АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ ЖЕТІНШІ ҚАРА СӨЗІ

Oinet.kz 02-09-2020 695

ЖЕТІНШІ СӨЗ

Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.

Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?

Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Ой, тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсің!» – дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз.

Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.

Абай Құнанбайұлы.

ЖЕТІНШІ ӨЛЕҢ

Жас бала туғанында анасынан,

Оянар екі мінез санасынан.

Біреуі – ішіп, жемек, ұйқы болса,

Екінші – «неге?», «не?» деп, аласұрған.

Пендені ішіп, жемек қам қылады,

Санасы екіншінің жаңғырады.

Болғанда біріншісі – тән құмары,

Әрине, екіншісі – жан құмары.

Адамда арман бар ма орындалмас,

Сермедің қайсысына қолыңды алғаш?

Дүние сырын біліп, танымаса,

Ондайдан адамдыққа орын болмас.

Жан қалауы шықса егер құрығыңнан,

Пайда жоқ тәннің ұзын сырығынан.

Әзелде Жаратушы – адам жанын,

Хайуанның  үр жанынан ірі қылған.

Жаныңды жараласа тарпып кей сын,

Тәніңнің құлы болып тартып жейсің.

Зәуіде жанды тәнге бас ұрғызып,

«Кімнен-кім, ой, Тәңірі-ай, артық!» дейсің.

Таласып надандықпен тегіңде жоқ,

Жүресің кісілікпен көрінген боп.

Бұл күнде хайуаннан да жаман болдық,

Сәуле жоқ көкіректе, сенім де жоқ!

Әлібек Шегебай.

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ. СЕГІЗІНШІ ҚАРА СӨЗІ
ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА... АЛТЫНШЫ ҚАРА СӨЗ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу