшаға аударған: А. Науменко

Орыс тілінен аударған: Марлен Ғилымхан

Түркістан: Агенттіктің департамент басшысы Отырар ауданының активімен кездесті
Акутагава Рюноскэ. «Нақұрыстың өмірі» (новелла)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу