Дәурен Қуат. Күнә 18+ (әңгіме)
Шартарапқа жайылып, шайқалып жатқан алып теңіз аспанға көтеріліп кетіп, қара жерге қайтадан қара жаңбыр боп құйылғандай ма дерсің: ұйытқып жел тұрса, әуеден сарқырап су төгіледі. Алматының көшелерінде автокөліктер жүзіп жүр.
Таңертең ғана күн ашық сияқты еді. Алатаудың иығына қалықтап кеп бір шөкім ақ мақта бұлт қонды да, түтіліп созыла берген. Алматының алаңсыз жұрты аяқты алшаң тастап, жұмыс орындарына жеткенше шулы қаланың үстінен ақ нөсер жүгіріп өтті. «Көшенің шаңын басып, ыстығын қайтартын болды», – дескен аптапқа қақталған қала тұрғындары. Енді, міне, тізеден көтерілген «көл-дарияны» кешіп, үйлеріне жетуге зар болып тұр. Бұндайда қоғамдық көліктің қарасы батады, ал қала ішінде жолаушы тасып табыс табатындар қызмет ақысын шарықтатып жібереді. Таксистер. Бұл да өзінше таксист. Ескі «Жигулине» мініп алып, ертелі кеш көшеден адам аңдиды. Бірін анда, бірін мында жеткізіп салып, қас қарая діңкелеп құжырасына оралады. Өзі де, кәрі жолдас «Жигулиі» де тозып біткен. Үйде науқас кемпірі жатыр.
Қазір қалада не көп, жүйткіген шетелдік жеңіл машина көп. Жұлқынған жастар. Көліктері де жұлқына жүйткиді. Жүрістен қала бастаған «Жигулидің» нәпақасын олар оп-оңай қағып кетеді. Бұған бұйыратыны сол – өзі қатарлы кәрі-құртаң, балалы әйел, бірлі-жарым қалтасы жұқа студент, сараң саудагер. Және, бәрі бұның қыжалатты жәйін жақсы білетін болса керек, барар жерінің жарты құнын айтып шіренеді.
«1-вокзалға» – дейді жолаушы. Бұл басын шайқап, 1-вокзалды алыссынған болады.
– Қанша бересің?
– Қанша сұрайсың?
– 700 теңге бола ма?
– Жоқ, 500 теңге.
«500 теңге қай жыртығымды жамайды, бірақ, қайтар жолда біреу-міреу кездесіп қалар, іле кетермін», – деп келіседі. 1-теміржол вокзалынан түскен соң жолаушы бүтін 10 мың теңге ұсынады.
– 10 мың теңгені ұсақтап, қайырымын қайтара алмаймын, шырағым.
– Менде ұсақ болмай тұр.
– Апыр-ай, ә, әмияныңның түбін қарап көрші, айналайын, майда-шүйде шығатын шығар?
– Шығады екен, шал, мә, 400 теңге. Басқа жоқ.
Қарт таксист түнеріп келген жолымен кері салады.
Ауа райының бүгінгі күрт құбылғанын, аспаннан нөсердің тоқтамай төгілгенін шал өзінше жақсылыққа жорыған. «Бұндай кезде Алматының астам, тәкаппар жұрты көлік таңдамайды, сұраған бағаңа оңай келіседі де, «тарта бер» дейді. Бүгін қайткенде жолым болар» деп күбірлейді ол жаңбыр шайған «Жигулиінің» терезесінен алға ұмсынып.
Алғашқы жолаушы ойдағыдай жолықты. Момышұлы көшесінің бойынан отырған жігіт «Достық» көшесіне дейін 700 теңге бермек болған. Межелі жеріне жеткен соң, тура 700 теңгені алақанына салып, рахметін айтып, түсіп қалды.
«Ал енді алып шахардың орталық көшесін сүзіп өтсе, 700 теңгеден де артық ақша ұсынатындар шығып қалуы мүмкін. Әлде, Достықты бойлап, төмен құлдилап, сосын, қайыра өрлгені жөн бе екен?»
Кәрі «Жигулидің» иесі осы бағытты құп көрген. Түнере түйілген қара сұр бұлттың баурынан сарылдап су төгіледі. «Жаңбыр деген жауатын еді, мынау әуеден ағып, құйылып жатыр, шамасы, аспанның қайсы бір тұсы ашылып, жыртылып кетсе керек» деп ойлады ол.
Асықпай «Жигулиімен» құлдилап келеді. Қазір анау аялдамадағылардың бірі емес, бірнешеуі келіп есігіне жабысары анық. «Ататай-ай, жеткізіп тасташы, апарып тасташы, сұрағаныңды берейін», – дейді олар. Әрине, бұл жеткізіп тастайды. Ақшаның соңына түсіп, құныққан дәнеңесі жоқ. Тек, әйтеуір, қара-құра бірдеңе тауып қайтса болғаны... өлместің күні. Жараған аттай жас кезі емес, бүгінгі тірлігінің әрі-бергісін түгендей түсіп, түбін ойласа, осы бір кәсібі дұрыс та болған сияқты. Әйтпесе, таңы атып, кеші батып болмайтын кәріліктің жыбырлаған күндерін қайтіп өткізер еді...
