Өлген жүректің тірілуі (қисса)
01-08-2021
Пьер Ландри Париждің күндіз-түні кісі аяғы басылмайтын Орталық базар маңындағы Сент Оноре көшесінде туды. Сол базарда шұлық тоқуды ғұмырлық азық еткен әкесі күнде жұмыстан үйіне қайтқанда әлі есін білмейтін ұлына газет ала қайтатын. Ал оның соңғы беті толған жарнама еді. Сүт анасы бүлдіршін Пьерге алғаш «а» деген әріпті сол газеттегі хабарландырулар мен жарнамаларға қарап үйреткенде, бақ пен сорды таразылап жатпаған еді… Әйтеуір көзін ашып көргені – қызылды-жасылды қағаздар, кейін көшеде кездестірсе де, Пьер олардың қасынан жай өте алмайтын болды. Әрқайсысын тәптіштеп оқып, содан белгілі бір дәрежеде ләззат алатын ол әдеттің соңы бүлдіршін жүректің жарнаманы құлай сүюіне апарып соқтырды.
Жиырма жасында Пьер жетім қалды. Бірақ әкесі тірнектеп жүріп ұлына өмірінің соңына дейін жететін мол мұра қалдырыпты. Қурай сындырмайтын перзент үшін бұдан асқан бақыт болар ма, сірә?!. Тіпті ол енді мәңгі-бақи әке бейнесін көрмейтіндігі әп-сәтте ұмытты да кетті. «Мен қандай бақытты едім, қалай өмір сүрем деп алаңдамаймын да. Жарнамада бәрі тұр. Ең жақсы дегеннің бәрін сұрыптағаны аздай, ол қамқоршылар әр пенденің қалтасына дейін ойлайды ғой: қандай тауарды, қайдан, қанша ақшаға табуға болатынын жол сілтеп, барынша бізге қолжетімді қылу үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүргендері… Тіпті бізге ауыртпалық түсірмеу үшін тауарды өз бағасынан да арзанға сататындарын айтсаңшы!.. Олай болса, адамзаттың жақсы тұрмысы үшін жанын құрбан қылуға бар солар үшін өмір сүремін» деп шешті Пьер.
Сол сәттен бастап таңын жарнамамен атырып, жарнамамен батыруға көшкен Пьер Ландридің үйі әп-сәтте Парижде жасалған түрлі тауарлардың қоймасына айналып шыға келгені. Бірақ одан ол өзіне ләззат алмаса, ешқандай ауырлық сезінген жоқ. Себебі ақындарға шабыт сыйлаған дүниені бұл қалайша сатып алмасын? Ал ақын деген халық анау-мынауға жыр арнамайды, арнады ма, демек, ол тауар – өркениеттің соңғы жетістігі деп ұқты жігіт.
Әттең, осының соңы өкінішке ұрындырарын білсе еді ғой Пьер… Білу қайда, тіпті, сол тұста оған Жер шарының күллі тұрғыны келіп: «сенің мына істеп жүргенің не?» десе де ешбіріне құлақ аспасы анық еді. Бірақ жағдайдың күн санап ушыға түскені сонша, Пьер Ландридің өмірі тозаққа айналды десе болғандай. Бісміллә деп, топырағы шөгінді жерге үй салды. Себебі ол жерді жарнама мақтаған. Үйді де «соның» айтуындағы «жаңаша технологиямен» салды. Алайда неге екені, бірінші дауылдан соң-ақ шайқатылып қалған үйді артынша жауған нөсер шайды да кетті. Оған дейінгі үйдегі жағдайды айтпай-ақ қояйық: әр жаққан сайын пештің бықситыны соншалық, ащы түтіннен соқыр болып қалу қиын емес еді. Қоңырауы тас мылқауша тырс етіп үн шығармайтын есіктер, есесіне әр ашып-жапқан сайын жаңа туған сәбидей «іңгәлайтын». Ал әжетхана исі… Қойшы, қысқасы, бәрі сол бала күннен құдайдай сенген қызыл-жасыл қағаздың тіліне ерудің нәтижесі ғой.
Тап осындай жағдай оның қала сыртындағы үйін де айналып өтпеді. Аркейлдегі саяжай ауласына ағаш орнына Пьерекең ойына не келсе, дәлірек айтқанда жарнама нені айтса, соны отырғызған. «Сирек кездесетін өсімдік» деп берген көшеттен бидайықтың сойдиған сабақтары өсіп шықты. Жарнамада жер көкке сыйғызбай мақтаған әдіспен қазылған әуіт (бассейн) бір шомылуға да жарамай омырылып түскенде, Ландридің өзі суға кете жаздап, әрең аман қалды…
Бірақ, бір қызығы «осылай болды ау» деп қайғырып жатқан Пьер жоқ, керісінше екі езуі құлағына жетердей мәз. Тіпті жарнаманың осындай «тосын сыйы» оның өміріне тәтті дәм қоса түскендей болды оған. Жарнамаға сонда да шық жуытпаған ол «төрт құбыласы түгел ешкім жоқ, егер бір нәрсе дұрыс болмаса, демек мен жарнаманы дұрыс меңгере алмай жатқанымнан» деп, ол одан сайын көше бойындағы қызыл-жасыл парақша атаулыға құныға түсті. «Түбінде мен мүлтіксіздік пен кемелдікке жетем!» деп өз-өзіне серт берді ол.