«Ә-ә, әне, әне, дегендей-ақ болды, қолдарын көтеріп, жанұшырып келеді. Тоқтайын, үстемақы, көлденең пайда тілеп не қылам, күндегі бағамен-ақ қажет жерлеріне апарып қоямын. Ал енді ат басын іркейін».
Сыралғы досы – көне «Жигулидің» тежегішіне табанын тіреген. Тоқтамады. Тежегішті қанша басса да тоқтай алмады. Шал сонда бір-ақ білген: ағып барады екен. «Жигулидің» бөксесі бұрылып аунап кете жаздады. Әйтсе де Құдай сақтады, қатты толқынға ұрынбай «Жигули» бір алып еменнің түбіне кеп тұмсық тіреді. Көше жайылған сел көтеріліп кетпесе, мына еменнің діңі пана болары анық. Қария Алматыда тасқынның қатты болатынын бұрыннан біледі. Егер анау таудан құлап ағатын өзендер өкіріп бас көтерсе бар ғой, бұны «Жигулиімен» аунатып әкетуі әбден мүмкін.
Сел машинаның дөңгелегін, бауырын соғып биіктеп келеді де, терезесін шайып кері қайтады. Аспан күркіреп, әлдебір алып адамдар таудан тас домалатып жүргендей күтір-күтір етеді. Шал темекі тұтатып кемпірін ойлаған, іле өзінің өкінішпен өтіп келе жатқан өмірін де ойлап кетті.
Кемпірі бұның қойнына кемпір боп кірген жоқ, әрине... Жастықтың қамсыз, мұңсыз, жауапсыз күндерінің бірінде табысыпты. Ұзаққа созбай бірден бас құрапты, болды. Жылдар өте сыз қабақ, үнемі тұлданып, ренжіп отыратын әйелге байланып қалғанын бір-ақ білген. Әйелі балағы қанап бала да таппады, не, бұның басына еркіндік те бермеді. Ал бұл бедеу қатыннан кете алмады. Өйткені оған жаны ашитын. Неге екені, үнемі жаны ашып тұратын. «Оны орта жолда қалдырсам, опасыздық істеген боламын» дейтін өзіне. Сол үшін үнсіз, жым-жырт өмір сүруге үйренді. Кейін, тіпті, еті өліп кеткен. Таңқаларлығы еңкейген шағында, егделіктен қарттыққа бет бұрғанда өзіне өзінің жаны ашитынды шығарды. Тоқ мықынын ойнатып, былқ-сылқ еткен бикештерді жетелеп, көшеде салқам күліп бара жатқан жігіттерге қызыға, қызғана қарайтын шал күрісініп жіберетін. «Ух, шіркін, жалған-ай!» Күрсінгенде кеудесін от қариды. Ойлап қараса, өмір осы екен деп, ырғын жұрттың ортасында ырық бағып жүре беріпті. Жүріп, жүріп келе жатып, жаңбыр суы шетке шығарып тастаған «Жигулиі» сияқты шоңқиып қалған түрі мынау...
Шал құнарсыз ойларға тізгін беріп, есіне түскен ескі күндерден есеп алып отырғанда, ымырт үйріліп, қас қарайған. Сабалақ ауыр бұлттарды айдап, ызғырық жел соғып, жаңбырға малшынған қаланы бүрістіріп тастады. Аялдамаларда адам жоқ, көше жүргіншілерден арылып қалыпты.
Мықшыңдап итеріп, жан далбасамен «Жигулин» жолға шығарған. Қасынан жарығы көз қарықтырған машиналар дабыл қағып, өте шығады.
Шал иі қанып, иленіп біткен әмиянының ішіндегі барын есептеп келеді. «Кешегіден 1300 теңге қалған. Әлгіндегі – 700 теңге. Сонымен 2000 теңге... үстіне 500 теңге қосса жетеді, соған қанағат».
Тепкілеп мінуге үйренген кәрі сүйек көк «Жигули» күрк-күрк жөтеліп жолға түскен. Шал үйдегі дертті кемпірін ойлады. «Бейшара, орнынан тұрып бір қасық қара суын іше алды ма, жоқ па?» Күйі кеткен ескі құжырасын ойлап және қамықты: «Іргесінен су жүгіріп кетпеді ме екен?..»
Көңілі түсі қашқан аспандай құлазып, уайым жетектеген қария үйіне асыққан, кенет, алдағы аялдамада бүрісіп, дір-дір еткен қызыл көйлекті қызды көріп қалды. Шалдың көзіндегі от әлі сөне қоймаған еді. Жолаушы тасуды кәсіп еткен тірілігінде ол, жанарының осы жылтына шүкіршілік ететін.
Қызыл көйлекті қыз қол көтеріп еді, қасына барып бір машина іркілді. «Әкетті-ау» деген бұл. Жоқ, машина сырғып кете барды, қыз қалды. Лып етіп оң жақтан «Фольксваген» шыға келді. «Осымен кеткен шығар» деді қызылы өшіп бітпеген бағдаршамға қарап қойып шал. Бағасына келсе алмады ма, ол да қызды қалдырып кетті. Жүрегі әнтек жиі қағып, қызыл көйлекті қыздың қасына тақағанда, «Жигулиннің» тежегішіне аяқ тіреген: «жаңбырға міленіп, әбден тоңды-ау, байқұс».