Пьердің меншігіндегі мүліктерден кейін кезек оның жеке басына келді. Көшеге шығар-шықпас үстіндегі киімнің жыртылып түсу оқиғасы бір емес сан рет қайталанды. Алғанына апта толмай жатып, талай бас киім қиқы-жиқы қалыпқа түссе, қолшатырлары қырсық қылғанда жауын құйып бергенде ашылмай қалатын. Себебі олар арзандатылған бағамен сатып алынған еді. Пьер ондай киімдер мен мүлікті ақшасы жетпегендіктен емес, жарнама солай жөн сілтейтіндіктен алатын. Ал өз өмірінің «конституциясы» іспетті қағиданы бұзу ол үшін айып саналды.
Сөйтіп жүргенде бір күні адамдар оны таз күйде ұшыратты. Бар болғаны ол сары шашын қараға айналдырам деп ойлаған, жидіп түсіп қаларын кім білген?.. Алайда, «мүйіз сұраймын деп, құлақтан айрылған» тоқал ешкінің кебін кисе де, көңілі бәз баяғыдай Пьерге таң қалмау мүмкін емес еді. «Ештеңе етпейді, шаш өсіретін құрал бар, соны жақсам, бұрынғымнан да қалың шаш өседі» деді ол, бейне түсіп қалған өзінің емес, айналасындағы адамдардікі іспетті…
Таз болғаны аздай, Пьердің екі жағы мен иегі күн санап тыртыққа тола түсті. Себебі ол «теңдессіз» бәкілерді пайдаланатын. Ал Пьер ішкен дәрі- дәрмектің әсерін айтуға тіпті ауыз бармайды. О баста күші мығым, тепсе темір үзетін жігітті ақырында сырт адамдар түгілі өз туыстары танымастай халге жетті. «Ат арыса – тулақ, адам арыса – аруақ», осы мақал тап Пьердің түр-тұлғасын сипаттауға арналғандай. Ол аз десеңіз, Ландри демікпеге шалдықты. Бірақ, бар трагедия сонда – осының бәрі өзінің жылт еткен жарнаманы қалт жібермейтін әдетінен тапқан дерті екенін Пьер ұққан жоқ. Керісінше, аурудан айығудың амалын ол тағы да сол жарнамадан іздеді. Түрлі фабриканттар мақтаған шоколадтардың қаншасын жегенін санау мүмкін емес, соншалық шамада ол хош иісті тауарлар тұтынды. Филантроп дәрігерлердің «ауыртпаймыз» дегеніне сеніп, қанша рет жағын сындырғаны тағы бар.
Жарнама тәнін ғана тоздырумен тоқтаған жоқ, Пьер өзінің ақылынан алжасқанын да байқамай қалып еді. Жылжымалы сөрелері бар шкафты ол «ақылшысы» айтқан кітап түрлерімен толтырды. Және кітаптарды да ол жарнамада мақтау ретіне қарай орналастырды. Бұл да аз десеңіз Ландри кітапты өзі оқып жатпай, алғысөзде айтқан сөздерге қарап «қызық», «күлкілі», «аянышты» деп білді. Газет-журналды да жарнамаға сеніп жаздырып ала берді. Не керек, жарнамасыз түшкіріп пысқыра да алмайтындай ақымақтықтың шегіне жеткен Пьер Ландриді ешкімнің де құтқаруы мүмкін болмай қалды соңында…
Бұл драманың соңы тіпті аянышты. Әбден діңкесі құрыған Пьер «алдына барғанның бәрін аурудан құлан-таза айықтырады екен» деп ести сала әлдебір тәуіптің алдына жанұшыра жетті. «Аңқау елге – арамза молда», жасына жетпей қартайған жігіт ағасының жағдайына миығынан күле қарап отырып ол «он бес жасыңа қайтарам, барамысың?» деді. Күдіктену қайда, елп ете түсті бұл. Ол үшін бар болғаны тәуіп айтқан суды ішіп, тәуіп айтқан бұлауға түсу жеткілікті еді. «Ләббай, тақсыр!» дегеннен артық ләм демеген Ландри сол айтылғанды үйге жеткен бойда орындауға кірісті. «Жасарғаны сонша», екі сағаттан соң оның жансыз денесі су толы бұлауда «күлімсіреп» жатты. Солайша көзін ашқаннан жарнаманы жалау тұтқан аңғал азаматтың соңғы демі де сол сенімнің жетегінде көкке ұшқан… Бәлкім, тәуіп оның жанын қазіргі «тозақ ғұмырынан» солай құтқарған шығар? Яғни, Пьер Ландри дертінің емі тек тозған тәнді тастап «ұшып кетуде» ғана болды ма…
Бірақ тіпті өлген соң да Пьер Ландри жарнамаға адал боп қалды. Алаяқ дәріхана қызметкерінің айтқанына имандай сенген ол өз мүрдесін «шірітпей сақтайды» деген табытқа салуды алдын ала өсиет қағазға жазып кетіпті. Марқұмның соңғы сөзін аяқ асты қылмайын деген қауым бірақ дәл мазар басына жеткенде кенет не күлерін, не жыларын білмей тұрды да қалды: әлгі табыт жер қойнына тапсырылмай жатып, қақ айрылып еді. Онсыз да бақытсыз, бақсыз ғұмыр кешкен Пьердің өлі денесі балшыққа етпеттей құлап, солайша сынған табыт пен жалаңаш дене топырақ астына бірге көмілді. Тағы да жарнама бойынша сатып алынған құлпытас та жарықтықтың көзі тірісіндегі үйіндей бір дауылдан қалмай жермен жексен болған…
Ел үшін, елдік идея үшін емес, жарнаманың бірінші де соңғы құрбаны Пьер Ландри болса-шы…
Орысша «Жертва рекламы» нұсқасынан
қазақшалаған Мәриям ӘБСАТТАР
25.01.2014 жыл
(1876 жылы жазылған)