– Саина – Домостроительная, – деді қыз ауызы икемге әрең келіп.
– Отыра ғой.
Жолда қыз «машинаның пешін қосыңызшы» деп сұраған. Бұл пештің қызуын жоғары кернеуіне жеткізе көтерді. Иек-иегіне тимей дірілдеген бойжеткен бір аздан соң шашын сілкіп, бойын тіктеп отырды. Шал Желтоқсан көшесімен қуалап келді де, Төлебиге түсіп, қаланың ең шулы көшесі – Сайынды бетке алды. Міне, Байтұрсынов көшесінен өтті. Қала жайнап, жарқырап, қалыпты тіршілігіне қайта орала бастаған сияқты. Үлкен билбордтың бетіндегі жарнаманың жарығы шашырағанда, үнемі күңгірттеніп тұратын «Жигулидің» ішін жарқыратып жіберді. Қыздың бойына жабысқан көйлегі кеуіп, құрғап қалған ба, кепкен көйлектің омырау тұсы тебініп алыпты. Дертіп тұр. Ал Төлебидің Розыбакиевпен қиылысы бағана басына ілінген жарнамалардың базары ма дерсің, төңірек түгел жап-жарық: жарқ-жұрқ етеді, жанға рахат сиқырлы сәулелер айнала қашып, жымыңдап шақырады. Жаңа байқады: қыз артқы орындықтың тура ортасына жайғасыпты, көйлегінің шолақ етегі түріле түскен...
Шал салон ішіндегі айнадан көзін тайдырып әкетіп, өзін янаттай жөнелді: «Кәрі төбет, түрілген етекті ғана көрмей, ашқарақ көзің ашылып қалған тақымның арасын кезіп кетті-ау... Қызыл көйлек болған соң, әйел баласы қызыл тіз киім киеді ғой, сен соны да көріп үлгердің, кәрі азбан!»
Көз ойнап, көңілді бұзғаннан кейін шал байсал табуға тырысып: «Жастар, осы сендер қызық сөйлейсіңдер, – деп әңгіме бастаған, – үзіп-жұлып, орысша араластырып, былдырлап кетесіңдер. Жаңа «Саина» дедің. Дұрысы: «Сайын көшесі» ғой, айналайын. Сайын деген ақын атаң болған. «Айдар, айдар, ақ айдар» деген ақынның өлеңін білесің бе? Білмейсің, әрине!»
Сөмкесінен тарағын алып таранып, боянып, ретке келіп, сәнденіп отырған қыз үндеген жоқ. «Жигули» желдей есті. Кәрі кеудеге де кенеттен жел біткендей шал өзінің желпіне сөйлеп келе жатқанын білмеді.
Сайын мен Домонстроительный көшесі түйіскен тұсқа тоқтағанда қыз шалға: – «Сдачаңыз бар ма?» – деп 100 доллар ұсынды.
– Пәлее, – деді шал қалбалақтап, – бұндай мол ақшаға қайтаратын «ыздаш» біздің қалтада қайдан болсын? Бес жүз теңге болса, бере сала ғой?
– Жоқ, – деді қыз салон ішінде бөксесін бұрып тастап. Содан соң саусағының арасына қысқан доллармен шалдың мойнын қыттықтады. – Мен теңге ұстамаймын.
– Енді қайттік? Болмаса, түсе ғой, келетін жеріңе келдің. – Шалдың жаңа бір әзірде шайдай ашылған көңілін қайтадан тат басты: ескі құжыра, дастархан шетінде құнжиып қана отыратын ауру кемпір. Әмиянында 2000 теңге. Мына қыз 500 теңге бергенде ғой, дәрісін ала барар еді. Таңертең бұл қалаға шығарда: «Дәрім таусылды, дәрі ала кел» деген еді кемпірі. Дәрісі дәрмекханаларда – 2500 теңге тұрады.
– Мен теңге ұстамаймын, – деді қыз сөзін сабақтап, – мендегінің бәрі доллар.
Қыздың доллар қыстырған саусақтары шалдың алқымында ойнады. Шал шалқалап көзін жұмған. Қыз шал отырған орындықтың сыртынан артылып кеп, жүрегі атқақтай соққан кәрі кеудені құшағына алды. Демі жалын атады. Үлбірген сүйрік саусақтар алқымнан төмен кетіп, кіндіктің басынан қайтқанда шал күндізгі нөсер жер әлемді алып төгілсе екен, жаңбыр үзілмей жауа түссе екен деп тіледі ішінен. Содан ары қарай тәні балқып, сүйегі жік-жігінен айрылып, рахат күйге бөлене берген.
– Сен қайырымды жансың, – деді қыз сыбырлап, – егер бұл күнә болса, саған бұндай күнәға батуға болады.
...Дәрі алуға ақшасы жетпеген шал дәрмекханаға соқпай үйіне қайтты.